Әдебиет • 05 Сәуір, 2021

Елге елеулі азамат еді

1592 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қасиетті Түркістан өлкесі – талай ғұлама ғалымдар мен ақын-жазушылардың, әулие-әнбиелердің, елді аузына қаратқан өнер адамдарының, әлемде теңдесі жоқ «қара күш иесі» атанған Қажымұқанның мекені болғаны әмбеге аян. Әлем мұсылмандары оны «Екінші Мекке» деп те атайды. Осы Түркістаннан түлеп ұшқан орта буын ақындарымыздың бел ортасында болуға құқы бар, бірақ республикамыздың көп оқырмандары біле бермейтін, тасада қалып қойған таланттың бірі – ақын Сұлтанқұл Сәметов дер едім.

Елге елеулі азамат еді

Ол 1936 жылы 18 тамызда­ Төлеби ауданында туып, 2005 жы­­лы жетпіске қараған жасында дү­ние­ден өтті. Қазанғап, Келімбет, Сатыпалды, Айнабек және басқа да халық ақын­дарынан көп үйре­ніп, Мұқағали Мақатаевты өзіне ұстаз тұтып, адамзаттың өмірі, оқу, өнер, білім жайлы тол­ғаулар да шығарды. Оларға елік­тегенімен, өзін­­дік қолтаңбасы, жаңашылдығы мен­мұндалап тұ­ратын.

Ол студент кезінің өзінде-ақ әдебиетке деген құштарлығымен көзге түсті. Біз білмейтін неше түр­лі кітаптарды, газет-журналдағы жаңа­лықтарды оқып, бәрімізді таң­ғалдыратын. Бір жолы орыс әде­биетінен сабақ беретін мұғалімге: «Атақты Салтыков-Щедрин министр де болыпты. Сол туралы кеңірек ай­тып беріңізші», деп сұрап, оны састыр­ғаны бар. Ол: «Қоңырау болып қал­ды, ертең айтып берейін», деп құ­ты­лып кетеді.

1961 жылы жаз айында Шым­кенттің металлургтер сарайында ұлы жазушы М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясы бойынша оқушылар конференциясын өткіздік. Мұның бас­таушысы Әбіш Байтанаев ағамыз. Бұл жылдары ұлы жазушы «Өскен өркен» романына материал жинау үшін оңтүстікке жиі келетін. Әбіш ағамыз осы орайды тиімді пай­­даланып қалды. Қазақстанның түкпір-түкпірінен Абай ұрпақтарын шақыртты. Мұқаң Шымкентке келсе, алдымен «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына, сосын біз­дің институтқа бас сұғатын. Сту­дент­терге жарты жыл бұрын тара­тылып бе­рілген баяндама тақы­рыптарын өзі қарап, қандай мәсе­леге көбірек көңіл бөлу керектігін өзі айтып тү­сіндіретін. Сондай кез­десулердің бі­рінде Сұлтанқұл ұлы жазушыға: «Сіз романда Қодар мен Қамқаны жазықсыз етіп көрсетіпсіз. Ал өмірде бас­қаша болған екен. Оны қалай тү­сінеміз?», деп сұрақ қойғаны бар. Мұ­қаң бізге бала-шаға деп қа­рамай, ол жайды егжей-тегжейлі тү­сіндірген-ді.

Ал конференцияның алдында үш мыңға жуық тыңдарманға Аме­рикаға барып келген сапары жайлы бір сағатқа жуық әңгіме айтты. Конференция аяқталған соң баяндама дайындаған студенттерді алып қалып, «Абай жолының» бір-бір кітабын ұстатып, автограф жазып бер­ді. Бірге суретке түстік.

Институтта оқып жүрген кезіміз­де бес жыл бойы бір кісінің баласындай болып, бірге жүрген дос­тарымыз Сұлтанқұл-Қалдыкүл, Бе­галы-Дариға, Сансызбай, Күл­ғай­ша, Алтынбек, Ергешәлі – бәріміз ем­тиханға бірге дайындалатынбыз. Төртінші курста осы достарымыздың қолдауымен мен Күлғайшаға, Сұл­танқұл Қалдыгүлге үйленді. Екі жыл бір үйде бірге тұрдық. Тұңғыш балаларымыз осы үйде дүниеге келді.

