27 Сәуір, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: АЛМАТЫ ӘРҚАШАН КӨҢІЛІМНІҢ ТӨРІНДЕ

579 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Елбасының Алатау аясындағы ару қалаға әрбір сапары қашанда жан жадыратар, игілікті істерге серпін берер ерекше оқиға. Өткен жылдың сәуір айында келгенінде Нұрсұлтан Әбішұлы: “Алматыны аялап, сүйіп, жақсы көріп жұмыс істеңіздер”, деп жасампаздық үлгі шашып, осынау қалаға деген өз жүрегінің лүпілін білдірумен бірге сол кезде тоқтаңқырап тұрған 2011 жылғы Қысқы Азия ойындарының жолын ашып беріп еді. Мемлекет басшысының Алматыдағы кешегі күнгі жұмыс сапары да айрықша толымды әрі жемісті болды. Ел Президенті “Райымбек батыр” бекетінде метрополитен құрылысының барысымен танысып, “Қазақстанның Халық банкі” АҚ-тың жаңа орталық кеңсежайын аралап көрді, “Бұқар жырау Тауэрс” тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында болды, сондай-ақ қалалық әкімдікте Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына орай  бір топ ардагерлерге жаңа пәтер кілттері мен марапаттар тапсырды. Елбасының жұмыс сапарының бағдарламасында метроның бірін­ші тұруы тегін емес. Көпшілікке мәлім, келешек тұрғысынан ал­ған­да мегаполис үшін аса маңызды осы­нау нысанның құрылысы бірқатар себептерге байланысты сонау 1988 жылдан бастап тоқтап тұрған болатын. Осы жайды еске салған Нұрсұлтан Назарбаев қазіргі жаһандық қаржы дағдарысының түйткілдеріне қарамастан өткен жылы метроның бірінші кезегін аяқтауға өз тапсырмасымен рес­пуб­лика қазынасынан қомақты қаржы бөлінгенін атап көрсетті. Елбасы құрылысы қарқынды жүріп жатқан метрополитен туралы журналистерге өз ойын білдірді. – Еліміздің экономикалық жағ­дайы бірте-бірте түзелуіне бай­ланысты біз метро құрылысын қай­тадан бастадық. Жағдай әрине, әлі де қиын. Бірақ соған қарамай қаржы тауып беріп отырмыз. 1 сәуірден бастап еліміздегі барлық бюджеттік сала қызметкерлерінің ай­лық жалақысын 25 пайыз кө­бей­ту үшін мемлекет 53 млрд. теңге бөлді. Ол болмағанда біз, әрине, мына құрылысты бітіретін едік. Құ­дай бұйыртса, жақындап қал­дық. Кеңес Одағы кезінде қалып қойған құрылыс. Алматыға керек құрылыс. Былтыр дәл осы кезде Алматыға келгенімде тапсырма бе­ріп, қаражат бөлгізіп жұмыс істет­кіз­генмін. Міне, биыл жеті станса толық аяқталатын болады. Тек, қон­дырғылар ғана қалады. Ол жұ­мыстар да келесі жылы бітіп, тәуел­сіздігіміздің 20 жылдығы қар­саңында Алматы метросы іске қо­сылады деп отырмыз. Метро қала­ның көлік жағдайы мен эколо­гия­сын жақсарту үшін өте қажет. Де­мек, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы мерекеленетін 2011 жыл сонымен бірге Алматы метрополитенінің жылы болып, алматылықтарды үл­кен қуанышқа кенелтеміз деп ой­лаймын. Метрополитен құрылы­сы­ның бірінші кезеңін аяқтаған соң оның келешектегі дамуы туралы да ойланатын боламыз, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Метродағы құрылыс-монтаж жұмысының барысымен