Ғылым • 11 Сәуір, 2021

Ғылым – қоғамды дамытудың қайнар көзі

147 рет көрсетілді

Қазір бүкіл әлем, сол әлемнің бір бөлшегі ретіндегі біздің еліміз де жедел ақпараттандыру дәуірінде, қарқынды дамыған технологиялар ғасырында дамып келеді.

Мұндай жаһандық даму мен бәсекеге қабілеттілікке бастамашыл ғалымдардың ғылыми әзірлемелері мен жетістіктері, соны жаңалықтары арқылы қол жеткізетініміз ақиқат. Ғылымның дамуы елдің жалпы өркендеу деңгейінің, оның экономикалық әл-ауқатының, әлеуетінің артуына негіз болады. Қазақстандағы ғылымның жағдайы қандай, ғылымды дамыту және қазақстандық ғалымдардың беделін арттыру үшін қандай шаралар атқарылып келеді деген сауалдар қоғамды мазалайтыны рас. Осы ретте еліміздің Ұлттық ғылым академиясының президенті, академик Мұрат ЖҰРЫНОВПЕН әңгімелескен едік.

– Мұрат Жұрынұлы, Тәуелсіздік алғалы 30 жылдың ішінде отандық ғылымдағы өзгерістер, оның экономикамен байланысы, экологияны сауықтыруға, өнеркәсіп салаларын, мәдениетті дамытуға қосқан үлесі туралы айтсаңыз?

– Өмірдегі мызғымас аксиомалардың бірі – «Ғылым ешқашан жойылмайды» деген қағидат. Тек ғылым ғана прогреске жетелейді, тек ғылымның ғана биік мұраттары адамзаттың өзіне қызмет етуіне жол сілтейді. Жалпы алғанда, адам баласының шындықты білуге деген ұмтылысы ежелден қалыптасқан қасиет деуге болады. Мүмкін, ұлы мәртебелі табиғат адамды дәл осындай ақылмен жаратқан шығар. Алғашқы адам жер бетінде пайда болған сәттен бастап өзіне азық табуға, зілзаладан, табиғи апаттардан, жануарлардан, жауларынан қорғануға мәжбүр болды. Қоршаған әлемді, тылсым да құпия, жұмбақ құбылыстарды түсінуге деген құштарлық, барлық құпияларды ашуға деген ұмтылыс, талмас қызығушылық – мұның бәрі адамның шынайы болмысы. Сондықтан ғылым ешқашан жоғалмайды.

Алдымен Ұлттық ғылым академиясы тарихының маңызды кезеңдерін қысқаша еске түсірейік. 1932 жылы КСРО ҒА Төралқасы Алматыда КСРО ҒА қазақстандық базасын ұйымдастыру туралы шешім шығарды. 1938 жылы ол өкілеттіктері мен құқықтары күшейген КСРО ҒА-ның Қазақ филиалы болып қайта құрылды. 1946 жылы Алматы қаласында Қазақ КСР дербес Ғылым академиясы ашылды. ҰҒА-ның тұңғыш президенті көрнекті ғалым, геолог, КСРО ҒА және ҚазКСР ҒА академигі, Лениндік және Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты Қаныш Имантайұлы Сәтбаев болды. Жыл сайын атап өтілетін «Ғылым қызметкерлері күні» ғалымның туған күніне орай 12 сәуір күніне белгіленгендігі де тегіннен-тегін емес. Осы жылдың қазан айында дәстүр бойынша, ҚР ҰҒА өзінің 75 жылдығына арналған мерейтойлық сессиясын өткізуге дайындалуда, оған Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К.Тоқаев қатысады деп үміттенеміз.

