Аймақтар • 12 Наурыз, 2021

Қызыл судан қауіп бар

193 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Күн райы күрт жылынып, қасат қардың көбесі сөгіліп кетсе, Қостанай облысындағы жүзге жуық елді мекенді тасқын су басып қалуы мүмкін. Табиғи апат қаупі төніп тұрған 95 ауылда 9 мыңға таяу тұрғын, 2 мыңнан астам үй бар. Мұның сыртында, өңірдегі автокөлік жолдарының 107 тұсы тасыған судың табанында қалуы ықтимал.

Қызыл судан қауіп бар

Облыстық төтенше жағдай қызметі қызыл судан келетін қа­уіптің алдын алуды қазірден бас­тап қолға алып жатыр. Қам­данған қапы қалмайды, биыл бюджеттен төтенше және шұғыл шығындарға арналған қорға 814 млн 330 мың теңге бөлінді. Қалалық, аудандық әкімдіктер 9 мың тоннадан ас­там инертті материалдар мен 52 мыңнан астам құм қаптарын дайын­дап қойды. Төтенше жағдай қызметінің 162,9 тоннадан астам жанар-жағармай қоры бар. Тасқын судың алдын тосып, арнасына қайта түсіру үшін 7 аудандағы өзендерде мұз жару жұмыстарын іске асыру жоспарланған. Облыста наурыз айынан бастап қардың қалыңдығы мен су тасқыны болуы ықтимал аумақтардағы жағдайды бақылауда ұстап отыратын ға­рыш­тық мониторинг жүргізіле бастады.

«Қазгидромет» филиалына қарасты гидрометеорологиялық бақылау және мониторинг бөлі­мінің бастығы Нина Витка­ло­ваның айтуынша, таяуда Тобыл, Обаған, Қарасу және Тін­туір өзен­дерінің бойында қар құ­ра­мындағы су мөлшерін анық­тау жұмыстары жүргізілген.

– Тінтуір өзеніндегі қардың құрамында 45 мм су қоры бар, бұл қалыпты норманың 72%-ын құрайды. Меңдіқара, Әулиекөл және Жітіқара аудандарындағы 18 метеостансада су мөлшерінің шамадан артық екені анықталды. Мәселен, Меңдіқара ауданындағы Михайлов ауылының маңында ылғал мөлшері 67 мм болу керек. Ал біздің мамандар бұл өңірдегі ылғал 130 мм екенін анықтап отыр, – деді Нина Виткалова.

5 ақпаннан бері ауыл-ауыл­ды аралауға шыққан ТЖД қыз­меткерлері мен қала және ауда­н әкімдіктерінің өкілдері тұр­ғын­дарға уақтылы қар шығару, су арналары мен арықтарды тазарту жайын ескертіп, су тасқыны бола қалған жағдайда қандай амал жасау керектігін түсіндіруде. Құт­­қару қызметі өкілдерінің ай­туынша, қызыл судан қауіп төнген елді мекендердегі тұр­ғындар эвакуацияланып, қора­дағы мал қауіпсіз аймаққа шы­ғарылады.

– Эвакуацияланған азаматтарды су басу қаупі бар аймақтан тыс жерлерге орналастыру үшін 192 уақытша пункт дайындап қойдық. Қауіпті аймақта қалған елді мекендерге азық-түлік жет­кізу жөнінде ниет-шарттар жасалды. Қажет болған жағдайда эвакуацияланған тұрғындар орналасатын жайлар, үй жануарларын айдап апаратын орындар анықталды. Аймақта көктемгі су тасқынына қарсы күрес шараларын жүзеге асыратын 1085 техникасы, 116 қайығы, 365 су сорғысы, 269 мотопомпасы бар жалпы саны 2 960 адамнан тұратын арнайы құтқару тобы жасақталды, – деді Төтенше жағдай департаментінің бастығы Біржан Кәрімов.

Департамент басшысының айтуынша, су тасқыны кезеңінде төтенше жағдай қызметі мен бар­лық азаматтық қорғаныс қыз­меттерінің апатқа қарсы бір­лес­кен штабы жұмыс істейтін болады.

 

Қостанай облысы