23 Сәуір, 2010

ЖАҢА ЖҮЙЕ САПАНЫ ТАЛАП ЕТЕДІ

684 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін
БІРЫҢҒАЙ ҰЛТТЫҚ ЖҮЙЕНІҢ КЕҢ ҚАДАМ БАСУЫ ҮШІН БАТЫЛ ҚИМЫЛ МЕН МЫҚТЫ ҰСТАНЫМ КЕРЕК, –ДЕЙДІ  ОБЛЫСТЫҚ АУРУХАНАНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ ИРИНА ШТЕЙГЕРВАЛЬД Облыстық аурухана бас дәрі­ге­рі­нің есігін егде кісі қақты. Қы­зы­ның жарақаты өте ауыр, Федоров ауданынан келіп тұр. Онда да аудандық аурухана, ауылда фельд­шерлік-акушерлік пункт бар. Ири­на Анатольевна Штейгервальд бас­таған дәрігерлер адам өмірі үшін жанталаса ұмтылды. Қатты жа­ра­қат онсыз да денсаулығы нашар қызды әлсіретіп жіберген. Түбірлі медициналық тексеру, қорытын­ды­лар жасау керек. – Аудандарда жетіспейтін лор-дәрігердің, кардиологтың көмегі қажет. Сондықтан науқасты об­лыс­тық ауруханаға орналастыр­дық. Енді сапалы емдеу біздің дәрігерлердің еншісінде, лажынша қысқа мерзімде емдеп, ауру бір­ша­ма айыққаннан кейін жалпы ағ­за­сын нығайтатын дәрі-дәрмектер ала­тын кезде науқасты күндізгі ста­ционарлық ем қабылдауға шы­ғарамыз, – дейді бас дәрігер Ирина Штейгервальд. Облыстық ауруханадағы бөлімшелердің бар­лығында да емделіп жатқан науқас жандарға дәрігерлер осы тұрғыдан шешім қабылдайды. Оның жұмыс кабинетіндегі үс­тел­дің үстінде 2009 жылы Астана­дан шыққан аурулар тізімі жур­на­лы жатыр. Онда бірыңғай ұлттық жүйе бойынша қандай ауруға ста­ционарлық, қандай ауруға күндізгі стационарлық немесе амбулато­рия­лық ем ұсыну қажеттілігі тайға таңба басқандай жазылған. Денсаулық сақтау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйе енгізілгелі бұл аурулар тізімі әр дәрігердің үсте­лінің үстінде жатады екен. – Халықта “көз қорқақ, қол батыр” деген сөз бар. Жылдың ба­сын­да бірыңғай ұлттық жүйе енгі­зі­леді дегенде басқа түгел дәрі­гер­лердің өздері де аңтарылып қалған едік. Әр адам дәрігерді өзі таң­дай­ды дегенді түсінбедік. Дәрігерлер жетіспей жатқанда қандай таңдау болады дедік. Жаңа жүйе нау­қас­тың мүддесі тұрғысынан жүр­гі­зі­ле­ді. Мұның мәнісі былай, ауру адам стационарлық ем алу керек кезін­де ол қайсы ауруханаға жатып, қай дәрігерге емделу керектігін өзі шешеді. Оған дейін бұрынғы жүйе сақталады. Адам аяқ астынан ауы­рып қалса мен ана дәрігерге қа­рал­ғым келеді деп, бірден ауру­ха­наға жетіп келмейді ғой. Қазір істі бастап кеткен біз бұл жүйенің мем­лекет бөлген қаржының орын­ды жұмсалуына, дәрігерлердің сапа үшін жұмыс істеуіне ықпал ете­тін тегершік екенін көріп отыр­мыз, – дейді Ирина Анатольевна. Бірыңғай ұлттық жүйені баста­ған облыстағы стационарлық ем­деу мекемелерінде жылдың алғаш­қы тоқсанының өзінде біршама нәтиже көрінді. Өткен жылдың осы мерзімінде барлығы 36 мың ауру стационарлық ем қабылдаса, биыл жыл басынан бергі үш айда олардың саны 31 мыңға төмен­де­ген. Оның керісінше стационарды алмастыратын ем қабылдағандар­дың саны өткен жылдың алғашқы тоқсанында 1900 