АҚШ-та және Батыс Еуропа елдерінде белгілі бір елдегі ғылым салаларының дамуы бірінші кезекте оны қаржыландыру көлеміне байланысты бағаланады. Бұл мәселе біздің ғалымдарымыздың арасында аса қызығушылық тудырып келеді. 2018 жылғы ғылым бастан кешірген дағдарыстан кейін қаржыландыру көлемі ең төменгі деңгейге құлдырап, ІЖӨ-нің 0,12%-ына төмендегеннен кейін, Білім және ғылым министрі А.Аймағамбетовтің басшылығының, БҒМ белсенді жұмысының арқасында ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) қаржыландыру көлемі әлемдегі қаржылық және экономикалық дағдарыстан туындаған мемлекеттік бюджет тапшылығына қарамастан, жыл сайын өсіп келеді. Ғылымды қажет ететін өнімнің үлесі және ІЖӨ-нің жалпы көлеміне шаққандағы ғылымға арналған шығыстар білімге негізделген экономиканың негізгі көрсеткіштері болып саналады. Экономикасы дамыған елдердің көпшілігінде зерттеулер мен әзірлемелерге жұмсалатын ішкі шығындардың үлесі ІЖӨ-нің жалпы көлемінде шамамен 3,0%-ды құрайды. Мысалы, Швецияда – 3,8%, Финляндияда – 3,5%, Жапонияда – 3,44%, Оңтүстік Кореяда – 5%, АҚШ-та – 2,84% және Германияда – 2,54%. Бұдан әрі салыстыратын болсақ, Ресейде – 1,2%, Украинада, Әзербайжанда, Жаңа Зеландияда – 1,16%, Оңтүстік Африкада – 0,92%. Бұл ретте АҚШ-тың ғылымға жұмсайтын қаражаты әлемдік шығыстардың шамамен 40%-ын, яғни 511 млрд долларын құрайды. Екінші орында – Қытай 451 млрд, Ресей Федерациясы ондықты аяқтайды – 39 млрд. Біздің елімізде қабылданған индустриялық-инновациялық даму стратегиясына сәйкес ҒЗТКЖ-ны қаржыландыру көлемі 2025 жылға қарай ІЖӨ-нің 1,0%-ына жетуге, яғни 3-4 есе өсуге тиіс. Сондықтан қазақстандық ғалымдардың болашағы зор деп сенемін. Келесі жылы бұл көрсеткіш ТМД-ның көптеген алдыңғы қатарлы еліндегідей ІЖӨ-нің 0,7%-ына жетуге тиіс деп үміттенеміз.

– Жақында БАҚ-та Білім және ғылым министрлігін екіге, яғни ағарту мен жоғары білім және ғылым министрлігіне бөлу туралы ұсыныс жарияланды. Айтыңызшы, бұл ұсыныс қандай уәждерге негізделген?

– Біріншіден, бұл менің ұсынысым емес, сондықтан мен оны негіздеу туралы ойланған емеспін. Екіншіден, бұл менің ғылым мен білім алу «ілім» деп аталатын жидектің бір жемісі деген пікіріме қайшы келеді. Қазақ тілінде «ілім» деп аталатын ұғым аса кең мағынада қолданылады. Мен баспасөзде және баяндамаларымда «Мектеп – ЖОО – Ғылым» тізбегі бір-бірімен тығыз байланысты екенін бірнеше рет айтқан едім. Мектептерге арналған барлық жаңа әдістемелік құралдар мен оқу материалдарын ЖОО-ның педагогикалық кафедраларының ғалымдары ғылыми-зерттеулер негізінде әзірлейді, ал студенттер оқу практикаларының барлық түрлерін мектептерде өтеді. Сондықтан БҒМ-ні екі министрлікке бөлу орынсыз деп санаймын.

– Экономиканы қарқынды дамыту үшін оның ғылымға негізделген қандай жолдары бар екенін айтып берсеңіз?

– Ең бастысы, ғылымның экономиканың нақты секторымен өзара байланысын күшейту, ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру қажет. ҰҒА мерейтойлық сессиясында Мемлекет басшысының ғылыми-зерттеулерді қаржыландыру үшін өнеркәсіптің өндіруші салаларының 1,0%-ын кірісін тәжірибелік-эксперименттік цехтарын, конструкторлық бюролар құруға және өнеркәсіптік кәсіпорындардың технологиялық міндеттерін шешуге жұмсау туралы ұсынысын тездетіп іске асыру қажет. Бұл шешімнің орындалуын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өз бақылауына алып отыр.

