Руханият • 05 Наурыз, 2021

Ғылым әлемін әрлегендер

1074 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін

Ғылым жолы – ауыр жол. Себебі бұл асқан ыждағатты, зор ықыласты, сарқылмайтын күш-жігер мен мықты миссияны қажет етеді. Ал осындай жауапты жолды таңдау әйел қауымына жауапкершілік жүгін екі есе ауырлатқанмен бірдей. Содан да болар әлемнің бірқатар мемлекетінде ғылымдағы әйелдер саны аз. АҚШ, Еуропа және Аустралияның 38 еліндегі 541 университет пен ғылыми-зерттеу мекемелерінен алынған мәліметтер негізінде зерттеу жүргізілді. Cell Stem Cell ғылыми журналында жарияланған зерттеу қорытындысына қарағанда, доценттердің 42 пайызы, толық деңгейлі профессорлардың 23 пайызы ғана – әйелдер. Бірақ Қазақстанда соңғы уақытта ғалым әйелдердің қатары көбейіп келеді.

Ғылым әлемін әрлегендер

Ұлттық статистика бюросының дере­гіне сүйенсек, Қазақстанда Ғылы­ми-зерттеу және тәжірибелік-конструк­торлық жұмыстарды жүргізетін ғалым әйел­дердің үлесі 52%-ды құрайды. Шуақ­ты көктемнің мерейлі мереке­сінде тасты жарып шыққан гүлдей, нә­зік бол­мысының ішіне қайсарлығын жасыра жүріп жауапты жолда және ғы­лымды дамыту бағытында еңбек етіп жатқан әйел ғалымдардың бір парасымен таныс­тырғымыз келеді.

 

Қанатымен су сепкен қарлығаштай

Айым

Айымгүл КЕРІМРАЙМЕН ха­лық­ара­лық ғылыми журналдар құра­мына кіретін Scopus базасындағы бел­сен­ділігі арқылы таныстық. Ол – ба­за­­ның сарапшысы таратқан ақ­па­рат­та ай­тылғандай, өз саласында ең­ жо­ға­ры көрсеткіштерге ие ғалым. Әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің бакалавриатын «Жалпы физи­ка» мамандығы, Ұлыбританиядағы Sheffield университетінің магистратурасын «Энерго-инженерия» бойынша бітірді. 2018 жылы Қазақстандағы жылу жүйелерін декарбонизациялау бойынша Назарбаев Университетінде докторлық диссертациясын қорғап, PhD докторы дәрежесіне ие болды. 2018 жылдан бас­тап Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлт­тық университетінің «Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы» кафедрасында және «Физикалық-химиялық зерттеу әдістері мен анализі» орталығында постдокторантурада оқиды. Кейіпкеріміздің дәрежесі мен деңгейі туралы көптеген зерттеуді бірге жасаған әріптесі, ғы­лым метрикасымен айналысатын елі­­міздегі санаулы сарапшының бірі, про­­фессор Болат Кеңесов бізге берген ша­ғын сұх­батында:

«Айымгүл Қазақстан қалаларындағы атмосфералық ауаның ластануы және кедейлік проблемаларын зерттеумен, энергетикалық жүйелердің техникалық-экономикалық модельдеуімен, парниктік газдар шығарындыларын болжаумен айналысады. Web of Science деректер қорына енгізілген импакт-факторлық журналдардағы 10-нан аса мақала мен шолудың авторы, оның 4-еуі бірінші квартилден бастап ең беделді журналдарда басылған. Scopus мәліметтер базасындағы h-индексі – 7. 2020 жылы Айымгүл өзінің әріптестерімен бірге каран­тин кезеңінде Алматыдағы ауа­ның ластануы туралы мақала жария­ла­ды. Бұл – 2020 жылы ең көп сілтеме жа­салған Қазақстан мақаласы. Айым­гүл мұндай үлкен жетістікке өзі­нің білік­тілігі, дербестігі, ғылыми жұ­мыс­қа жауапкершілікпен қарауы, қиын­дық­тарды жеңе білуі, сондай-ақ сапа мен этика нормаларының нәтижесінде қол жеткізді. Айымгүл қоғамдық жұ­мыс­­тарда да белсенді. Біз Білім және ғы­­лым министрлігі жанындағы Жас ғалымдар кеңесінде бірге жұмыс істе­дік және ғылым саласындағы заң­наманы жетілдіру бойынша көптеген ұсыныс әзірлеуге қатыстық. Ол бұқаралық ақ­­­парат құралдарында бір­неше рет қазақ­стандық ғылым мен эко­логияның проб­лемалары жөнінде экск­люзивті баян­дама жасады. Меніңше, қазақ­стандық ғылым­ның бо­ла­шағы Айым­гүл сияқты мық­ты және бел­сенді жас ғалым­дардың қолында», деді.