адам болса, биыл жыл басынан бері олардың саны 9 мыңға жетті. Аурулардың тек об­лыстық ауруханада ем қабылдау ұзақтығы өткен жылғы 12 күн-төсек болса, биыл ол 11 күн-тө­сек­ке түскен. Бұл бас дәрігердің айтуынша ауруларды ауруханадан “қуу” емес. Қайта ем сапасының жақсарғаны болып табылады. Әрі адамдар да аурухана төсегінде та­ңыл­май, өзіне өзі келген кезде амбу­латорлық немесе күндізгі стационарда емін жалғастыруына мүмкін екенін түсінді. Бұл науқас­тың тәуір болып, ауруынан айы­ғуы­на үмітін арттырады, сонымен қатар, дәрігердің де жұмыс ауқы­мын жеңілдетеді. – Жылдың алғашқы аптала­рын­да жұмыстың техникалық си­па­ты басым, өте қауырт болды, – дейді Ирина Анатольевна. – Өйт­кені жаңа жүйе бойынша құжаттар толтыру уақыт алды. Сонымен қа­тар, аға буын өкілдері, үлкен кісі­лерге жаңа жүйенің ережелері мен шарттарын түсіндіріп бақтық. Мысалы, үлкен кісілердің көпші­лі­гінің жүрегі ауырады. Мәселен, бір кісі келді делік. Оны тек­се­ру­дің медициналық қорытындысын қарай келгенде ауруханаға жат­қызу­дың қажеті жоқ. Журналдағы тізім бойынша да жүрек ауруының әлгі кісі зардап шегетін түрі ста­цио­нарлық емдеуді керек етпейді. Осыны түсіндіргенде бізге келген қария ауруханаға алмады, маған көңіл бөлмеді деп байбалам са­ла­ды. Мұны біз оған түсіндіруден жа­лықпадық, оны күндізгі стацио­нарға жібердік немесе ол кісінің күнделікті келуі қиындыққа соқ­қанда жергілікті жерлердегі емхана дәрігерлері қызмет көрсетті. Облыстағы емдеу мекемелері­нің барлығы да жаңа жылға дейін бірыңғай ұлттық жүйеде жұмыс іс­теу­ге дайындық барысында аккре­ди­тациядан өтті. Денсаулық сақтау саласының материалдық базасын нығайту, жөндеу жұмыстарының уақтылы және тиянақты жүргі­зі­луі де осы мемлекеттік бағдарла­ма­ға дайындықты күшейте түскен болатын. Жақында облыстағы емдеу ме­ке­мелерінде дәрі-дәрмектің жетіс­пеушілігі туралы әңгіме болды. Дәрі-дәрмек түрлерін республика бойынша жалғыз қамтамасыз ету­ші СҚ “Фармацияның” үлгермей отырғаны да белгілі жәйт. Облыс­тағы емдеу мекемелері бұрынғы жа­сап алған қорларының арқа­сын­да әзірге тапшылықты сезініп отыр­ған жоқ. Дегенмен дәрінің тап­шылығы сезіле қалған күнде адамдар мұны бірыңғай ұлттық жүйе­нің кемшілігі деп түсініп қалуы мүмкін. Дәрігерлер оны жаңа жүйе кемшілігі деуге қимай­ды, уақытша қиындық санайды. – Өзіміз сұраныс берген дәрі­лер­дің 70 пайызына жуығын алған­быз. Қазір дәрі жөнінен де соншылақты “дағдарыс” бола қа­ла­тын жағдай жоқ. Жүйе енді ен­гізіліп жатқандықтан, оның қа­дамы­ның жүріп кетуі үшін емдеу мекемелері басшылары, дәрігерлер тығырықтан жол тауып, іздене бі­луі керек. Қармансаң қарап қал­майсың. Мысалы, мен бас дәрігер ретінде өзімізде жоқ дәріні басқа емдеу мекемелерінен сұрастыра­мын. Оларда бар болса уақытша қарызға аламын да өзімізге түс­кен­де қайтып беремін. Менен де дәрі сұрап өзге облыстардан теле­фон шалған әріптестерім болды. Уақытша