Тарих уақытының күнпарағындағы қазіргі кезең – Жер ананың төсінде Бейбітшілік әлемін орнатуды аңыздай аңсаған тұс. Адамзат зеңгір көкпен таласқан шаттық шаңырағы астында сергек сеніммен тамаша дәстүрді ашық дамытуға бастайтын, тайталастардың орнына төзімділікті ұран ететін көшбасшы Тұлғаға зәру еді.
Таңдау Қазақ елінің перзентіне – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа түсті.
Оның себебі: төрткүл дүние тұрғындарын тәнті еткен Тұлғалық феномен. Тарихи уақиғалар барысына ықпал ету қабілетін берген тәңір жазуы. Әділ әрекет пен алғыр сананың сындарлы тоғысы. Демек, тұтас Қазақ елінің баянды бағы.
Ол бейне бір Прометейдей қараңғы түнекті сәулелендірер жарық ұсынды. Сөйтіп, мемлекеттер арасындағы сұхбат пен өзара сенім әлсіреген сын сағатта ортақ мүдделестікке бағыттайтын шамшырақ жанды. Әлемді билеген күңгірт күдік сейіліп, ақ шуақ үміт орнықты.
Жуырда Семейде Еуропа Парламентінің депутаты, ЕҚЫҰ-ның экология және қоршаған ортаны қорғау проблемалары бойынша жеке өкілі Струан Стивенсон біздің шақыруымызбен Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті студенттері алдында лекция оқыды. Саясаткер: “Қазақстандық лидер, сөз жоқ, Тұлға. Сондықтан, Қазақстан мемлекетінің төрағалық етуі тек сіздерге ғана емес, бүкіл әлем жұртшылығы үшін зор мәртебе. Өйткені, Нұрсұлтан Назарбаев жасампаз құрылысшы” деген бір пікір айтты. Жасампаз құрылысшы! Тұлғаның әлемдік деңгейде дараланған келбетін еуропалық парламентарийдің аузынан айтылған осы сөздің мағыналық жүгі ашып тұрғандай.
Небары 20 жылға толар-толмас уақытта Орталық Азияда қуатты Қазақстан мемлекетін құрды. Бабалардан келе жатқан сан ғасырлық ұлы арман – Тәуелсіздікті орнатты. Жай орнату емес, түрлі ұлттар өкілдерінің Отаны атанған қазақ жерін бірлік пен берекенің, ынтымақ пен ізгі ниеттің құтты мекеніне айналдырды.
Қайыспас қажырын елдік намыс рухымен қатар ұштап, алмағайып қиын кезеңде егемен елдің көк байрағын жалаулатқан Тұлғалық қасиетті неге ұлықтамасқа?! Осы орайда оқу-ағарту саласының қызметкері ретінде ой туындайды. Ертеңді күтпей, дәл бүгіннен бастап ел қорғаны болар ерлікті, отансүйгіштікті жас ұрпақ санасына Елбасының жеке мысалында сіңіре білуіміз қажет. Неге десеңіз, ұлт қамқоршысы бойындағы шынайы жанашырлықты Президент тұлғасынан көреміз. Әлем ұлтты, халықты ұлт тұлғалары арқылы танып біледі. Ал қазақ ұлтын әлемге танытқан – Нұрсұлтан Назарбаев. Жалпы қоғам тарихи тұлғаның рөлін ешқашан жоққа шығармайды. Біз ұлт басшысын қастерлеп, құрметтеуді әлемдегі өркениетті елдерден үйренсекші. Тіпті, тегі бір туысқан түрік халқының өзінде Анадолыда алғаш жаңа түрік мемлекетінің негізін қалап, құрушы Мұстафа Кемал Ататүрік есімін мәңгілік ұлттық мақтанышқа айналдырған. Олай болса, әлем бейбіт өмірдің сенімді кепілі ретінде танып отырған Президентіміздің өнегелі ісінің, кісілік келбетінің бүгінгі жастарымызға үлгі етуге бағытталған тәрбиелік жұмыстардың тетіктерін іске қосу керек. Осы орайда Алаш көсемі Ахмет Байтұрсыновтың “Ұлым деген жұрт болмаса, жұртым деген ұл қайдан туады” деген даналық сөзі ойға оралады. Ұлттың көсемін құрметтегеніміз – халықты құрметтегеніміз. Ежелгі дәстүрге сүйенсек, қазақ ел басқарған ханын, дуалы ауыз билерін, қол бастаған батырларын, ғасырдан ғасырға дәріптеген халық. Жастарымыздың саяси-әлеуметтік белсенділігін арттыруды, білімді әрі зиялы азамат етіп тәрбиелеуді осы арнадан бастасақ игі.
БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунның Семей полигоны орнына арнайы атбасын бұрып келген жолында Қазақстан Президентінің орасан сынақ аумағын ғана жауып қоймай, ядролық қарудан ада аймақ құрған батыл әрекетін бүкіл әлемді ядролық қарудан құтқару үшін берік іргетас қалап берді деп бағалағаны баршаға мәлім.
Елбасымызға арнайы ізетпен “Жер жаһанға ядролық қарулануды тоқтатуға жар салуға Сізден лайықты лидер жоқ” деген ұсынысы қарама-қайшылықтардың алдын ала білетін дана Тұлғаға тағзымы деп бағалаймыз өз кезегімізде.
Ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаев арқылы Қазақстан да әлем жұртшылығы алдында бірегей позицияда айқындалды. Қазіргі заман тарихының аса күрделі кезеңінде ЕҚЫҰ-ға басшылық етуші ел ретінде Қазақстанның мәртебесі бұрынғыдан бетер жарқырай түсті.
Атап айтсақ, Мемлекет басшысының құрған бейбіт ел үлгісіне басқалар талпынуда. Соның бір айғағы – АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей Президенті Дмитрий Медведевтің өз мемлекеттеріндегі ядролық қару түрлерін анағұрлым шектеу жөніндегі шартқа отыруы.
Нұрсұлтан Назарбаевтың қаһармандық тұлғасы жайлы сөз қозғағанда осыдан жиырма жыл бұрын Семей ядролық полигонын жабудағы орасан еңбегін ұрпаққа насихаттауға тиіспіз. Абай, Мұхтар, Шәкәрімдей ұлттық ақыл-ойдың алыптарын өмірге әкелген ұлылар мекені, қазақ руханияты мен мәдениетінің орталығы Семей жері қырық жыл бойына жүргізілген сынақтар салдарынан экологиясы бұзылып, халық адам айтқысыз зардап шекті. Бір сәтте ешкімнің келісімінсіз ұлы ақын елі улы атом еліне айналды. 1949 жылдың 29 тамызында КСРО Семей полигонында тұңғыш рет ажал аждаһасы саналған атом бомбасын сынақтан өткізді. Бұл жойқын жарылыс Абралының Дегелең тауын тітірете теңселтті. Көкжиектен тосыннан жарқ етіп пайда болып, демде бұлттанып сейілетін “ғажап” саңырауқұлақ сұлбасын қызықтаған ауылдың талай қалқанқұлақ қара баласы айықпас дерт құшты. Сол себептен де, Төлеген досымның “Заман-ай” әні ядролық тажалдың құрсауында “мәңгілік бала бейнеде” қалған талай Ләйләлардың өкінішті өміріне арналған гимн деп есептеймін. Мектепте “Дүние жүзі тарихында” жазылған кішкентай жапон қызының сәуле ауруынан жазылуға деген үмітпен қағаздан мыңдаған тырналар жасағанын, тиісті санға жетпей өмірінің қиылғанын оқып, Кеңестер Одағы балаларының бақытты болашағына ондай кеселдердің кесір келтірмесіне ешбір күмәнсіз болып, ал өздерінің ядролық тажал апанында тұратыны қаперіне де кірмеді. Кеңес Одағының әскери-өнеркәсіптік кешенінің дамуына Қазақ КСР-інің тамаша үлес қосқанын мақтаныш етті.... жалған идеологиямен суарылған саналар.
Семей ядролық сынақ полигонында дерек көздері бойынша 40 жыл ішінде 500-ден астам сынақ жүргізілсе, оның 117-сі жер бетінде іске асырылды. Алғашқы ядролық жарылыс бүкіл дүние жүзіне Кеңес Одағының аждаһа қарудың монополисі екенін дәлелдесе, полигон маңындағы Абралы, Абай аудандары тұрғындарының өмірі мен денсаулығы құрбандыққа шалынды. 40 жыл бойы мың Хиросиманың күнін кешті. Алайда, олар оның бәрінен бейхабар еді.