Мемлекет басшысын “Алматыметроқұры­лыс” АҚ бас директоры Мұрат Өк­ше­баев таныстырды. Метро құ­ры­лысы басталғаннан бері барлығы 117,3 млрд. теңге игерілсе, соның 79 пайызды құрайтын сүбелі бөлігі соңғы бес жылдың үлесіне тиеді. Ал, 2010 жылдың басынан бері республика бюджетінен 19,6 млрд. теңге бөлінсе, 1 сәуірге дейін со­ның 8,57 млрд. теңгесі игеріліпті. Бү­гінге дейін метрополитеннің жер­асты ұңғу жұмыстары түгел аяқ­талған. Жолдың жоғарғы бө­лігіндегі 7,4 шақырым жол бетон­далған. Жолға рельс төсеу жұ­мыс­тары басталды. “Райымбек батыр”, “Жібек жолы”, “Алмалы”, “Абай” және “Алатау” стансаларында не­гіз­гі және ішкі құрастыру һәм сәу­леттік-көркемдеу, әрлеу-безендіру жұмыстары бітуге таяу қалды. “Байқоңыр” және “М.Әуезов драма театры” стансаларының да негізгі жұмыстары аяқталған. Бірінші кезектегі жұмыс жоба­сына енген пайдалану қондыр­ғы­ла­ры, жылжымалы құрам, бірік­тірілген тарату және төмендету кіші стансалары, эскалаторлар, жер­асты жолы желдеткіштері, лифті­лер, мүгедек жандарға арналған жылжымалы электрлі тұғырлар және электр депосы қондырғы­лары­ның құрылысы сапалы жүр­гізілуде. Алғашқы электр пойызы биылғы маусым айында әкелінеді деп күтілуде. Осыларды құрасты­рып, электр желісіне қосу керек. Бұл мақсаттарға, сондай-ақ дабыл мен өртке қарсы қауіпсіздік шара­ларын қамтамасыз етуге қосымша 34 млрд. теңге қажет. Мамандардың бағалауынша, жер астындағы жолаушы тасқыны тәулігіне 200 мың адамды құрамақ. Қарбалас сағаттарда Райымбек-Фурмановтағы бастапқы бекеттен Абай-Гагариндегі соңғы аялдамаға дейін пойыз небәрі 12 минөтте жүріп өтетін болады. Елбасы “Райымбек батыр” бекетімен та­ныс­қаннан кейін: “Мынау Мәс­кеу­дегі метрополитеннен ешбір кем емес. Нысанды жеделдетіп қа­тарға қосу қаланың тынысын кеңей­тіп, көптеген басқа да проблемалардың шешімін табуына көмектеседі”, деп атап өтті. Мемлекет басшысы бұдан кейін Алматыдағы “Қазақстан Ха­лық банкі” АҚ бас кеңсесінің жаңа ғимаратында болып, оны аралап көрді. Сәулет өнерінің жоғары технологиялық жетістіктерін  пайдалана отырып тұрғызылған еңселі ғимарат оңтүстік астананың көрікті архитектуралық келбетін одан әрі айшықтандыра түскендігі сөзсіз. Көпшілік назарын бірден өзіне аударып, әсемдігімен таңдай қақтыратын Халық банкінің зәулім ғимаратында еліміздің ірі қаржы­лық институтының құрылымдық бөлімшелері өз жұмысын бір жерде тоғыстыра отырып жүргізе алады. Ал мұның өзі өз кезегінде жүйе құ­раушы ірі қаржылық мекеменің қызметін одан әрі жетілдіріп, биз­нес үдерістерін барынша оңтай­ландыруға мол мүмкіндік туғыза­тын­дығы сөзсіз. “Қазақстан Халық банкі” АҚ-тың басқарма төрайымы Үміт Шаях­метованың пікірінше, “Мем­лекет басшысының қаржылық инс­титуттың жаңа ғимаратына келуі – банк ұжымы үшін үлкен қуаныш”. “Мемлекет басшысымен кездесу кезінде бүгінгі таңдағы күн тәртібінде тұрған ауқымды міндет­тер­мен қатар, қол жеткен жетіс­тік­тер де сөз болды. Бір құптарлығы, бүгінде