қиындықты “Самарқан­ды су алды” деп желеулетпеу ке­рек. Игілікті іс қандай қиындық бол­са да өміршеңдігін көрсетеді. Көш жүре түзеледі, – дейді об­лыстық аурухананың бас дәрігері. Емдеу сапасын көтеруді басты бағыт етіп ұстаған денсаулық сақ­тау саласындағы бірыңғай ұлттық жүйенің келешегі мықты мате­риал­дық база бар жерде ғана бол­мақ. Облыста аудандық аурухана­лар­дың басым көпшілігі жөн­деу­ден өткізілді. Емдеу мекемелеріне ұзақ уақыт жөндеу жұмыстары жүргізілмеген болатын. Сондықтан осы салада атқарылған іс өте ауқым­ды. Қазір ауылдағы фельд­шерлік-акушерлік пункттердің өзі уақыт талабына сай сапалы жөн­делді. Онда ауыл адамдарына амбу­латорлық ем жасауға және ден­саулығын сақтау үшін профи­лак­тикалық жұмыстар жүргізуге толық мүмкіндік бар. Ауылдағылар бұрынғыдай емдеу мекемесінің аузында ілулі тұратын қара құ­лып­ты ұмытты. “Жол картасы” шең­берінде жөнделіп жатқан облыс­тық онкологиялық диспансердің, Рудный қаласындағы емхананың және Әулиекөл аудандық ауруха­на­сының жөндеу жұмыстары биыл аяқталады. Сонымен қатар, Қос­та­най қаласындағы облыстық ауру­хананың емдеу корпусының, облыстық қан құю орталығының, Рудный қаласындағы балалар ауру­ханасының жалғасып жатқан құрылысы да жыл аяғына қарай аяқталып, нысандар пайдалануға берілмек. Облыстық денсаулық сақтау саласы басшыларының айтуынша, үстіміздегі жылдың алғашқы екі тоқ­санында жаңа медициналық құ­рал-жабдықтар алынады. Об­лыс­тық аурухананың өзінде бір­не­ше ғылым кандидаттары, доктор қызмет істейді. Күрделі операция­ларды жергілікті жерде жасау үшін бұл аурухана ғылыми ізденістер орталығына айналып отыр. Мемлекет бөлген қаржы да жеткілікті. Тек соның тиімді иге­рілуіне атсалысуға деген талпыныс бар. Әр теңге орнына жұмсалғанда ғана сапа көрсеткіші де жақсара түсетіні әлімсақтан белгілі. Ал бі­р­ың­ғай ұлттық жүйенің темір­қа­зық етіп ұстанған бағыты – тек сапа. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. ҚОСТАНАЙ. АТЫРАУДА ДӘРІГЕР ЖЕТІСПЕЙДІ Жыл сайын өңір медици­на­сы­на қаржылай қолдау жасалынып ке­леді. Дәрігерлердің баспана мә­селесі де оң шешімін табуда. Ауру­ханалар мен емханалар осы за­ман­ғы медициналық жабдықтармен қамтылуда. Қазір облыстың меди­ци­на саласында 1250 дәрігер жұ­мыс жасайды. Бұлардың қатары был­тыр жоғары оқу орнын бітір­ген 20 дәрігермен толығыпты. Об­лыстық денсаулық сақтау бас­қар­масының бастығы Меңдіхан Өтеп­қа­лиевтың айтуынша, оның үшеуі өз еріктерімен Атырауда жұмыс іс­теуге ниет етіпті. Ал 17 жас маман арнайы жолдамамен келген екен. Бұлардың ішінде 4 маман Қызыл­қоға, Құрманғазы, Махамбет және Мақат аудандарында жұмыс жа­сау­да. – Біздегі басты проблема – дә­рігерлердің жетіспеушілігі. Қазір 340 дәрігердің орны бос тұр, – деді басқарма бастығы М.