Ғылым • 09 Сәуір, 2021

Ғылыми атақты диссертациясыз қорғайды

256 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Ғалымдар енді диссертациялық жұмыс жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алады. Ғылыми атақтан үмітті адам мұндай мүмкіндікке ие болу үшін бір талапты орындауға міндетті.

Ғылыми атақты диссертациясыз қорғайды

Бұл шешім ғалымдар мен зерт­теу­шілер, сондай-ақ сарап­шы­лардың көтерген мәселе­ле­рінен кейін бір жыл бойы талқыланып барып қабылданды. Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде осыған қа­тыс­ты «Диссертация жазбаса да ғалым бола ала ма? Бұл ғылымға қия­нат қой», деген мазмұндағы пі­кірлер айтылды. Бұған Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің facebook-тегі парақшасында: «Биылдан бас­тап, кейбір докторанттар диссертациялық жұмысты жазбай-ақ ғылыми атақты қорғай алатын болады. Бұл үшін докто­рант беделі мықты басылымда бір ауқымды шолу және Q1-Q2 WоS тізіліміндегі журналдарда кем дегенде екі ғылыми мақаласын автор ретінде және корреспонденция авторы ретінде жарыққа шығаруы керек. Бұл ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижесі мен сапасына қандай да бір нұқсан келтірмей-ақ зерттеу жүргізу мүмкіндіктерін едәуір кеңейтеді. Мұндай тәжірибе көптеген шетел­дік жоғары оқу орындарында бұ­рыннан қолданылып келеді. Дегенмен бұл балама әдіс ретінде пай­даланылады. Докторант бұ­рын­ғыдай өз қалауы бойынша дәстүрлі түрде диссертация жазып, зерттеу жұмыстарын қорғай алады», деп түсіндірді.

Ғалымдар арасында дис­сер­тациялық кеңестер мен ресми рецензенттердің жауап­кер­ші­лі­гі­не қатысты мәселелер де жиі қозғалатын. Өйткені бұрын дис­сер­тациялық кеңес үш жылға әрі тұрақты мүшелерден бекітілетін. Кеңес мүшелері қатарында ғы­лы­ми жұмыстың тақырыбы мен маз­мұнын жан-жақты мең­герген маман болмаса да, жа­зыл­ған диссертацияға қатысты шешім шығарылатын. Осыған қарамастан ғылыми жұмыстар қорғалып жатты. Министрліктің мәліметіне сүйенсек, ұлт­тық уни­вер­ситеттердегі диссер­та­ция­лық кеңестер 2019 және 2020 жылдары 266 жұмысты қарастырып, оның тек екеуін өткізбеген. Ал Білім және ғылым саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті соңғы он жыл ішінде 142 док­то­рантқа ғылыми дәреже беруден бас тартқан, яғни олардың диссертациялық жұмысы ЖОО қабырғасында қорғалса да, кө­ңіл көншітпеген. Шетелде дис­сер­тациялық кеңес әр ғылыми жұ­мыс бойынша құрылады және негізгі талқылауларды сол кеңес жүр­гізеді.

Міне, дәл осы түйткілдің де түйіні тарқатылғандай. Өйткені бұдан былай диссертациялық кеңестердің құрамы халықаралық тәжірибеге сай жасақталады. Бұл туралы министр А.Аймағам­бе­тов: «Докторанттың зерттеу тақырыптары әр алуан бол­ған­дық­тан, диссертациялық кеңес мүше­лерінің жартысы уақытша тағайындалады. Енді кеңес мүше­ле­рі, қорғау қорытындысы бойын­ша диссертациялық кеңес PhD дәрежесін беру (1), PhD дәрежесін бермеу (2), диссертацияны қайта қорғауға жіберу (3) немесе докторант жұмысын пысықтауға жіберу (4) сынды шешім қабылдай алады. Бұған дейін кеңес мүшелері тек екі шешімнің біреуін қабылдайтын еді. Бұған қоса, енді дауыс беруге ресми рецензенттер де қатысады», деді.

Сонымен қатар кез келген Қазақ­стан азаматы қандай дис­сер­тациялардың және оларды кім­дердің қорғап жатқанын біле алады. Бұл – ашықтыққа деген бетбұрыс. Ведомство бас­шы­­­сының айтуынша, ғылыми жұ­мысты қорғау процедурасы интернет желісі арқылы тікелей эфирде жүргізіледі. Яғни диссертацияны қорғау рәсімі толығымен ашық форматта өтеді. Сондықтан қызығушылық танытқан әрбір адам ғылыми-зерттеулермен та­ны­сып, докторанттардың жұ­мы­сына ашық пікір қалдыра алады. Сондай-ақ ғылыми атақ­тан үмітті азаматтар да диссер­та­ция­­сын онлайн форматта қор­ғауға құқылы. Мұны енді каран­тинің әсерінен енгізілген өзге­ріс деуге болар. Себебі пандемия кезінде Калифорниядағы Беркли университеті, Оксфорд, Кем­бридж, Гарвард, Сингапур Ұлттық университеті және басқа да оқу орындары алғашқылардың бірі болып диссертация қорғауды онлайн форматта өткізген еді. Демек, бұл да әлем бойынша кеңінен пайдаланылып жатқан тәжірибе.