Экология • 03 Наурыз, 2021

Залал көлемі – 1 млрд теңге

348 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Облыстық экология департаментінің басшысы Әлібек Бекмұхаметовтің мәліметіне сүйенсек, былтыр экологиялық заңнаманы сақтауға байланысты 83 тексеру жүргізіліп, 91 әкімшілік іс қозғалыпты. Соның ішінде 73 әкімшілік іске қатысты жалпы сомасы 96 017 000 теңгеге әкімшілік айыппұл түрінде қаулы шығарылды. Қоршаған ортаға келтірілген 1 млрд теңгеден астам залалды өтеу туралы 106 ұйғарым берілген екен.

Залал көлемі – 1 млрд теңге

– Былтыр «I санаттағы объектілер үшін мемлекеттік экологиялық сараптама қорытындысын беру» бойынша 252 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның ішінде 182 жобаға мемлекеттік эколо­гиялық сараптаманың оң, 57 жобаға эколо­­гиялық заңнама талаптарына сәй­кес келмеуіне байланысты теріс қорытын­дылар берілді. Сондай-ақ 13 жоба алдын-ала сараптамамен кері қайтарылды. «I санаттағы объектілер үшін қоршаған ортаға эмиссияларға рұқсат беру» бойынша 71 қызмет көрсетілді. 53 өтінішке қоршаған ортаға эмиссияға рұқсат беріліп, 15 өтінімге рұқсат беруден бас тартылды, – деді департамент басшысы.

Оның айтуынша, экологиялық заңна­маны бұзған 244 дерек тіркеліпті. Мәселен, «Теңізшевройл» ЖШС-не қатыс­ты эколо­гиялық заңнаманың сақталуы бойынша бақылау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Аталған компания тарапынан қоршаған ортаға лас­таушы заттар шығарындыларын, оның ішінде алау қондырғыларында газ жағу салдарынан нормативтен тыс эмиссиялар жүзеге асырылғаны анықталды.

– Осыған байланысты «Теңізшевройл» ЖШС-не еліміздің экологиялық заңна­масын бұзу нәтижесінде келтірілген залалды өтеу туралы 145 988 808 теңге, 60 985 880 теңге және 519 477 172 теңге көле­мінде нұсқамалар берілді. Алайда, «Теңізшевройл» ЖШС тарапынан жоға­рыда көрсетілген нұсқамалар ерікті түрде орындалмады. Сол себептен, департамент Нұр-Сұлтан қаласының сотына «Теңізшевройл» ЖШС-нен мемлекет кірісіне залалдарды өндіріп алу туралы талап арызбен жүгінді. Нұр-Сұлтан қалалық сотының 2020 жылғы 21 қазандағы және 2 қарашадағы шешімдерімен департаменттің «Теңізшевройл» ЖШС-не қатысты талап арыздары қанағаттандырылды, – дейді департаментттің баспасөз хатшысы Аслан Жеңісұлы. – Әрине, шетелдік инвестормен бірлесе компания соттың мұндай шешімдерімен келіспеді. Сөйтіп, департаменттің нұсқамалары мен сот шешімдерінің күшін жою, талап-арыздарды қанағаттандырудан бас тарту, жаңа шешімдерді қабылдау туралы апел­ляция­лық шағым берді. Бірақ Жоғарғы Соттың мамандандырылған сот алқасы «Теңізшевройл» ЖШС-нің апелляциялық шағымдарын қанағаттандырудан бас тартты. Сот шешімдері заңды күшіне еніп, «Теңізшевройлдан» жалпы сомасы 726 451 860 теңге көлемінде залалдар мемлекет кірісіне өндіріп алынды.

Қоршаған ортаға залал келтірушілер қатарында қоқыстарды белгіленбеген жерге тастау да жатады. Мәселен, ғарыштан түсірілген суреттер арқылы Атырау қаласы мен Махамбет ауданының аумағынан 484 қоқыс алаңы анықталды. Осыған орай атал­ған қалдықтарды жою жұмыстары жүргізілді.

– Анықталған аумақ шамамен 50 ша­қырымды құрайды. Қашықтан зондтау арқылы түсірілген ғарыштық түсірілімдер бұған дейін аталған әкімдіктерге жолдан­ғанымен, көрсетілген қоқыстарды толық­тай тазартпаған. Сол себептен, Атырау қаласы мен Махамбет ауданы әкімдіктерінің жауапты тұлғалары әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Облыс әкімі бекіткен ғарыштық мониторинг нәтижелерімен анықталған стихиялық қоқыс орындарын жоюдың кестесі жасақталды. Қазір қоқыс төгілген 484 орын толықтай жойылды, – дейді мемлекеттік экологиялық бақылау бөлімі­нің басшысы А.Насилов.

 

Атырау облысы