24 Сәуір, 2010

ЕЛІМІЗДІҢ ӘРБІР АЗАМАТЫ

613 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРДЫҢ НЕМЕН АЙНАЛЫСЫП ЖАТҚАНЫН БІЛУГЕ ҚҰҚЫЛЫ Бір ғана Атырау облысында 100-ден астам шетелдік инвес­торлар тіркеліп жұмыс істеуде. Ал олардың немен айналысып жат­қа­ны, елге қандай пайда тигізгені, қанша салық төлейтіні, қаншама адам еңбек ететіні, оның неше пайызы қазақстандық екені, олардың еңбек ақысы жөнінде қарапайым халық түгілі, Пар­ламент депутаттары – біздерге де беймәлім. Еліміздің жоғары оқу орын­дарын бітірген жас мамандары­мыз өз тұжырымдамаларын алған мамандығы бойынша шетелдік компанияларға тапсырғанмен, жұмысқа орналасқаны жөнінде ешқандай мәлімет жоқ.  Бірнеше ай, тіпті жылдап жауабын күткен­мен, оң шешім болмаған соң, жас маман отандық компанияларды сағалайды немесе базар жағалап, жұмыссыздар қатарын толық­тырады. Шетелдік инвесторлардың жұ­мысын көп айта бермейміз. Мы­салы, Атырау, Маңғыстау об­лыстарының жұртшылығы “Қаз­МұнайГаз” ҰК” АҚ-тың  басшы­ларына өз сұрақтарын қойып, көптеген талаптарды алға тартып отырғанын біз жақсы білеміз. Ал осындай талапты біз шетелдік инвесторларға қойып жүрміз бе деген орынды сұрақ туындайды. Елімізде жұмыс жасап жатқан кез келген инвесторға заңды талап болса қоюымыз  қажет деп бі­ле­міз.  Сондықтан біздің бірінші сұрағымыз: “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ қыз­меткерлерінен 39 есе көп жалақы алатын ENRC (Машкевичтің Еуразиялық тобы), сол сияқты 20 есе артық жалақы алатын “Қа­зақмыс” АҚ сияқты компаниялар қызметкерлерінің еңбекақылары неге осынша айырмашылық құрайды. Соңғы кезде “ҚазМұнайГаз” ҰК” АҚ жөнінде көп айтылып жүр. Әсіресе, олардың еңбек­ақы­лары көп, қызметкерлеріне ерек­ше жағдайлар жасалған дегенді естиміз. Шындығында солай ма? Бүгінгі күні еліміздің мұнай са­ласындағы Exxon Mobіl, Лу­койл, Shell және басқа да шетел компанияларының менеджерле­рінің еңбекақысы “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы мамандары­ның еңбекақысынан әлдеқайда жоғары болғандықтан, кәсіби шебер мамандар басқа компания­ларға кетіп жатқаны анық байқалуда. Сондықтан біз Үкіметтен, “Самұрық-Қазына” Ұлттық әл-ауқат қоры” АҚ-тан ұлттық мұ­най-газ өндіру компанияларының еңбекақысы, әлеуметтік жағдайы біздің елде осы салада істеп жатқан инвесторлардан кем болмауын қадағалауды сұраймыз. Біздің ойымызша, еліміздің ұлттық компаниялары шетел инвесторларымен терезесі тең, жоғары дәрежеде болуы шарт деп санаймыз. Сонда ғана біз мұнай-газ саласында басқа елдермен тең жағдайда, өз байлығын ашық, халқымыз үшін, әлеуметтік жағдайларымызды жақсарту үшін пайдаланып жатырмыз деп сеніммен айта аламыз. Олай болса, қазба байлық өнді­руде жұмыс жасап жатқан ұлт­тық компаниялар мен шетел­дік компаниялардың басты мәлі­меттері (жалпы көлемі, еңбек ете­тіндер саны, оның ішінде қазақ­стандықтар саны, еңбекақылары, т.б.) жариялы болуы тиіс деп білеміз. Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Мәжіліс депутаты. ӨЗАРА ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ КӨРІНІСІ Әлемдік қоғамдастықтың жаһандану заманы алға тартқан талап-тілек үдесінен көріну – ел­дік мүддені арқалаған әр азаматқа парыз. Бұл ретте халық қалау­лы­ларына жүктелер міндеттің де өзіндік салмақ-жүгі ауыр екені ай­қындалып шығады. Осы орайда олардың жұмысын көрсететін бас­пасөз қызметінің журналис­тер­мен өзара тұрақты әрі нә­ти­желі байланыс орната білуінің маңызы жоғары. Бүгінде Парламент Мәжілі­сі­нің баспасөз қызметі мен “Еге­мен Қазақстан” газеті арасында әріптестік байланыс орнаған. Та­раптардың ортақ үнқатысу ала­ңын құруға ұмтылуы – көптеген екі жаққа да тиімді мәселелердің оң  шешілуіне ықпал етуде. Жақында Парламент Мәжілісі баспасөз қызметінің қызметкер­лері Сәуле Досжанова мен Ай­батыр Сейтақ 90 жылдық тарихты еңсерген “Егемен Қазақстан” га­зетінің жаңа ғимаратына арнайы  ат басын бұрды. “Егемендіктерді” қоныс тойымен құттықтай келе, олар жыл сайынғы қалыптасқан игі дәстүр бойынша журна­лис­терге наурыз көжеден дәм татыр­ды. Және де басылым журналис­терімен әріптестіктің нығая түс­кен­дігін қалайтындықтарын, бұл өз кезегінде  баспасөз қызметі мен газет жұмысын оңтай­лан­ды­руға сеп болатынын атап өтті. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.