Биыл Қостанай облысы 5,2 млн гектар алқапқа дән сіңіруді көздеп отыр. Егіс алқабының басым бөлігін жылдағыдай дәнді, бұршақты дақыл алады. Ал 652 мың гектарға майлы дақыл егу жоспарланған. Ауыл шаруашылығы мамандарының айтуынша, биылғы көктемде майлы дақыл көлемі 12 мың гектарға ұлғаяды. Алқапты әртараптандыру жұмыстарын тиімді жалғастыру үшін диқандарды ынталандырудың жаңа тетіктері де қарастырылған. Биыл отандық өңдеу зауыттарына тапсырылатын майлы дақыл тұқымы субсидияланады. Бұл мақсатқа облыс бойынша 250 млн теңге қарастырылып қойған.
– Егістіктердегі дәнді дақылдардың үлесі әлі де басым. Алқаптардың 75%-ын дәнді дақыл алып жатыр, майлы дақылдар мен мал азығының үлесі – 12%. Осыған байланысты ауыл шаруашылығын одан әрі әртараптандыру мәселесі өзекті болып қала береді. Майлы дақылдарды, басқа да жоғары өнімді дақылдар көлемін ұлғайтуға мүмкіндік мол. Соған қарамастан, көптеген шаруашылықтар әлі күнге дейін тек бидай себумен ғана айналысып келеді. Аудан әкімдіктері жер ресурстарын ұтымды пайдалану, өңделетін дақыл түрлерінің тізімін кеңейту, егін шаруашылығына минералды тыңайтқыштарды енгізуді еселеу, суармалы егіншілікті дамыту бойынша жұмыстар жүргізуі қажет, – деді облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғауез Нұрмұхамбетов.
Көктемгі егіс жұмыстарына 23 мыңға жуық трактор, 1 мыңға жуық дән егу кешені, 22 мың тұқым сепкіш техника қатысады. Олардың 85 пайызы танапқа шығуға дайын тұр. Алайда диқандар өңірге жеткізілген 71 мың тонна жеңілдікті дизель отынын алуға әлі де асыға қояр емес. Осыған алаңдаушылық танытқан облыс әкімі өңірге жеткізілетін жанармай мөлшері сәуір, мамыр айларында еселенетінін, сондықтан шаруашылықтар қазірден бастап қимылдамаса, кейін қарбалас туып, дизель отынын үлестіру қиынға соғатынын ескертті.
– Біз облысқа көп жылдан бері жанармай жеткізумен айналысып келе жатқан сенімді операторларды сақтап қалуға тырысамыз. Қазір бізге жанармай жеткізіп бергісі келетін фирмалар көп. Олардан күн сайын өтінімдер келіп түсуде. Ең бастысы, бізге жанармайды мақсатты пайдалану мәселесі маңызды. Біздің қазіргі операторлардың облыстың барлық ауданында мұнай орталықтары бар. Сондықтан, жеңілдетілген дизель отынын алу диқандарға қиындық туғызбайды, – деді Архимед Мұхамбетов.
Мемлекеттік субсидия мәселесіне келсек, жылдың басында өңірге 31 млрд теңге демеуқаржы бөлінді. Сонымен қатар, «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы диқандарға 8,9 млрд несие қаражаты берілді. Ал «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» 8,3 млрд теңгеге ауылшаруашылық өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асыра бастады.
Қостанай облысы