23 Сәуір, 2010

БАҒАНЫ АЙҚЫНДАУДАҒЫ ЖҮЙЕЛІЛІК

574 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Елордада Қазақстан Үкіметінің Өкілдігі мен “Нұр Отан” ХДП Инновациялық комитетінің ұйытқы болуымен “Бағаны нақтылаудағы өзекті мәселелер. Дағдарыс сабағы” деген тақырыпта дөңгелек үстел өтті. Басқосуға Ауыл шаруашылығы мен Экономикалық даму және сауда министрліктерінің, Бәсекелестікті қорғау агенттігінің, сондай-ақ, жетекші шағын және орта кәсіпкерліктің өкілдері қатысты. Басқосуды ашқан “Нұр Отан” ХДП хатшысы Сергей Громов “ба­ғаны нақтылау – барлық эконо­ми­ка­лық қызмет пен өндірістің “ба­рометрі” саналатынын, сол себепті бұл тек қана экономикалық қана емес, әлеуметтік мәселе екендігін атап өтті. Оның айтуына қарағанда, бұған дүние жүзі елдеріндегі түрлі әлеуметтік қақтығыстар мен түсі­ніспеушіліктер айқын дәлел бола алады. “Тұтынушы талабының қандай екені белгілі. Оларды тауар түрінің саналуандығы мен сапасының жо­ға­рылығы қызықтырады. Яғни, тұ­тынушылар бірінші кезекте тауар сапасының жоғары болуын талап етеді. Бұған қоса, әлеумет­тік жағы­нан аз қамтылған азамат­тарға ең қажетті тұтыну тауар­лары­­ның кез кел­ген түрінің қол­жетімді болуы айрықша маңызға ие. Ал бұл нарықтағы жағдайды реттеуді, оған мемлекеттің арала­суын қажет етеді”, деді С.Громов өз сөзінде. Сондай-ақ, ол азық-түлік рыно­гында ғана емес, сол тауарлардың сауда нүктелеріндегі қолжетімділігі мә­селелерінде де бәсекелестік тетігінің берік орнығуы айрықша рөл атқаратынын атап өтті. Бұл, әсі­ресе, ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы отандық азық-түлік өн­діру­шілер үшін айрықша мәнге ие. Осы орайда, билік партиясы ішкі және сыртқы рыноктағы жағдайды реттеу бағытында арнайы тұжы­рым­дамалық құжат қабылдауды жөн деп шешіпті. Аталған құжат сауда қызметі дамуының страте­гия­сын жүзеге асыруды мақсат тұтпақ. Сол арқылы мемлекет, тұтынушы және тауар өндірушілердің қызығу­шы­лығы мен ортақ қажеттіліктерін басшылыққа алмақ. Бұған қоса, ішкі және сыртқы рыноктағы азық-түлік тауарларының бағасын бақы­лау да айрықша назарға алынатын болады. Дөңгелек үстелде кезінде ба­ға­ны жүйелендіретін нұсқаулық­тар­дың кемшін түсіп жатқаны, ол үшін азық-түлік рыногындағы ба­ға­ны тұрақтандырудың тиімді тетіктерін жолға қою қажеттігі де айтылды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.