Ғылым • 08 Сәуір, 2021

Жас ғалымдардың жасампаз жаңалықтары

3709 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Тәуелсіздік жылдарындағы отандық ғылымның соңғы уақытта жеткен ең үлкен жетістігі аталған салаға жас мамандардың келуі болса керек. Өйткені олар шетелдік беделді жоғары оқу орындарынан алған білімімен, халықаралық өндіріс орындарынан жиған тәжірибесімен тың серпіліс ала келді. Қазақстандық ғылымның әлеуеті әлемдік аренада осындай жалынды жас ғалымдардың жаңалықтарымен және халықаралық рейтингтегі көрсеткіштерімен, өз саласындағы беделімен биіктей түсті.

Жас ғалымдардың жасампаз жаңалықтары

Тәуекелшіл буын

Бәріміз білетіндей, тәуел­сіздіктің алғашқы жылдарын­да елдің зиялы қауымы, соның ішінде ағартушылар мен ғалым­дар күнкөрістің қамымен базар жағалап кетті. Ал сол уақытта бұл буын келешекте егемен Қазақстанның дамуына еңбек ететін жастарды, өздерінің ізбасарларын дайындай алмады. Өйткені «өлі мен тірінің» ара­сында тұрған ғылымдағы қыз­метін жалғастырған жанкешті ғалымдар қолда барды сақтап қалуға ғана жанталасты. Тоқсаныншы жылдары ғылымға жаңа келген ғалымдар қазір орта буын болар еді. Алайда бүгінгі жас зерттеушілерді үлкен қадамға даярлайтын, зейнеткерлер мен жастардың арасында алтын көпір болатын сол орта буынның орны ойсырап-ақ тұр. Нақ осындай қалпына келу кезеңінде ғылымға бет бұрған жас ғалымдарды тәуекелшіл буын деуге болар. Бәлкім олардың бір-біріне деген жанашырлығын, біріне-бірі көмектескісі келіп, қолынан келгенін аямайтын қамқорлығын, күш біріктіруге даяр бірлігін нығайтуына да сол уақыттағы жағдай, нақты айтқанда өздерін жетектейтін, жетелейтін, жол көрсететін орта буынның тым сирек екені септескен шығар. Бірақ мемлекет тарапынан нақты қолдау көрсетілмесе де алға ілгерілеу болмас еді.

 

Жастарды шеттетпеген шарт

Жас ғалымдарға мемлекеттен беріл­ген ең алғашқы қолдау жас ғалымдарға арналған грант десек, одан бұрын шы­ға­рылған маңызды шешімді ұмыт қал­дырған болар едік. Елімізде жалпы зерттеушілер мемлекеттік грант ар­қылы күн көреді. Себебі жоғары оқу орын­дары мен ғылыми-зерттеу институттарында жалақы мардымсыз. Сол себепті олар өздерінің ғылыми жобаларын грантқа қатысу арқылы мемлекеттен қаржыландырады. Алайда жас ғалымдарға орын бұйыра бермейтін. Көбіне тәжірибесі мол, зейнетке жақын­даған немесе зейнетке әлдеқашан шы­ғып кеткен ғалымдар грант иеленетін. Өйткені олар конкурстың құжаттама­сын қалай толтыруды, қалай әзірлеген­де өтетінін, өте күрделі сараптама­дан сүрінбеу үшін қандай талаптарды ескеру керегін жақсы біледі. Ал сағы сынған жастар 3 жыл бойы келесі конкурс­ты күтіп жүрмей, мүлде басқа салаға кетіп қалатын. Өйт­кені оларға профессор, академиктер­мен қатар  үлкен конкурсқа түсу оңай­ға соқпайтын. Бір жағынан алып қарағанда, бұл ауыр салмақтағы боксшыны спортқа жаңа келген жасөспіріммен шаршы алаң­ға шығарумен тең сияқты. Міне, осы олқылықтың орнын толтыру мақ­сатында ғылыми жобаларға арналған барлық конкурстың құжаттамасына арнайы бір талап енгізілді. Осы шарт бойынша жоба оның қатысушылары құрамында 40 пайызға дейін 40 жасқа дейінгі жас­тар болғанда ғана өтетін болды. Бұл жас ғалымдарды шеттетпеуге ықпал еткен шарт болды.