Министрлікте осы уақытқа дейін қалыптасқан жүйе бойынша 380-ге жуық ҒЗИ тең жағдайда байқауға қатысады. Нәтижесінде, жаңа құрылған ЖШС атақты, тәжірибелі ҒЗИ-мен бірдей деңгейде тұрады. Қазіргі кезде ғылыми ұйымдарға аз ғана қаржы бөлінетіндіктен, жетекші ғылыми мектеп апатты жағдайға тап болып отыр. Рейтинг нәтижелері бойынша анықталатын ғылыми ұйымдардың категориялық жүйесіне оралу қажет. Бұл жағдайда, рейтингке сәйкес, әр ғылыми мекеменің қаржыландыру көлемі айрықша болуы керек.

– Ғалымдар арасында біздің дәстүрлі «ғылым кандидаты» және «ғылым докторы» дәрежелерін «жоғалтуымыз» дұрыс болмады деген пікір бар. Қазіргі PhD докторантура ғылым үшін аса тиімді емес, өйткені докторанттар өз уақытының жартысын оқуға жұмсайды делінеді. Осы жайында не айта аласыз?

– Біздің Болон конвенциясына кіруіміз сәтті болмағанын мойындағанымыз жөн. Біз ғылыми кадрларды даярлауда ТМД үшін дәстүрлі қағидаларды, атап айтқанда, басқа ТМД елдері сияқты дәстүрлі аспирантура мен докторантураны сақтап қала алмадық. Ескі дәстүрлі жүйеден кейбір элементтерді сақтай отырып, жаңа элементтерді енгізу керек еді. Мысалы, ғылым докторы атағы Қазақстаннан басқа, барлық ТМД елінде сақталды.

PhD және қауымдастырылған профессор (доцент), сонымен қатар профессор ғылыми атақтарын алу да қиындық тудырып келеді. Бұл жоғары оқу орындарындағы ғылыми қызметкерлер мен профессор-оқытушылар құрамы санының күрт қысқаруына алып келді. Дегенмен, бұл мәселеде де біз министр А.Аймағамбетов тарапынан түсіністік пен қолдау таба білдік.

– Ұлттық ғылым академиясы Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде қандай жолдан өтті? Академияның Қазақстан ғылымының дамуындағы рөлі қандай?

– Биылғы жылы еліміздің ғылымы мен экономикасына тұрақты әрі тиімді қызмет етіп келе жатқан классикалық Ғылым академиясы – ҚР ҰҒА өзінің 75 жылдық мерейтойын атап өтеді. Қазақстанның Ұлттық ғылым академиясы ТМД елдерінің классикалық ғылым академияларының ішінде бірінші болып кеңестік модельден бас тартып, батыс-еуропалық жұмыс үлгісін қабылдады. Жаңа даму жолындағы Академия халықаралық деңгейде мойындалды. Ол әлемдегі ең абыройлы және басты ғылыми қауымдастықтар мен ғылыми қоғамдастықтардың беделді мүшесі болды.

Қазіргі уақытта ҚР ҰҒА құрамында 260-тан астам академиктер мен корреспондент-мүшелері бар, отандық ғылымның барлық салаларын қамтитын еліміздің жетекші ғалымдар штабы болып саналады. Сонымен қатар ҚР ҰҒА құрамына академияның 40 ұжымдық мүшесі кіреді, олардың арасында ұлттық және ірі өңірлік университеттер мен барлық академиялық институттар бар. Олар Ғылым академиясын Қазақстанның ғылыми-техникалық прогресін және индустриялық-инновациялық дамуын қамтамасыз ететін негізгі күшке айналдырып келеді.