1957 жылдары Алматыдан ғалымдар С.Балмұханов, Б.Атшабаров бастаған топ полигон маңындағы тұрғындардың денсаулығына зерттеу жүргізіп, радиациялық сәуле әсерінен болған ерекше дертке “Қайнар синдромы” деген атау берілді. Ғалымдардың болжауы бойынша иммундық жүйенің радиация әсерінен дәрменсіз күйге түсуінен қатерлі обыр жасушалары тоқтаусыз өсу қатеріне ие болады. Тағы бір қасірет психикалық тұрғыдағы аурулардың бой көрсетуі еді. Ақ қан ауруы (лейкоз) Қайнар, Саржал, Қарауыл, Долон, Знаменка тұрғындары арасында көбейді. Статистикалық деректерсіз-ақ айтарым, менің балалық шағым Дегелеңге іргелес орналасқан Саржал ауылында өтті. Қаршадайымыздан сол қасіретке куә болдық. Біздің ауылды ядролық жарылыстың эпицентріне орналасқан деп айтсақ та болады. Олай дейтініміз, Саржал жер үсті жарылыстары ұйымдастырылған жерден бар-жоғы 25 шақырым қашықтықта, ал жер асты ядролық дүмпулерінен 30-35 шақырым аралықта орналасқан. Осы ретте сол жарылыстардың арғы тарихына тереңдей бойласақ, адам нанғысыз зұлымдыққа тап боласыз.
Өз жерінде мылтықсыз майданның құрбандарына айналған халықтың денсаулығына іс жүзінде ешбір жәрдем көрсетілмеді. Оны айтасыз, дәрігерлерге радиация әсерінен болған аурулардың дұрыс диагнозын қоюға тыйым салынды.
Менің атамекенімнің маңдайына осындай қасірет таңбасы басылыпты. Бұл зобалаң біздің ауылдың ешбір отбасын айналып өтпеді... Тек алпысыншы жылдардан бері ғана бір ауылдан 500-ден астам адам ядролық сынақтың кесірінен қыршынынан қиылса, 150-ден астамы онкологиялық емханада жатып, жарық дүниемен қош айтысты. Ал қаншама адам өз-өзіне қол жұмсау қасіретіне ұшырады.
Қырық жылға тарта созылған жойқын алапат барысында 18 мың шаршы шақырымнан астам аумақта 470 ядролық және термоядролық жарылыстар жасалды. Оның 352-сі жер астында өткізілсе, 118-і жер үстінде ашық түрде сыналды. Осындай сынақтармен қабат Семей полигоны аймағында химиялық жарылғыш заттарды қолдану арқылы 175 жарылыс жасалып, олардың сұрапыл ядролық қуаты тексеруден өткізіліп, жергілікті халық денсаулығына адам айтқысыз зардап әкелді.
Семей полигонында жасалған бұл сынақтардың жалпы жиыны Хиросима қаласына тасталған атом бомбасынан 2,5 мың есе артық ядролық қуатты құрады. Кеңес өкіметі келмеске кеткен соң Қазақтан аумағында мұраға қалған уран өндірісі мен ядролық қондырғылардың мол қоры қалғаны белгілі. Нақтылап айтсақ, жаппай қырып-жоюға арналған 1216 құрлықаралық баллистикалық оқтұмсықтар, көп мақсатты стратегиялық “Ту-95МС” бомбалағыш ұшақтары, 1400 ядролық оқтұмсықтармен жабдықталған 104 “СС-18” құрлықаралық баллистикалық зымырандар болды. Бұл дегеніміз жер шарын бес мәрте жоя алатын әлемде ядролық арсеналы жағынан АҚШ, Ресей, Украинадан кейінгі төртінші орынды иеленгені тарихтан белгілі.
Бұл дегеніміз қатерлі ісікке шалындыратын қасірет ошағы қолдан жасалды деген сөз. Осындай сұмдықты көріп-біле отыра, КСРО әскери-өнеркәсіптік кешені аталған “құбыжық” темір тордың аржағындағы жергілікті халықтың әлеуметтік жағдайын назардан тыс қалдырды. Ажал аждаһасын ауыздықтауға бел буған қайсар тұлға болмаса, бұл қайғы-қасірет әлі де қаншама буынды шарпуы сөзсіз еді.