 

Жоқтан бар жасайтын ғалым

Алайда негізгі қолдау бұл да емес еді. 2019 жылы елімізде Жастар жылы жарияланды. Міне, сол Жастар жылында Жас ғалымдарға арналған бөлек грант енгізіліп, 40 жасқа дейінгі отан­­дық зерттеушілер өз жобаларын зерттеуге және өндіріске енгізуге мем­лекет­тен қаржы ала алатын болды. Жас ғалым­дарға арналған грантты жеңіп ал­ған­дардың бірі – Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық уни­вер­ситеті жанындағы Физика-химия­лық зерттеу және талдау әдістері ор­та­лығының «Мұнайхимиялық синтездер» зертханасының аға ғылыми қызметкері Нұрболат Құдай­бергенов пен оның командасы. Н.Құдай­бер­генов­тің жетекшілігімен жас ғалым­дарға арналған грантты жеңіп алған зерттеушілер тобы алдағы 3 жыл бойы мұнай өңдеуден қалатын қажетсіз ор­га­никалық заттардан синтетикалық әдіспен хош иісті заттарды синтездеумен айналысады. Мұндай зерттеулермен Қазақстан ғылымында алғаш рет тек осы жоба авторлары ғана айналысып жатыр.

«Мұнай өңдеу зауыттарында жыл сайын қалдықтар жағылады. Сол қал­дықтардың құрамында органикалық зат – олефиндер болады. Біз осы олефиндерді бөліп алып, күрделі эфирлер шығаруға қолданамыз. Ал күрделі эфирлер парфюмерияда, хош иісті сусабындар, ауа тазартқыштар, иісмайлар, т.б. заттарды жасауда пайдаланылады. Бұл жоба идеясының авторы – менің ғылыми жетекшім, профессор Хаким Суербаев. Мен Хаким Абдрахимұлының соңғы докторантымын, ол 2017 жылы дүниеден өтті. Соңына біз секілді шәкірттерді тәрбиелеп, ізбасарларын қалдырып кетті. Сондықтан ұстазымыздың аманатындай болған жобамызды қаржыландыруға мүмкіндік бергеніне қуаныштымыз. Өйткені бұл жастарға үлкен қолдау. Бір ғана мысал айтайын, былтырғы жалпы конкурсқа 5 мың адам қатысты. Олардың ішінде профессорлар да, біз секілді қарапайым PhD докторлары да бар. Ал жас ғалымдарға арналған конкурста 600-ге жуық жоба болды. Міне, осыдан-ақ бұл гранттың жас ғалымдар үшін қаншалықты маңызды екенін көруге болады. Содан соң жобаның сметасын қатысушылар тобы, яғни жетекші өзі құратын болғандықтан, шетел­дік тағылымдамаға арнайы қаржы бөлдім. Көрдіңіз бе, грант жобаны қар­жыландыруға ғана емес, ғалымдардың ғылыми әлеуетін арттырып, әлемдік деңгейде кәсіби дамуына да жағдай жасайды», дейді Н.Құдайбергенов.

О

Бұл жоба іргелі зерттеуге негіздел­ген. Сол себепті Нұрболат жетекшілік ететін зерттеушілер тобы олефиндерден күрделі эфирлерді алудың тиімді технологиясын ғылыми тұрғыда негіздеп, жолға қойып береді. Ал әрі қарай инвесторлар табылып, Қазақстанда хош иісті химиялық өнімдер шығаруды жоспарласа, технологияны беруге және бірге жұмыс істеуге әзір.

«Мәселен, біз жобаны іске асыру барысында жемістердің немесе бір гүлдің иісін шығаратын күрделі эфирлерді алып береміз. Сол күрделі эфирлерді хош иісті өнім өндіруге қолданады. Қазақстанда барлық компоненттерін өздері синтездеп шығарып, хош иісті өнім өндіретін компания жоқ. Көп компоненттерін шетелден алдырады. Бірақ біз ғылыми зерттеуіміздің зертханада шаң басып қалып қойғанын қаламаймыз. Сол себепті командамызбен іргелі зерттеу болса да оның қолданбалыға айналып, яғни тәжірибеде қолданылуына барынша тырысамыз. Біздің жоба еліміздегі кәсіпкер қауымға да жаңа кәсіп ашуға серпін береді деп сенеміз», дейді Н.Құдайбергенов. Осыдан соң қалдықтан пайдалы дүние шығаратын оны «жоқтан бар жасайтын ғалым» десек жарасатындай.