күрделілік тудырып отырған кейбір жәйттер, Қазақстан банк секторы алдында тұрған мақ­саттар туралы сөз қозғауға мүм­кіндік туды” деп түйіндеді Үміт Болатханқызы өз ойын. Шын мәнісінде де “Қазақ­стан­ның халық банкі”АҚ  елімізде қар­жылық дағдарысқа байланысты қа­лыптасып отырған экономикалық күрделіліктерге қарамастан өзінің жүйелік желісін одан әрі дамыту және филиалдардың материалдық-техникалық базасын нығайтуға жүйелі түрде көңіл бөлуде. Соның нәтижесінде Астана мен Теміртау қа­лаларындағы аймақтық филиал­дар­дың жаңа ғимараттары бой көте­ріп, пайдалануға берілді. Ал биылғы жылы Өскемен қаласын­да­ғы Шығыс Қазақстан облыстық филиалы жаңа ғимаратының құрылысы аяқталмақ. Өткен жылы “Халық” қаржылық тобының активтер көлемінің 22,5 пайызға ұлғаюы, сондай-ақ Халық банкінің халықаралық қаржылық басылым­дардың марапаттарына ие болуы да көп нәрседен хабар берсе керек. Бұдан кейін Нұрсұлтан Назар­баев “Бұқар жырау Тауэрс” тұрғын үй кешеніне келіп, оның құры­лы­сымен танысты. Есентай өзені ай­ма­ғында, Іле Алатауы баурайында орналасқан 22 қабатты тұрғын үй кешені құрылысын тұрғызумен “TS Engіneerіng Group” компания­сы айналысқан. Елбасын тұрғын үй кешені алдында қарсы алған компанияның басқарма төрағасы Серік Төлбасов бұл ғимараттың ең озық инженерлік жүйелермен жабдықталғандығын айтып берді. Анығырақ айтқанда, зәулім жаңа ғимаратта тұрғындарға ең қа­жетті жабдықтар – күзет және өрт да­былы, бүгінгі күн талабына жау­ап беретін сәнді де сапалы ком­му­никациялық желілер орнатылған. Бес жүзден астам пәтері бар тұр­ғын үй кешенінде супермаркет және үлкен автопаркинг те бар. Компания басшысының айтуын­ша, ірі тұрғын үй кешені үлескер­лік құрылысты қолдаудың мемле­кет­тік бағдарламасы аясында “Са­мұ­рық-Қазына” қоры және “Қаз­ком­мерцбанк” АҚ-тың көмегімен бой көтерген. Мемлекет басшысы өз кезегінде мемлекет қаража­ты­ның өз орнымен жұмсалып, тұр­ғын­дардың сапалы да сәнді бас­па­на­ға қолдары жеткеніне риза­шы­лық білдірді. Жаңа кешеннің тұр­ғын­дарымен кездесіп, пікірлескен Елбасына көпшілік өз алғысын біл­дірді. Жаңа баспана қоныс той­ын тойлағандар көңілінен шығуда. Елбасы бұдан соң қала әкім­дігінде Ұлы Отан соғысы және тыл ардагерлерімен  кездесті. ХХ ға­сыр­дың ең алапат соғысының же­ңім­паздарын құттықтай сәлемдесіп тұрып, қазір еліміз Ұлы Жеңістің 65 жылдығын лайықты қарсы алуға әзірленуде. Соғыс ардагерлерінің басым көпшілігі Алматыда тұра­тын­дықтан, мен Жеңісті ұрыс алаңдарында қан кешіп жүріп сом­даған қарт сарбаздармен кезде­суім­ді осы қаладан бастауға ұйғардым, деп бастады сөзін Мемлекет бас­шысы. Сол қырғын соғыста көп күттірген Жеңіске қол жеткізіп қана қоймай, ардагерлер бейбіт өмірде де өздерінің ерлік үлгісімен, ізгілікті қасиеттерімен жастарды отансүйгіштікке, төзімділік пен ынтымақшылдыққа баулып келеді, деп атап көрсетті Нұрсұлтан На­зар­баев. Соғыс біткеннен кейін  нақ солар, елге оралған солдаттар жаңа қалалар салды, Қазақстанның соғыстан кейінгі экономикасын көтерді. Сіздер енді еліміздің тәуел­сіздігінің, оның жылдан-жылға өсіп отырған абырой-бе­делінің ұйытқысы әрі куәгері болып отырсыздар, деп жалғады өз сөзін Мемлекет басшысы. Қазақстан бүгінде бүкіл әлемге танымал. 