Астанада мемлекеттік метрологиялық мекемелердің Еуразиялық ынтымақтастық комитетінің 20 мәжілісі болып өтті. Жыл сайын әр елде өтетін маңызды басқосу биыл еліміз елордасында өтіп отыр.
КООМЕТ – аймақтық метрологиялық ұйымы 1991 жылы еуразиялық аймақтық елдерде өлшем бірлігін қамтамасыз ету мәселелерін тиімді шешуге, ұлттық экономика ынтымақтастығын дамытуға және халықаралық саудада техникалық тосқауылдарды жоюға жәрдемдесу мақсатында құрылған болатын. Оған 18 ел, атап айтсақ, Армения, Әзірбайжан, Беларусь, Болгария, Германия, Грузия, Қазақстан, Қырғызстан, КХДР, Куба, Литва, Молдова, Ресей, Румыния, Словакия, Тәжікстан, Өзбекстан және Украина мүше. Бұл жолғы отырысқа АҚШ, Куба, Франция, Германия секілді елдер қатыса алмады. Оған Исландияда оянған жанартау себепші болып отыр. Ал еліміз КООМЕТ комитеті құрамына 1998 жылғы қарашадан бастап мүше. Комитеттің басты қызметтері эталондардың өзара сәйкестігіне жетуге, өлшеуіш аспаптарға және оларды метрологиялық бақылау әдістеріне қойылатын талаптардың ұйғарымдылығына, ұлттық өлшеу сертификаттарының баламалылығын тануға, метрологиялық қызметтің жай-күйі туралы ақпарат алмасуға, өзара метрологиялық қызмет көрсетуге жәрдемдесуге бағытталған. “КазИнМетр” РМК бас директоры Василий Михалченконың айтуынша, еліміздің метрология және стандарттаудың халықаралық ұйымдарына мүшелікке енуі үлкен мәртебе. Өйткені, Кедендік одақтың құрылуы, одан әрі бірыңғай экономикалық кеңістікке өтуге орай, отандық өнімдердің сапасы мен бәсекеге қабілеттілігі, олардың шетелдерде мойындалуы біз үшін маңызды. Сондықтан бүгінгі кезекті отырыс еліміз өлшеу құралдарының мүмкіндігін халықаралық деңгейге жеткізуге жасалған тағы бір қадам, деді ол. Біздің өлшеу мүмкіндіктеріміз енді әлем бойынша мойындалатын болады. В.Михалченконың айтуынша, Қазақстан өлшем мен көлемнің халықаралық ұйымына 52-ші мүше болып еніп отыр. Әлемдік рынокқа шығатын өнімнің сапасын анықтайтын мұндай құрылымдарға қатысу олардың жолындағы кезекті кедергілерді жоюға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Қазақстан сапа сертификаттарының шетелдерде де мойындалатын күні алыс емес көрінеді. Өйткені, сала бойынша Қазақстанда ғылыми мамандардың негізгі базасы қалыптасқан.
КООМЕТ жұмысына қатысқан елдер өздерінің калибрлеу және өлшеу мүмкіндіктерін халықаралық деңгейде дәлелдеу мүмкіндігін алуда. Ал бұл кез келген қызмет саласында өлшеу нәтижелеріне өзара сенім қалыптастыруға және халықаралық сауда, ғылыми-техникалық ынтымақтастық пен нормативтік құжаттамаларды әзірлеуге қатысты өте үлкен уағдаластықтар үшін техникалық базаны құруға әсер етеді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.