 

Шаруалардың ақылшысы

Иә, жас ғалымдарға арналған грант өмірлік маңызы бар, елдің дамуына септігін тигізер іргелі зерттеулерге ғана емес, тәжірибеде адамзаттың игілігіне пайдалануға негізделген қолданбалы зерттеулерге де беріледі. Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеттің пост-докторанты, география PhD докторы Шахислам Лайсханов коман­дасын­дағы зерттеушілерімен бірге жүгерінің өсіп-өнуіне топырақ тұздылығының әсерін зерттеумен және дақылдың өнім­ділігін болжаудың ғарыштық әдісін әзірлеумен айналысады. 

Гг

«Біздің жоба картографиялаумен, геоақпараттық жүйелерді қолдану, ғарыштан түсірілген суреттерді пайдалану мәселелерімен тікелей байланысты. Ғарыштан түсірілген суреттерді пайдаланып, жүгерінің өсіп-өнуіне топырақ тұздылығының әсерін де зерттейміз. Бірақ біздің жобаның түпкілікті мақ­саты – дақылдың өнімділігін болжау­дың ғарыштық әдісін әзірлеу. Қара­пайым тілмен айтқанда, қай жерде қан­дай дақылды өсіру тиімді және ең ма­ңыз­дысы, өнімді болатынын бол­жау­дың ғарыштық әдісін табуды көз­дей­міз. Еліміздің оңтүстік аймақтары түрлі деңгейде тұзданған. Ал сол тұз­данған жерлерде ауылшаруашылық дақылдарының қай түрін ексе, қандай мөлшерде өнім береді? Міне, осы сұрақтың жауабын табуға қолданатын ғылыми әдіс көптеген шаруа адамына, кәсіпкерлерге керек екені анық», дейді Ш.Лайсханов.

Жоба жетекшісінің айтуынша, бұл ғылыми-зерттеу де 3 жылда іске асыруға бағытталған. Шахислам бастаған зерт­теу­шілер тобы алғашқы жылдары топы­рақтың тұздылығын анықтап, оның жүгеріге әсерін зерттейді. Олар Түркі­стан облысындағы Отырар ауданын зерттеу нысанына айналдырып отыр. Бұл да бекер емес, себебі дәл осы аудан­да ауылшаруашылық жұмыстарына су ресурс­тары жеткілікті, алайда тұз­дану проблемасы басқа аудандармен салыс­тырғанда ушығып тұр. Зерттеу барысында топырақ тұздылығының картасын жасайды. Ғарыштан түсірілген суреттерді алып, дешифрлейді.

«Ал үшінші жылы Отырар ауданын­дағы ауылшаруашылық жерлеріне геоэко­логиялық баға береміз және Кеңес өкіметі кезеңінде пайдаланылып, кейін қараусыз қалған, әсіресе тас­тан­ды, тың, тыңайған жерлердің ауылшаруа­шылық әлеуетін анықтаймыз. Сонымен қатар ауылшаруашылық фермерлермен және аталған облыстағы осы салаға жауапты басқарманың басшыларымен семи­нар өткізу жоспарланған», деп түсін­дірді Ш.Лайсханов. Осыдан ке­йін жас ғалымды фермерлердің, егін шаруа­шылығымен айналысатын барша шаруа адамының кеңесшісі, ақылшысы деуге болар.

Ғылым комитетінің дерегінше, жас ғалымдардың іргелі және қолданбалы зерттеулерін гранттық қаржыландыруға бағытталған 2 конкурстың нәтижелері бойынша 315 жоба іске асырылып, оған 2,5 мыңнан аса жас ғалым мен зерт­теуші қатысып жатыр. Мінекей, жас ға­лым­дарға бөлек грант тағайындау – ғы­лымға жаңа леп ала келетін жастарды қол­дау деген сөз. Бұл түптің түбінде отан­дық ғылымның бәсекеге қабілетті бола түсуі­не септеседі. Себебі ғылым деген­нің өзі – жаңалық ашу, жаңалық әкелу емес пе?!