Өтеп­қа­лиев газет тілшісімен әңгімесінде. – Әсіресе, ауылдық жерлерде фти­зиатр, нарколог, психиатор, аку­шер-гинеколог жетіспейді. Осыған орай аудандық, қалалық емдеу орындарының бас дәрігер­ле­рі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік академия­сын­да жас мамандармен, оқу ор­ны­ның басшыларымен кездесуде. Мақсат – жастарды өңірде жұмыс іс­теуге шақыру. Мамандардың жетіспеуші­лігі­нен кейде дәрігерлерге өзіне ­қа­тысты емес ауру түрлерін емдеу жүктелетіні жасырын емес. Басқа амал жоқ. Бұл алыстағы ауылдарда жиі кездеседі. Ал облыс орта­лы­ғының өзінде білікті дәрігерлер жоғары жалақы төлейтін “Интер­тич”, “Медикер”, “Доктор плюс” се­кілді жеке клиникаларға ауысып кететін жайттар аз емес. Себебі, бұл клиникаларда мұнай компа­ния­ларына медициналық қызмет көрсететіндіктен, жалақы көп мөл­шерде төленеді. Басқарма басты­ғы­ның айтуынша, әлі де дәрі­гер­лер алатын жалақы көңілдегідей емес. Мәселен, ауруханалардың бас дәрігерлері 35000-50000 теңге ара­лығындағы жалақымен күн кө­руге мәжбүр. Жалақының төмен­дігі дәрігерлерді кейде ауруханаға емделуге келген қаржылы адам­дар­дың қалтасынан дәметуге итер­мелеуі мүмкін екендігін жоққа шы­ғаруға болмайды. Мұны бол­дырмаудың қандай жолы бар? – Алдымен, медицина сала­сында жұмыс жасайтындардың көзқарасы өзгеруі қажет, – дейді М. Өтепқалиев. – Себебі, заман өзгерді. Талап өзгерді. Бұрынғы әдіс­пен жұмыс жасауға болмайды. Қазір салаға мемлекеттің қаржы­лық қолдауы жақсарды. Маман дайындалып жатыр. Жаңа жаб­дық­тар алынып жатыр. Соған орай дәрігерлердің, медбикелердің жауап­кершілігі арттырылуы қажет. Елбасының талабы осындай. Бұл биылғы Жолдауда да нақтыланып, дәрігерлерге әсіресе, ана мен бала өмірін сақтауға баса мән берілуі қажеттігі міндеттелді. Осыған орай айтар болсам, былтырғы жылы бі­рінші тоқсанда 2 ана өлімі болып, 64 бала шетінеген екен. Биылғы бірінші тоқсанда ана өліміне жол берілмеді. Өкінішке орай, 59 бала­ның шетінегенін жасыра алмай­мыз. Сонымен қатар, өңірде ту­бер­кулезге шалдығу 6,7 пайызға азайды дегенімізбен, бұл сырқат­тың әлі де жоғары деңгейде қалып отырғаны рас. Мамандардың айтуынша, өңір­де бұл сырқатты бірден түпкілікті жою мүмкін емес. Дегенмен, алда­ғы 10 жылда 20 пайызға дейін азай­тудың мүмкіндігі бар. Ол үшін фтизиатор-дәрігерлермен қамту мәселесі толық шешілуі тиіс. Осы мақсатпен Алматы, Астана, Ақтөбе қалаларындағы медициналық оқу орындарымен келісілген жоспарға сәйкес жылма-жыл Атырауға жас мамандар келмек. Қазір өңір ме­ди­цинасы фтизиатор-дәрігерлер­мен 68 пайызға ғана қамтылып отыр. Жалпы өңірдегі ең көп кездесетін сырқаттар жеткілікті. Со­ның ішіндегі жастар жиі шал­ды­ғатын жүрек-қан тамырлары ауруларын емдеу үшін арнайы кар­диология орталығы ашылды. Қазір осы орталыққа Астанадан білікті хирургті шақыру, оның бас­пана мәселесін шешу қарасты­ры­луда. Сөйтіп, Алматы, Астана, тіп­ті Ресей қалаларына емделу үшін сарсылатын жұрт енді Атыраудың өзінде емделетін болды. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы.