Әдебиет • 05 Сәуір, 2021

Еңсеп жайлы енді бір ой...

2008 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Кекілбайұлының құдықшысы Еңсептің қазған құдықтарынан бөлек, образды түрде айтқанда, ең бірінші шыңырауы – оның құдықшы Қараш әулетінен шығуы. Мал бітіп, дәулет қонбаған кедей әулет құдық қазумен ғана күн көріп келген, атадан балаға мұра болып қалып отырған жалғыз жанбағар кәсіп те осы.

Еңсеп жайлы енді бір ой...

Екінші шыңырауы – өзін таба алмауы. Қараш әулетінің атакәсібі – құдықшы болуды жан-тәнімен қаламауы. Қаламай тұрса да, жазушы суреттегендей «ашаң, қара торының әдемісі, аттың құлағында ойнайтын, шырқау биік болмағанмен майда қоңыр даусы бар, әнді нәшіне келтіріп, тыңдаушысының құлағын кесіп алардай қып, қылқылдатып, ерекше бір назбен салатын» Еңсептің осы өнерді індете қуып, ізіне түсіп, өмір маңдайына көзотаға ете алмауы.

Үшінші шыңырауы – билікқұмарлығы. Ол әуелде осы өңірдің өктем адамы Бигелді болыстай болғысы келеді. Неге десеңіз, болыс «астында көк жона тоқым, күміс бас ер, көк мойнақ арғымақ; қолында – өзегіне күміс құйған, сабына алтын әшекей жүгірткен шашақты төрт өрме қамшы; артында – әр ауылдың пысықайлары. Байға қонып, мырзаға түстеніп, ел аралайды». Мұның бәрі жас Еңсепке жарқын өмірдің белгісіндей болып жалт та жұлт етеді, жанын баурайды.

Бірақ күндердің күнінде Бигелді болыстықтан түсіп қалады. Енді Еңсеп оны болыстықтан түсірген Шоңмұрын биге ұқсағысы келеді.

«Шүңірек көк көзінің шалғайына саулаған ащы терді шынашағымен қағып жіберіп, қайқақ төсіне төгіле құлаған жирен сақалды бір сипап қойып, есіліп сөйлеп отырады. Оның соңында да – айғыр топ қошеметші. Оның да еститіні – тек қолпаш».

Бала Еңсеп «осы бидей болсам, арманым болмас еді» деп тәтті қиялға беріледі.

Сондықтан да ол «ауылдың шетіне оқшау қонып ап, артқы үзігін ескі жабумен жамап, алдыңғы үзігіне алаша сырыған қырық құрау құрым үйдің оң жағына көрік құрып, шыжыған шілдеде сексеуілдің шоғына шыжғырылып отыратын әкесі Құлжандай» болудан зәресі ұшады, жаны азар да безер болады.

Төртінші шыңырауы – қошемет пен қолпашқа бой үйретіп алуы. Бұл мінез алғашқы бала күндегі армандарынан қалса керек. Қай жанды болсын қара құрдымына қарай тарта жөнелетін қошемет құрдымы Еңсепті де есен-сау қалдырмайды: «Қошемет-қолпаш атты аяр Еңсепті қара жердің астына талай рет тірідей түсірді. Ол әуелі құдық қазылып біткенде естіген ел-жұрт түгел қуанады екен деп ойлайтын-ды. Бірте-бірте ол ойының қате екеніне көзі жетті. Әр шыңырау біткен сайын алдына мал түссе, артына сөз еретінді шығарды». Бұдан былай Еңсеп кез келген қолқаға қолқ ете қалмайтынды шығарып, қолайына жақпаса, бергенін қомсынса қырсыға қалатын мінез табады. Алдына өтініш айтып келген кісінің атағы мен дәрежесіне, дәулеті мен дабырына, ер-тұрманына қарайтынды шығарған. Әрине бұдан кейін қолқа салушылар да азайып, «Еңсеп құдықты тек байларға ғана қазады» деген сөз де шыға бастайды. 

Бесінші шыңырауы – қызғаныш. Еңсеп былайғы жұрттан іргесін бөлек салған соң, қолқалап келген анау-мынау байдың өзінің меселін қайтарған соң, жұрт басқа құдықшы іздей бастайды. Дәл сол тұста қысастық қылғандай Хорезм жақтан Қалпақ деген бір жас жігіт көшіп келеді. Оның ер шабатын, жона тігетін және құдық қазатын өнері де бар болып шығады. Ел енді Еңсепті емес, Қалпақты айта бастайды.

Не керек, «ойбай, әлгі Қалпақ қазып жатқан шыңырау Үстірттің үстіндегі ең терең шыңырау болатын түрі бар. Қазірдің өзінде жүз қадамнан асыпты», «жүз жиырма қадам болыпты», «жүз отыз қадамға жетіпті», «Қалпақтың бабасы әулие кісі болған екен. Содан киелі темір қазық қалыпты. Сол қазықпен жер барласа, су шығатын жерге келгенде алақаны тартып белгі береді екен. Қалпақ судың көзін солай табады екен», «Өз көзімізбен барып көрдік, шыңырау жүз қырық құлаштан асыпты» деген әңгіме ел ішін гулетіп, Еңсептің де қытығына тие бастайды. Кезінде Еңсеп сағын сындырған Сағынай бай «Қалпаққа шыңырау қазған ақысына түйеге бастатып жүз елу тұяқ атапты» деген сөз бәрінің шегі болды.

Шыдамаған Еңсеп, іздеп барып Қалпақтың құдығын өзі көреді. Шынында ел айтқандай болып шығады. Еңсеп қайтқанда оған Қалпақ мүсіркей қарағандай, қолтығынан демегені аяушылық жасағандай болып сезіледі.

Алтыншы шыңырауы – даңққұмарлығы. Әлгі құдықты ел қазірдің өзінде «Қалпақ қазған» атап жүреді. Ал осы уақытқа дейін қанша құдық қазса да, Дәржан ағасы қазған құдықтар да «пәлен бай қаздырған», «түген болыс қаздырған құдық» аталып келгені Еңсептің еңсесін одан әрі баса түседі. Сондықтан да ол Қалпақтың құдығынан да терең шыңырау қазуға бел байлайды. Осы тұста Байсал байдың қолқа салуы да дөп келе қалғанын қарасаңызшы. Үстірттің үстіндегі ең терең, ең суы мол құдық қазуға кірісіп те кетеді.

Жетінші шыңырауы – үрейі. Ол әкесі Құлжанның сырқатқа душар болып, өз өңешіне өзі қамшы тығып, сонда да дертінен айыға алмай жантәсілім еткенін бала күнінде көрді. Ағасы Дәржанның құдық қазып, құм астына көміліп өлгенін көрді. «Құдықшының жалғыз серігі – үрей. Құдықшы неғұрлым көпті көріп, жер ортасына жақындаған сайын солғұрлым күдікшіл, неғұрлым құдықтың түбіне жақындаған сайын солғұрлым үрейшіл болыңқырайтын секілді» деп автордың өзі атап өткендей, Еңсеп ең соңғы құдығын қазып жатқанда, осы үрейдің құрбаны болды. Бір ғана үрейдің емес, біз санамалап өткен өз бойындағы жеті шыңыраудың құрбанына айналды.