Оқырмандарымызды оның өмір жолымен толық таныстыру үшін бірге оқыған досымыз, кейін Оңтүс­тік Қазақстан облысының оқу-ағарту бөлімінде (облыстық мұғалімдер білімін жетілдіру институтының дирек­торы) қызмет етіп жүрген ке­зінде өзі алғысөзін жазып, «Қос ар­на» өлеңдер жинағының жарық кө­руіне тікелей атсалысқан Ергешәлі Мамыраевтың лебізін тыңдалық. «Сұлтанқұл Сәметов өзі туып-өскен ауылында, Төлеби ауданының ха­лық ақыны Қазанқап Байболов атын­дағы орта мектепте (бұл мектепті С.Сәметов 1990 жылдары ауылға әкім болып сайланған соң өзі мұ­­рын­дық болып салдырған-ды) жұ­­байы Қалдыкүл екеуі 9 бала өсіріп, 40 жылға жуық осы мектепте абыройлы қызмет етті. Осы жылдар ішінде ізденімпаз, еңбекқор, жаңалыққа жаны құмар ұстаз ретінде танылып, мектептің, өзі өскен ауыл­дың көркейіп өсуіне зор үлес қосты. Халық ақыны Қ.Байболовтың шы­ғар­маларын жинау, мектепте мұ­ражай ашу, ақын бейітінің басына ескерткіш қою – ол атқарған істердің біразы ғана. Ол ауылдағы үш-төрт жылғы әкімдігін халық игілігіне жұмсады. Ұйымдастыру қабілеті мол Сұлтанқұлға кезінде облыс басшылары тарапынан талай лауазымды қызметтер ұсынылды, бірақ олардың ешқайсысына ұстаздығын ауыстырмады. Әкімдіктен де бас тартты. Арманы – өлең жазу, сол арқылы жастарды ізгілікке, адам­гершілікке тәрбиелеу болды. Ол үшін өзінің сүйікті мамандығы – ұстаздық қыз­мет ауадай қажет еді. Себебі «Шын мұғалім түнде де оқып отыр, жақсы ойлардың өрмегін тоқып отыр. Ел­дің бәрі сыйласа бұл кісіні, ол кіш­кентай баладан қорқып отыр». Міне, ақындық тапқырлық!

Оның ұстаздық тәжірибесін Кеңес Ода­ғы кезінде Мәскеуден шыға­тын «Народное образование» жур­налы бүкіл Одақ көлеміне таратты. Төлеби ауданында тұңғыш рет Алтынсарин атындағы төсбелгіні де таққан – Сұлтанқұл Сәметов. Кө­зі тірісінде Сұлтанқұлдың екі өлең­дер жинағы («Қос арна». 1996 ж.,­ «Ұлым, саған айтам». 1999 ж.)­ Шым­кентте басылып шықты. Бала­ларына деген қариялық, әкелік ақыл-кеңесін өлең жолдарына былай түсіреді:

 

Арманым – сендер, бақытым,

Ақылмен өтсін уақытың.

Дүниеқоңыз болмаңдар!

Не керек лағыл, жақұтың...

Бақытты табу тым қиын,

Соғады кейде бір «құйын»...

Ұшырып кетіп жүрмесін,

Алдымен өзім «жұлқиын».

 («Ұлыма»)

Олар да осы жолдан таймай, әке­­лерінің ақылын тыңдап, тәр­биелі бала болып өсті. Тоғыз ұл мен қыз өмірден өз орындарын тауып, көктемгі гүлдей қаулап өсіп жа­­тыр. Бірақ бір өкініштісі – осы­­лардың бәрін дүниеге әкелген Қалдыкүл биыл бақи дүниеге аттанып кетті. Балаларының да, біз­дердің, достарының да арманы Сұл­танқұлдың өлеңдері үлкен бас­палардан басылып шығып, елі­міздің шартарабына кеңінен таралса екен дейміз. Өзі өскен ауыл­дағы бір мек­тептің, не көшенің атын берсе, құба-құп болар еді.

Бұл пікірімізді Түркістан облы­сының басшылары, сол елдегі әде­биеттің қызығына қуанып, шыжы­ғына күйіп жүретін інілерім Марха­бат Байғұт, Әлібек Шегебай секілді азамат­тар қуаттап, қаперіне алар деген ниеттеміз.

 

Тұрсынбек ЕШЕНҚҰЛОВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, жазушы, Халық ағарту ісінің үздігі