ҚР ҰҒА ғалымдары «Ғылым туралы» заңға сәйкес, жыл сайынғы ғылым бойынша Ұлттық баяндаманы дайындауды жалғастыруда, сонымен қатар 1946 жылдан бастап шығарылатын және әлемнің 73 еліне, оның ішінде АҚШ Ұлттық конгресінің кітапханаларына, Ұлыбритания Корольдік қоғамына, Француз ғылым академиясына жеткізілетін бірегей журналдарды шығаруда. Ол журналдардың сұранысы жоғары әрі Scopus және Web of Science халықаралық базаларына кіреді.

Қазақстан ғылымы елеулі зияткерлік әлеуетке ие бола отырып, елдің халық шаруашылығы әлеуетін сақтауда ғана тиімді болып қоймай, сонымен қатар геология, химия, мұнай химиясы, металлургия, биология, математика, физика, медицина, аграрлық ғылымдар, тарих, мәдениет, тіл және әдебиет саласындағы зерттеулердің дамуына үлес қоса отырып, серпінді технологиялардың жасалуын дербес қамтамасыз ете алады.

Ұлттық ғылым академиясы қоғамдық бірлестік бола отырып, өз тәжірибесін кеңейтумен және шетелдік ұйымдармен байланыс орнатумен белсенді түрде айналысып келеді. Мысалы, ХҒАҚ (КСРО ҒА мұрагері) Түркі әлемі Ұлттық ғылым академиялары одағында, Шанхай ынтымақтастық ұйымында маңызды орын алады. Ал 2020 жылы Алматы қаласындағы ҚР ҰҒА базасында ANSO – Қытай Ғылым академиясы базасында құрылған Ұлттық Ғылым академиялары Альянсының және Орталық Азия Ұлттық ғылым академияларының орталығына айналған ғылыми ұйымдардың өңірлік бөлімшесі ашылды.

Қазіргі кезде ҚР ҰҒА алдында жаңа міндеттер қойылды. Мысалы, ел Президенті Қ.К.Тоқаевтың Жарлығымен ғылым бойынша жыл сайынғы «3 жылда 1 рет кезеңділікпен форсайттық зерттеулер нәтижелеріне талдау жүргізу қажеттілігі туралы» Ұлттық баяндаманы дайындау қағидаларына толықтырулар енгізілді.

Жақында Мемлекеттік хатшысы Қ.Көшербаев пен ҚР БҒМ министрі А.Аймағамбетов ҰҒА Төралқасымен кездесіп, ғылымның өзекті мәселелерін, оны елімізде одан әрі дамыту жолдарын, сондай-ақ Академияның 75 жылдық мерейтойына дайындық мәселелерін талқылады.

– Жақын болашақта Қазақстан ғылымының алдында қандай міндеттер тұр? Оны дамыту бойынша қандай ұсыныстар бар?

– Қазақстан ғылымының алдағы міндеттері бойынша мына мәселелерге назар аудару керек деп ойлаймын. Ғылыми жетістіктер долбарлап айта салуға келмейді. Алайда олардың практикада қолданылуына бірқатар объективті және субъективті себептер кедергі келтіруі мүмкін. Олардың алдын алу үшін ғылымның экономиканың нақты секторымен өзара іс-қимылының оңтайлы нысандарын және екі тарап үшін де өзара тиімді ғылыми қызмет нәтижелерін коммерцияландыру тетігін табу қажет. А.Аймағамбетов пен оның жас командасының келуімен, БҒМ-дегі жұмыс жанданғанын, әсіресе ғылыми қызметті дамыту бойынша жүйелі сипатта жүргізіле бастағанын айтуымыз керек. Министр ҰҒА-ға академиктермен және корреспондент-мүшелермен кездесу үшін және республиканың ғылым саласының бірқатар өзекті мәселесін талқылау мақсатында арнайы келді. Министрліктің жүйелі жаңалықтарының негізінде қаржыландырудың ұдайы өсуі басталды. ҒЗТКЖ-ға арналған конкурстар жыл сайын және санаттар бойынша бірнеше рет өткізіле бастады. Қазірдің өзінде біз қаржыландырудың екі еседен астам өскенін көріп отырмыз. Сонымен қатар білім мен ғылымды дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасына 2025 жылға қарай ғылым шығындарын ІЖӨ-нің 1% мөлшеріне жеткізу міндеті енгізілді. Бұл ғылымды қаржыландыру көлемінің 4 есе өсетінін көрсетеді. Сонымен қатар келесі жылы-ақ ғалымдар бірқатар ілгерілеуді сезінетін болады деп үміттенеміз.