Қазақ жеріндегі осындай адам төзгісіз алапатты тоқтатып, тажалды тізгіндеуді жоғарыдан талап ету жайлы жан күйзелісі мәрт Тұлғаға бір сәт тыным бермеген.
Менің жазу үстелімнің тартпасында жатқан шағын кітап бар. Ол республиканың еңбек сіңірген қайраткері, бұрынғы Семей облысы обкомының 1 хатшысы болған марқұм Кешірім аға Бозтаевтың “Семей полигоны “Қайнар қасіреті” кітабы. Сол кездің шындығын былай деп жазыпты: “1988 жылдың ақпанында облысқа республика Министрлер Советінің Төрағасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев келді. Ол көптеген аудандарда, соның ішінде шалғайдағы және артта қалған аудандарда да болды, жұрттың қандай жағдайда тұрып жатқанын өз көзімен көрді, біздің әлеуметтік жайсыздықтарымызға енжар қарай алмады. Н.Ә.Назарбаев өз пікірін айтты: толық аумағында жұмыс істеп тұрған ядролық полигонның бар екендігі одақтық үкіметтің аймақ тағдырына араласуына құқық беруі қажет, осыған орай КСРО Министрлер Советінің арнайы қаулысын шығарту керек деді.
Республикалық үкімет басшысының қолдауы мен түсінуі бізді қанаттандырғандай болды. Біз бірден жұмысқа кірісіп кеттік те, кешікпей КСРО Министрлер Советінің Төрағасы Н.И.Рыжковтың атына хат дайындалды. Н.Ә.Назарбаев оған қол қойып, Н.И.Рыжковпен одақтық үкіметтің арнайы құжат қабылдауы туралы келісті”.
Бұл қаулы шығарылғанға дейінгі Одақ тарапынан жасалған қысымдардың сан түріне төтеп берерлік сындарлы да жүйелі саясат жүргізген тегеурінді Тұлғаның кемеңгерлігімен халық санасы оянды. Сол кезде қайраткер досы Олжас Сүлейменов үлкен қолдау көрсетті.
“Невада-Семей” қозғалысының дүниеге келген күні көз алдымда: 1989 жылдың қысында күні қазіргі белгілі қоғам қайраткері, сенатор Ғарифолла Есім бар, біраз жігіттер Алматыда біліктілік жоғарылату курсында оқып жүр едік. 28 ақпан күні Жазушылар одағының залында Олжас Сүлейменов күндей күркіреген айбынды дауысымен әйгілі Үндеуді оқыды. Сол кезде оның қасына әлде бір түсі суық адам жақындап барып, микрофонын сұрады. Әрине, бізді үрей биледі. Желтоқсаннан кейін ондай сезімнің болуы түсінікті гой. Бірақ, жаңағы кісі “осы залда үш жүз адам отырса, сыртта үш мың адам тұр. Сондықтан дыбыс күшейткіш қондырғыларды іске қосыңыздар, сырттағылар да естісін, – деді. Міне, қуатты халықтық қозғалыс қанат қақты. Оған серпін берген дегдар тұлғаның пәрмені еді. Халықтық толқулар сол жылға жоспарланған 18 жарылыстың он бірінің алдын алуға мүмкіндік туғызды. Жер-жерден полигонды жабуды мойнына алған “қайраткерлер” саясат аренасына ұмтылып, ұпай алғысы келгендер де табылды.
Бірақ, біз бүгін аса маңызды тарихи фактілерді қайталаудан тынбауымыз керек.
1989 жылғы 21 сәуір күні полигонда 50 килотондық жарылыс болды. Сөйтіп әскери-өнеркәсіп кешені нақты қоқан-лоққы көрсетті. Сол кезде “Семей ядролық полигоны туралы” Орталық Комитет Саяси Бюросының қаулысының жобасы шығады. Жобаға Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Г.В.Колбин қол қояды. Қазақ КСР Министрлер Советінің Төрағасы Н.Ә.Назарбаев халықтың шеккен зардаптарын жоюға қатысты мәселе көтерілмеген деп, жобаға қол қоюдан бас тартады. Қаулыға халықтың денсаулығын зерттейтін шаралар кешенін және арнайы ғылыми-практикалық конференция өткізу туралы тармақтардың енгізілуіне тас-түйін табандылықпен ықпал етеді.