Иә, отандастарының, әсіресе ауа­ның ластануынан түрлі созылмалы және қатерлі ауруларға шалдыққан алма­ты­лықтардың денсаулығын тілге тиек, зерт­теуіне арқау еткен кейіпкеріміз аза­мат­тық қоғамдағы озық ойлардың басты алаңына айналған TEDx Talks сахнасында:

«Мен не энергетик, не жылу желі­лерінің инженері емеспін. Бірақ жылу электр стансалардың (ЖЭС) қысты­гүндері жаз мезгіліне қарағанда, отынды көп жағатынын білуге жоғарыда аталған маман­ның бірі болудың қажеті жоқ. Мәселен, алматылық ЖЭС 2020 жылғы қаңтар айында 9 мың 500 тонна көмір жақты. Ал маусым айында жылытуға бар болғаны 5 мың тонна көмір кетті. Көп­теген ел көмірмен жылытудан бас тар­тып жатыр. Ғылыми-зерттеулерімнің нәти­жесінде мен «Ауаны ластайтын ең негізі фактор – көліктерден шығатын у­лы газ емес, жылыту жүйелері» деген қоры­тындыға келдім», деп еді. Ғалым өзінің ғылыми жұмысы арқылы мемлекеттің басты байлығы – халықтың өмірі мен денсаулығына атқамінерлердің назарын аударуды көздейтіндей. Содан болар, ол – бізге ертегідегі баланың бір тамшы қаны үшін қайсарлықпен қарыс­қан, отандық ғылымға қанатымен су сепкен қарлығаштай қыз.

 

Ерлік жолындағы жан

Айманн

Ғылымды таңдау – тәуекел, ғылым­ды жасау – табандылық, ал ғылым­ды коммерцияландыру – ерлік. Біз көбіне осы коммерцияландыруды қар­жы­ландырумен шатастырып жатамыз. Себебі сөз жүзінде ұқсас яки бала­­малас болғанымен, іске келгенде айтар­лықтай айырмашылығы бар. Қаржыландыру дегеніміз – жобаны жасап, одан бір нәтиже шығатынын көрсету үшін немесе қандай да бір тақырыпты зерттеп, содан қажетті қорытынды шығару мақсатында қаржылай қолдау көрсету. Ал коммерцияландыру – бұ­дан ауқымы кеңірек ұғым, ғылыми-тех­никалық зерттеулер нәтижелерінің негізінде бизнес құру, кәсіп бастау, оның жұмысын жандандыру деген сөз. Жемісін бірден бере қоймайтын және болашағы белгісіз ғылыми жобаларды кәсіпке айналдыруға қаржы тарту – ғылымға деген үміті мен күдігі аралас көзқарасы бар дәл біздің қоғамда ерлікпен пара-пар іс. 

Айман ӘШІМХАНОВА С.Аман­жолов атындағы Шығыс Қазақстан мем­ле­кеттік университетін үздік тәмам­дап, 2012 жылы М.Нәрікбаев атындағы КазГЮУ-ге «Халықаралық құқық» мамандығына магистратураға түсіп, оны бітірген соң «Болашақ» бағдарламасымен Англияға аттанды. Ұлыбританияның Reading университетінде «Мемлекеттік басқару (саясат)» бойынша білім алды. 2016 жылға дейін ол халықаралық менедж­­менттегі жұмысы барысында бірнеше үкіметаралық келісімдер (Испания, Кипр және т.б.) мен меморандум­дар жасады.

2016 жылы «Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет нәти­желерін коммерцияландыру туралы» жаңа заңды қабылдау аясында Айман Қазақстандағы алғашқы «Ғылымды коммерцияландыру» бөлімін басқарды. Ол Дүниежүзілік банкпен бір­лескен «Өнімді инновацияларды ынталандыру» атты ауқымды жобаға жетекшілік етті. Дүниежүзілік банктің кеңесшілерімен, Халықаралық ғылым және коммерцияландыру кеңесінің мүшелерімен бірге аталған жобаның бағдарламалық құжаттары мен гранттық бағдарламаларын әзірлеуге қатысты. Ол – құқықтық актілерді әзірлеу және жетілдіру бойынша түрлі жұмыс топтары мен кеңестерінің белсенді, сондай-ақ жыл сайынғы «Қазақстанның үздік өнер­тапқышы» сыйлығының комиссия мүшесі.

Кейіпкеріміз ғылымды дамыту жо­лын­дағы еңбегінде осы уақытқа дейін 10 млрд теңгеден асатын 200-ден аса ғылыми жобаны коммерцияландыруға атсалысты. Айман бүгінде ең маңызды істің басы-қасында жүр. Бұл – майдан­ның қайнаған ортасындағы қып-қы­зыл жалынмен бетпе-бет айқасумен тең тірлік.  Өйткені ол – арыстандай ақыр­ған алпауыт компаниялардың қар­жысына қатысты шешім шығаруға түрт­кі болатын құжатты, яғни ғылыми-зерт­теу жұмыс­тарына жер қойнауын пайда­ланушылардың 1% шегеруі мен бөлу механизмін әзірлеуге жауапты адам.

