Аймақтар • 29 Наурыз, 2021

Көнеден жеткен күнгей

496 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Шығыс халықтары Наурыз мерекесін бес мың жылдан бері тойлап келе жатқаны туралы деректер бар. Төл мерекеміздің шығу тарихын біреулер парсы патшасы Жәмшидпен, бірі Қыдыр атамен, енді бірі Үт құбыжығымен байланыстырады.

Көнеден жеткен күнгей

Қалай десек те, Наурыз – қазақтың ескідегі тұрмыс-салтымен тығыз байланысып жатқан шын мәніндегі ұлттық мейрамы. Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы бұл жайында: «Ұлыстың ұлы күні қазақтан артық қуанатын ел жоқ» дей келіп, «Малсыз қазақтың күні бар ма? Сол малын аман сақтау үшін қысқы аязда, ызғырық боранда бейнет шегіп, еңбек сіңіріп, малымен бірге жатып, бірге тұрып, бірге жүріп, бірге ығып, қыс қандай қысылса, жаз сондай жазылатын, жадырайтын, шаруашыл, еңбекшіл қазақ қыстың өткеніне, жаздың жеткеніне қалайша өзгелерден артық қуанбасын. Жаздың басы жаңа күн – Наурызды, қалайша мейрам етпесін?!» – деп түйіндейді.

Жаңа күннің, жаңа тіршіліктің бастауын білдіретін көнеден жеткен ұлық мерекеміздің тарихын қазіргі ғалымдар да ескі тұрмыс, ұлттық таныммен тығыз байланыста қарастырады.

– Шығыста ғылымның ерте дамығаны белгілі. Шығыс ғалымдары күн мен түннің теңелетін мезгілін наурыздың 21-інен 22-сіне қараған түн деп есептеген. Әрі қарай күннің ұзақтығы арта түседі. Осы уақытты жаңа жыл келді деп есептейді. Қазақтар наурызда ұзын сарыға сақтаған сүр етін асып, наурыз көже пісіреді. Ұзын сары деп отырғаны бұл – күннің ұзарғанының белгісі, күннің жылуы, шуағы артады, жаңа тіршілік басталады деген сөз. Міне, біздің Наурыз мейрамы осындай көне түркілік түсініктің негізінде қалыптасқан, – дейді филология ғылымдарының докторы Алмасбек Әбсадық.

Наурыз – сан алуан ұлысты жақындастырып, тұтастыратын шынайы жақсылық пен ізгіліктің, достық пен берекенің мейрамы. Наурызға қатысты мерекелік дәстүрлер – тарихи тамыры бір мұсылман халықтарының көбіне ортақ. Мысалы, белгілі айтыскер ақын Әлпия Орманшина қазақтар мен тәжіктердің наурыз тағамдарын даярлауында көп ұқсастық байқалатынын айтады.

– Әлі есімде, кішкентай кезімде біздің үйде екі қазан болды. Екі пеш, үстінде тақтай қақпағы бар екі үлкен қара қазан тұратын. Екіншісі – нан салатын қазан. Содан біреуі үйіндегі бидайын әкеледі, біреуі ақтаған сөгін, біреуі сүтін әкеп жатады. Жаңағы үлкен қара қазан сүт пен суға толады. Оған тұз, сақтаған сары майларын, тары, арпа,бидай үшеуін қосып салып, қойдың қиымен бір қайнатып алады да, отты бәсеңдетіп, қазанның қақпағын тас қып жауып тастайды. Ошаққа 21-күні қойған қазан, 22-күні бір-ақ ашылады. Ашып қарасаң, дәмі тіл үйіретін кілкілдеген бір тамақ шығады. «Апа, мұның аты не?» десем, – Бұл сүмәләк деген тамақ, – дейтін. Сүмәләк дайын болған соң, шарашаларын құшақтаған әр үйдің келіншектері келеді, апам үлкен нанқалақпен тамақ салып береді. Келіншектер оның бетін жауып, жып-жылы қалпында үйлеріне әкетеді. Менің анам сүмәләк пісіріп жатқанда, кезінде мыңбасы болған Қосжан атамыздың Биғали деген баласының Зияқан деген әйелі болды, ол кісіні Дәу әже дейтінбіз, сол Дәу әжем бар, Бұрыш әжем бар – бәрі жабылып, үлкен екі қара қазанға наурызкөже пісіріп жататын. Бұл наурызкөже де жаңағыдай үйді-үйге бөлінеді. Біздің үй үлкен болды, ауыл әжелері төр бөлмеге жиналып, бүкіл ауылдың бұзаулаған сиырының уызын бүйенге қатырып ортаға қойып, наурызкөже мен сүмәләктің қалғанын ішетін, – дейді Әлпия Орманшина.