Тәуелсіз Қазақ елінің іргетасы енді қаланып жатқан күрмеулі шақта Нұрсұлтан Назарбаевтың 1991 жылғы 29 тамыздағы №409 Жарлығымен Семей ядролық сынақ полигонын жабуы теңдессіз ерлікке бара-бар еді.
Бұл “Маған ары үшін жанын садаға ететін осындай текті халыққа, мені ұлым деп, перзентім деп төбесіне көтерген халыққа, арғы-бергідегі қазақ баласының бірде-бірінің пешенесіне бұйырмаған бақытты – толыққанды, тәуелсіз мемлекет құрудың басында болу бақытын бұйыртқан халыққа қызмет етуден артық ештеңенің керегі жоқ”, – деп ағынан жарыла аманат арқалаған мәрт тұлғаның толғанысы.
Осы Жарлыққа дейінгі жолда қаншалықты ерік-жігер мен мейлінше табандылық жатыр десеңізші! Бүгінде Семей полигонын жабу туралы Президент Жарлығының ядролық қарусыз ел мәртебесінің биігін белгілеген, адамзат дамуындағы бейбіт қоғам үшін жасалған бірден-бір батыл тарихи құжат екендігін төрткүл дүние түгел мойындап отыр.
Полигон зардабын жарты ғасырға жуық тартып, ядролық сынақтан пайда болған қайғы-қасіреттен бір сәт көз ашып, бас көтере алмай келген халық бұл хабарды зор ризашылық сезіммен қабылдады. Бұл шешім жер шарының миллиондаған адамдарына қуаныш сыйлады, адамзат баласының бойына ядролық сынақсыз азат әлем құруға болатындығы туралы сенім ұялатты.
Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қадамы империялық пасық пиғылды күйретіп, ядролық қаруды игеру арқылы жер жаһанға қожалық жасауға ұмтылған ашкөзділікке тоқтам жасауға болатындығын әлем қауымдастығына дәлелдеп берді. Жарты ғасырдан артық адамзат баласын біржолата жер бетінен жойылып құру қаупін төндірген жойқын қатердің алдына тосқауыл қойылды. 1992 жылдың 23 мамырында Қазақстан мемлекеті стратегиялық мақсаттағы жаппай қырып-жою қаруларын шектеу және қысқартуға бағытталған КСРО мен АҚШ арасындағы Келісімге сәйкес Лиссабон хаттамасына қол қойып, өз міндеттемесін қалтқысыз жауапкершілікпен орындады.
Бұл игі бастама әлем жұртшылығы тарапынан да қызу қолдауға ие болып, 1992 жылы Америка халқы АҚШ конгресін ядролық сынақтарды тоқтатуға мәжбүр етті. Осының соңын ала, 1995 жылы Тынық мұхиты аралындағы француз полигоны құрықталды. Ал 1996 жылы Лоб-Нор шөліндегі Қытай ядролық жарылыс алаңы да өз үнін өшіріп, халықаралық мораторий орын алды. Сонымен қоса кешегі КСРО-ның жарты ғасыр ядролық қалдықтармен улаған зардаптарын жою ауыртпалығы тек Қазақстанның ғана мойнына түскен жүк болып қалды. Осы ретте Семей ядролық полигоны зардаптарын толықтай жоюды кешенді түрде шешуге бағытталған мемлекеттік бағдарламасының аясында аймақтың инфрақұрылымын дамытып, шағын және орта бизнесті жетілдіруге баса назар аударылып, ауқымды шаруалар қолға алынып, өз нәтижесін беріп жатқандығын айтуға тиіспіз.
Жұртының тағдырына жан-жүрегімен күйген кемел тұлға ядролық қарусыз әлемді қуаттаған қадамымен жаһан жұртшылығын ізгілендіруге бағытталған жақсылықтың жаршысы болды. Өткен жылы Семей ядролық сынақ полигонындағы сынақтардың тоқтатылуының 20 жылдығына арналған салтанатта сөйлеген сөзінде Елбасымыздың 29 тамыз күнін жаппай қырып-жою қауларын жоюдың Бүкіләлемдік күні деп жариялау туралы мәлімдемесі БҰҰ-да қолдау тауып, бұл күн “Халықаралық ядролық қарусыздану күні” болып белгіленді. Бүкіл әлемді бітімгершілікке шақырған Қазақстан лидерінің бүл әрекеті шартараптан Жер планетасының жарақатына шипа болар дәрумендей бағаланды. Өйткені, қазіргі таңда дүние жүзінде 41 мың 735 ядролық оқтұмсық сақталып отырғанын ескерсек, бұл қатер Жер планетасын жүз мәрте жойып қана қоймай, жалпы Күн галактикасының өзін тұтастай құртып жіберуге толықтай қауқарлы екендігін қазіргі ғылым дәлелдеп отыр.