 

Періштелердің қорғаушысы

Халида

Періштелердің қорғаушысы. Осы сөзді оқығанда «Періштелерге де қор­ғаушы керек пе?» дерсіз. Иә, керек, бала­ларға қатысты немесе олардың өз ара­сында қылмыс көбейген қазіргідей кезде кішкентайларға қорғаушы қат­ты қажет. Сондай адам туралы са­наң­да іздеу басталғанда ойға бірден құ­қық қорғаушы, ғалым Халида ӘЖІҒҰ­ЛОВА келе қалады. Ол әлемге әйгілі Oxford университетінің магистрату­расын «Құқық» мамандығы бойын­ша бітірген. Кейін Англиядағы Лес­тер университетінің докторантурасында оқып, «Халықаралық құқық» сала­сындағы доктор дәрежесін алды. Көп­теген халықаралық ұйымдар мен қауымдастықтардың (Нидерландтағы Босқындар және көші-қон туралы құ­қық бойынша судьялар халықаралық қауымдастығының, Ұлыбританиядағы заң­гер ғалымдар, Әлеуметтік-құқықтық ғылымдар қауымдастықтарының, Бри­тан жоғары білім академиясының мү­шесі. «Deloitte» компаниясының салық заңгері, БҰҰ-ның заң кеңесшісі) белді де белсенді мүшесі. 

Халида балалар арасында әлімжет­тікті, оларға қатысты түрлі құқық бұзу­шы­лықтарды болдырмауды көздейді. Ол өзі­нің қолға алған Global Village School жобасын бізге сондай үлкен құлшы­ныспен, зор шабытпен түсіндірді. Оның сандуғаштың сыңғырындай үні жү­рекке жылы тигенімен, кесек сөздері санаңды серпілтіп тастайды. Әр идеясы мен оралымды ойынан балалардың бола­шағына деген алаңдаушылықты, ұрпаққа жанашырлықты айқын аңғаруға болады.

«Мен мектептегі әлеуметтік теңсіз­дікті оқушы кезімде көрдім. Бір елде тұрсақ та неліктен бірдей білім ала алмай­тынымыз туралы ойланатынмын. Өзім тұратын шағын Текеліден (Алматы қаласының маңындағы кент) алысқа ұзап, еліміздің басқа қалаларындағы жағдайды ғана емес, өзге елдерде қандай екенін көргім келді. Сөйтіп бір сыныпты шетелде оқуға мүмкіндік беретін оқушылар алмасу бағдарламасы бойын­ша халықаралық грантты иеленіп, 16 жасымда Америкаға аттандым. Сол 1-ақ жылдық оқу маған көп нәрсені тү­сіндірді, көзімді ашты, тіпті есейтіп жіберді. Мен мүлде басқа әлемді көрдім. Содан бері өзімді осы жолға дайындадым. Балалар арасындағы әлімжеттік, буллинг, зорлық-зомбылық көрсету, педагогтің қол көтеруі... Мұның себебі неде? Біздің мектептер Кеңес кезеңіндегі ав­торитарлық жүйеде қалып қойған. Сондықтан да балаларды түк білмейтін надан санап, оларға жоғарыдан қарауды қолай көретіндер көп. Біз балаларды осы жүйеден қорғап қалуымыз керек. Докторантурада оқып жүргенімде Лестер қаласындағы Medway Community Primary School бас­тауыш мектебінде сабақ бердім. Оларда оқушылар мұға­лімнің өзіне дос, ақылшы екенін біледі. Қателесуден қо­рық­пайды, өйткені қате­лессе мұғалім­нің көмектесетініне, ақыл айтатынына, жол көрсететініне көзі жет­кен. Біздің ба­ла­лар да сол шетелдік оқу­шылардан бірде-бір кем емес. Тек оларға жағдай жасау қажет. Бұл үшін біз «Болашақ» бағдарламасымен және өз күшімен әлемдегі беделді оқу орындарында док­торантурада оқып келген жас­тарды ауылдық мектептердің кеңесші қызметіне тартамыз», дейді кейіпкеріміз.

10 жылға жоспарланған жоба бойын­ша білікті мамандар бір-біріне жақын орналасқан 3 ауылдық мектептің бас­шыларына авторитарлық жүйені жою бағытында кеңес береді. Жоба негі­зінен ауыл балаларының сапалы білім алу құқығын шектемей, қаладағы құр­дастарымен бірдей ілім жинауына жағдай жасауға негізделген. Онда педагогтерге балалардың құқығын таптамау, дұрыс қарым-қатынас орнату, бейбіт жол­мен білім беру, ұрып-соқпау, балалар арасындағы әлімжеттікті болдырмауға қатысты нақты шаралар қолданылады. Білім беру саласының жаңа жүйеге бейім­делгісі келмейтін мамандарына ауыл­дан түрлі кәсіп ашуына көмектесіп, жұмыс тауып береді. Ауылдың әлеуетін көтеру от­басындағы, кейін қоғамдағы түрлі проб­лемалардың алдын алады. Ал эко­номикалық тұрғыда еңселі жерде мамандар бағаланады, кәсіби кадрларға ғана орын бұйырады. Олар жас ұрпақты тәрбиелейді, тек білім беріп қоймайды. Міне, осындай идеяны жүзеге асыру арқылы Халида балалардың білімде де, өмірде де, қоғамда да тең дәрежеде болуы үшін, құқығының қорғалуы жолында жанталасып жүр.