Министрдің ұсынысы бойынша докторантура бітірушілеріне оқуды аяқтағаннан кейін диссертацияны аяқтау және қосымша ақысыз қорғау үшін бір жыл беріледі. Докторанттардың шәкіртақысы көтерілуде, ол енді 150 мың теңгеге жетіп отыр.

Қазақстан мұнай, көмір, газ және уран кені, хром, мыс және темір, алюминий, мырыш, қорғасын және қоспалаушы элементтер, асыл және сирек металдар қорына бай екені белгілі. Жыл сайынғы экспорт келешекте 9 млрд долларға жетуі мүмкін (оның ішінде мұнай мен газ – 6 млрд доллар). Республиканың барланған минералдық шикізат қоры 3 трлн АҚШ долларын құрайды, оның ішінде алынатын бөлігі – 2 трлн АҚШ доллары. Мұндай табиғи байлықты ұтымды пайдалану Қазақстанның алдында зор болашақ ашады. Қазақстанның индустриялық-инновациялық даму стратегиясы да осыған бағытталған.

Сондай-ақ біздегі ресурстар мен экологиялық резервтер үшін күреспен қатар, «кемел адам», «адами капитал» деп аталып жүрген зияткерлік әлеует үшін күрес бұдан да өткір болатынын атап өткен жөн. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев өзінің ресми сөзінде қоғамда әділеттілік орнатудың маңыздылығына назар аударды. Адамзат өзінің алғашқы күндерінен бастап әділ қоғам құрумен айналысып келеді. Бұл туралы хадистердің бірінде былай делінген: «Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың сахабаларының бірі: «Ақырзаман қашан болады?» деп сұрайды. Ол: «Қиянат пен әділетсіздік шектен шыққан кезде», деп жауап береді». Ал қиянат деген не? Бұл ебі бар, маман адамға оған лайықты жұмысын бермеу». Мұның бәрі кадрлар мәселесінің өте маңызды екенін көрсетеді. Бірде әңгіме барысында қытайлық әріптесіміз өз елінің экономикасының қарқынды өсуін сайлау жүйесін енгізу арқылы барлық жерде, барлық аймақ пен ұйымда, өнеркәсіптік кәсіпорында және т.б. талантты жетекшілердің келуімен түсіндірді. Жасырын дауыс беруге ұжымдардың барлық мүшесі, осы аудандар мен аймақтардың тұрғындары қатысады. Осылайша, сыбайлас жемқорлық, кедейлік пен жұмыссыздық жойылған.

Қазақстандағы ғылым мен білім беру әрқашан ТМД-ның жетекші тобының қатарында болған және Қазақстанның орнықты дамуы мен гүлденуі жолында біздің қоғамымыздың экономикасы мен мәдениетін ілгерілетуге жәрдемдесуге әбден қабілетті.

Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Академиядағы әріптестерімді және барлық отандық ғалымдарды Ғылым қызметкерлері күнімен құттықтап, толағай шығармашылық табыс, отбастарыңызға амандық-саулық, бақ-береке тілегім келеді!

 

Әңгімелескен

Думан АНАШ,

«Egemen Qazaqstan»

 

Соңғы жаңалықтар

Арақ сатылмайтын аудан

Аймақтар • Кеше

Ерлікке толы суреттер

Руханият • Кеше

Ұқсас жаңалықтар