Елбасы 2005 жылы Семейде Шығыс өңірі тұрғындарымен кездесу жиын өткізгенінде, сөз сөйлеу мәртебесіне ие болып: “Қырық жыл бойы ажал төккен Семей полигоны Сіздің тегеурінді күш-жігеріңізбен жабылды. Бейбітшілік жолындағы бұл еңбегіңізді бүкіл дүние жүзі жақсы біледі, мойындайды, бағалайды! Әлемде ядролық қаруды қолдап, полигон ашқан патшалар көп болғанымен, адамзат тарихында полигонды жапқан Президент тек Сіз ғана”, – деген едім. Арада 5 жыл өтер-өтпесте жаһандық қауіпсіздік мәселесіне арналып Вашингтонда үстіміздегі жылдың 14 сәуірінде өткен “Ядролық лаңкестік қатерін азайту және ядролық материалдың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұлттық шаралар” Саммитінде беташар сөз Нұрсұлтан Назарбаевқа, яғни адамзат тарихында ядролық қарудан бас тартқан тұңғыш елдің басшысына берілуі осы ақиқатты бекіте түскендей.
Осы Саммитте АҚШ Президенті Барак Обама Қазақстанды ядролық қарусыздану жөніндегі әлемдегі көшбасшы ел деп танитынын мәлімдеді. Бұл ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші мемлекеттің басшысына беріліп отырған лайықты баға.
Ядролық қарусызданудың тұғырнамасын алғаш жасаған Қазақ елінің жарқын үлгісіне деген ілтипатқа Саммиттегі әлемдік қауымдастықтың ортақ пікірлері де айғақ.
Тажал түнегін тұншықтырған Нұр Тұлғаның қайраткерлік әрекеті бір ғана Қазақ елінің жарқын келешегі үшін емес, барша жер жаһанның бүтіндігін ойлаған кемел де көреген саясатының жемісі екендігі сөзсіз.
Ерлан СЫДЫҚОВ, Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің ректоры, профессор.
ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ҚОЗҒАЛЫСТЫҢ КӨШБАСШЫСЫСЫЗ
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Павлодар облысындағы Ұлы Отан соғысының ардагері Мағау Сыздықовтан, Май ауданының Құрметті азаматы, атақты шопан Рақымжан Ыбыраевтан және Май ауданының Құрметті азаматы, жылқышы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Смағұл Құрмановтан жеделхат келіп түсті. Онда былай делінеді:
“Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы! Біз, Семей ядролық полигонымен шектес орналасқан Павлодар облысы Май ауданының тұрғындары, Сіздің 1991 жылдың 29 тамызындағы Семей полигонын жабу жөніндегі Жарлығыңызды зор қуанышпен қарсы алған едік. Осылайша, Қазақстан ядролық қарудан өз еркімен бас тартқан әлемдегі бірінші ел болып танылды.
Сынақ аймағында тұрғандықтан, көрген азабымыз аз емес. Сондықтан Вашингтонда өткен саммитте атом қаруын сынаудан зардап шеккен Семей сынақ аймағын қалпына келтіруге байланысты нақты ұсыныстар айтылуы болашаққа сенім берді. Сіздің адамзаттың дамуын қорғаудағы, халқы-ңыздың денсаулығын сақтаудағы қадамдарыңыз көңілге медеу болып отыр. Ядролық атом қаруына қарсы күрестегі дүниежүзілік қозғалыстың басшысы болып отырсыз. Салиқалы саясатыңыздың және үлкен беделіңіздің арқасында әлем қауымдастығының құрметті мүшесі атандық. Біз Қазақстанның осындай жетістіктерін мақтан етеміз”.
Жеделхаттарының соңында павлодарлық соғыс және еңбек ардагерлері Қазақ елі халықаралық деңгейде үлкен абыройға ие бола берсін, әлемде бейбітшілік орнату жолындағы істеріңізге зор табыс тілейміз, дейді.