57 елдің басын біріктіріп отырған ЕҚЫҰ сияқты беделді халық­ара­лық ұйымның тізгіні Еуропа мен Азия тарихында тұңғыш рет біздің мемлекетімізге сеніп тапсырылуы тегін емес. Қазақстанның бүкіл сыртқы саясаты сияқты, менің жа­қын­дағы АҚШ-қа, Вашингтонға бар­ған сапарым да біздің халық­ара­лық мерейімізді үстем ете түскені анық. Менің барлық қызметім эко­номиканың тұрақты өсуін қамта­ма­сыз етуге бағытталған. Сайып кел­ген­де, адалдық пен сенімге, сын­дар­лы байыптылыққа негізделген Қазақстанның абырой-беделі бізге инвестиция тартуға, қазақстан­дық­тар өмірінің жылдан-жылға жақ­саруы үшін қаржы-қаражат табуға көмектеседі. Елбасы ардагерлерге тұрғын үй құрылысын қарқындатуға бағыттал­ған мемлекеттің игі істері жайында әң­гімеледі. Айталық, Қазақстан­да­ғы бүкіл тұрғын үй құрылысының 16 пайыздан астамы Алматы үле­сі­не тиеді. Мұндағы үлескерлер саны да көп. Қаржы дағдарысына және үлескерлердің келісім-шартты жеке меншік құрылыс компанияларымен жасасқанына қармастан, мемлекет осы орайда қалыптасқан түйткілді ахуалға кірісіп, алданған адамдарға көмектесу мақсатында қаржы бөлді. Әкім Ахметжан Есімов Алматы Қазақстанның ең ірі қаласы ретінде елдегі ішкі жалпы өнімнің бестен бірін, барлық салық түсімдерінің үштен бірін, көтерме және бөлшек операциялар көлемінің 50 пайызға жуығын және ішкі сауда айналы­мы­ның алтыдан біріндейін қамтама­сыз етіп отырғанын тілге тиек етті. ­– Нұрсұлтан Әбішұлы, Сіздің үлескерлерді қолдау орайындағы шешіміңіздің арқасында соңғы екі жылда 56 тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Сөйтіп, 8106 үлескердің проблемасы шешілді, –  деп мәлімдеді әкім. – Қазір 33 тұрғын үй кешені салынып жатыр. Биыл тағы 4625 адамның мәселесі шешімін таппақ. Келесі 2011 жыл­дың соңына қарай үлескерлердің қа­тысуымен тұрғызылып жатқан соңғы үйді аяқтауды жоспарлап отырмыз. Қала экономикасын тұрақтан­ды­руда өткен жылдан бері Прези­дент Нұрсұлтан Назарбаевтың бас­та­масымен жүзеге асырылып жат­қан “Жол картасы” мен дағдарысқа қарсы қалалық бағдарлама маңыз­ды рөл атқарғанын атап өткен абзал. Осы бағдарламалар аясында тауарларды, жұмыстар мен қызмет­терді мемлекеттік сатып алу, жаңа жұ­мыс орындарын ашу, салық­тар­ды толық төлеу жұмыстары ойла­ған­дай жүргізілді. Соның нәти­же­сінде, 40 мың адам жұмыспен қам­тамасыз етілді, өнеркәсіп өндірі­сі­нің қарқыны артты. Негізгі капитал мен құрылысқа салынған инвести­ция­лардың көлемі молайды. Тір­кел­ген жұмыссыздық деңгейі тұ­рақ­танып, ол көрсеткіш қазір Ал­ма­­тының экономикалық белсенді  тұрғындарына шаққанда 0,7 пайыз­ды құрап тұр. Соңғы жеті жылда инфляцияның ең төменгі деңгейі тіркелген. Елбасы 