Енді ақынның бұл сөзін Қостанайдағы «Шарқ» өзбек-тәжік ұлттық орталығының жетекшісі Эргашвой Холметов ағайдың сөзімен салыстырып көрейік.

– 20-наурызда әжелеріміз, аналарымыз, жеңгелеріміз – бәрі жиналып келіге бидай түйіп, ұшыратын. Одан кейін оған ұн, май, ет сияқты жеті түрлі тағам қосып қазанға салып, азанға дейін пісіреді. Сол түні ешкім ұйықтамайды, сырнай, тар, дутар сынды шығыстың саз аспаптарының әуенімен өлең айтып, би билеп наурыз шырайын аша түседі. Өлеңді жасы үлкен адам бастайды. Ара-арасында қазанды араластырып тұрады. Таңертең ас дайын болған соң, қазанның қақпағын ашып, пиалаға салып, адамдарға үлестіреді. Бұл ас сүмәләк деп аталады. Сүмәләкті бір ішкен адам бір жыл бойы ауырмайды екен. Бұл астың қалай дайындалатынын өз көзіммен көріп, дәмін татқанмын, сүмәләктің дәмі, осы біздің бал бар ғой, одан да тәтті болады, – дейді Ергашвой аға.

 Жалпы, Наурыз мейрамында өтетін ойын-сауық түрлері шығыс елдерінің көбінде ұқсас болып келеді. Бұл көне мәдениеті бір тамырдан сусындап жатқан халықтар арасындағы бауырластықтың дәлелі.

Наурыз тойдың бас тағамы – наурызкөже. Наурызкөже – молшылықтың, ырыс-берекенің белгісі.

– Наурызкөже – жеті қазынаның белгісі. Келесі жылғы наурызға дейін жеті қазынаң ортаймасын, бүлінбесін дегенді білдіреді. Наурызкөже – бірлік пен татулықтың белгісі, береке-ырыстың басы. Наурызда қардың астынан қылтиып бүр жарып шығатын гүлді наурызгүл деп атайды. Бұл гүл – көктемнің алғашқы белгісі. Мұның сыртында, қаратаған деген құс бар. Бұл – наурыз келерден бір күн бұрын ұшып келетін көктемнің алғашқы құсы. Менің атам Қирақайдың Ермағамбеті деген кісі еді, 104-ке келіп қайтты. Ол кісі киіз үйдің керегесін қайып, 62 уығын иіп, сықырлауық есігін салып, 97 жасқа дейін қолдан үй жасайтын. Сол атам: «Ау, қаратаған келіпті ғой, қазан көтеріңдер!» деп отыратын. Біздің аталарымыз қандай қиын кезең, тар заманда да наурызды тойлағанын қоймаған екен ғой. Кейін 1987 жылы наурызға рұқсат беріп, бірінші рет айтыс өтіп, керемет той болды. Сонда әке-шешелеріміз «Құдай-ау, наурызды ашық тойлап, Ұлыс оң болсын! – деп дауыстап айтатын күн де жеткен екен-ау!» деп еңіреп жылаған. Біз «Не пәлі, наурызға да жылайсыңдар ма?» – деп күлгенбіз, сөйтсек онымыз бекер екен. Наурыздың құны қымбат, құдіреті күшті екенін есейіп, ес жия келе түсініп жатырмыз ғой, – деді айтыскер ақын.

 

Қостанай облысы