2011 жылғы Азиада нысандарының құрылысына үлкен көңіл бөлді. Бұлардың қатарына биік таулы Медеу мұз айдыны, Шымбұлақ тау шаңғысы курорты, шаңғы тұғырлары кешені, Орталық стадион және Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы кіретіні мәлім. Азиадаға дайындық жайы энергетика нысандары мен көлік жүйесін кешенді дамытуды қарас­тырады. Осыған байланысты Азиа­да нысандары мен метроны энер­гиямен қамтамасыз ету үшін бес кіші­ станса салынуда. Сонымен қа­тар қала экологиясы үшін маңыз­ды, күл мен түтінді, зиянды қал­дық­­тар­ды азайтатын екі жоба іске асы­ры­луда. Биылғы жылы энер­ге­ти­каны дамытуға мемлекеттік бюд­жеттен 35,2 млрд. теңге бағытталған. Ахметжан Есімовтің айтуынша, ардагерлерді қолдау жөніндегі бар­лық әлеуметтік міндеттемелерін қала толық көлемде орындап шық­пақшы. Республикалық іс-шара­лар­мен қатар мегаполисте соғыс арда­герлеріне қосымша әлеуметтік кө­мек көрсетуге, соның ішінде тұрғын үй-коммуналдық қызметтер шығынын толық өтеуге қаражат бө­лінген. Бір реттік материалдық көмек орайында 25 мың теңгеден берілмек. Сонымен бірге қала биз­несінің белсенді қатысуымен ар­да­герлерге қолдау көрсететін арнайы баспана қоры құрылған. Соның нәтижесінде, тұрғын үй жағдайын жақсартуға мұқтаж 123 ардагер жаңа пәтерлердің кілтін алмақшы. Жеңіс күнін мерекелеуге рес­пуб­ликалық бюджетте соғыс арда­герлері үшін барлығы бірнеше жүздеген миллион теңге қарасты­рылған. Соның ішінде олар өз қа­лаулары бойынша өздері шайқас­қан жерлерге және қаруластары­мен, майдандас достарымен кезде­суге барып келе алады. Бір реттік жәрдемақылар қарт солдаттарға ғана емес, тыл еңбеккерлері мен оралмаған боздақтардың жесірле­ріне де берілмекші. Президент қазақстандықтар арасынан 500 адамның Кеңес Одағының Батыры, жүзден астамы Даңқ орденінің үш дәрежесінің толық иегері болғандығын мақтан тұтатындығын атап көрсетті. Батыр атағын екі мәрте алған ерлер де бар. Олар ешқашан ұмытылмайды. Со­нымен бірге қазақстандықтар­дың жалпы қаһармандық эпопеясы да ұмытылмауға тиісті, деп жалғады өз сөзін Мемлекет басшысы. Сол себептен де біз өзіміздің ортақ Жеңісімізді мерейлене тойлаймыз. Сіздер сол Жеңісті шыңдап, ауыр соғыс жылдарында достық, өзара құрмет пен келісім, ынтымақ пен бірлік болмайынша Жеңістің де болмайтынын дәлелдеп шықты­ңыз­дар. Сондықтан, біз халықтар ара­сындағы достық пен бауыр­лас­тықты одан әрі нығайтып, отан­шылдықты бекіте бермекпіз. Біздегі осынау ұлы достық пен татулықтың берік негізін қалаған да нақ сіздерсіздер. Мемлекет басшысы соғыс пен тыл ардагерлерін алдағы Жеңіс кү­ні­мен құттықтап, оларға Жеңістің 65 жылдығына байланысты арнайы Жарлықпен шығарылған естелік медальдарды, сондай-ақ жаңа пәтерлердің кілттерін табыс етті. Өз кезегінде ардагерлер Елбасы қамқорлығына риясыз көңілден алғыстарын айтып, жүз жаса деген тілектерін жеткізді. Қорғанбек АМАНЖОЛ, Бақыт БАЛҒАРИНА, Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.