Өмірлік тәжірибесін болашақ теміржолшыларды тәрбиелеуге бағыттаған ғалым Түрксіб теміржол желісін салған әйгілі теміржолшы, алғашқы қазақ темір жол ғалымы Жұмағали Омаровтың ұлы екенін ескерсек, ата кәсіптің арқауын үзбеген азаматтың қазақ темір жолының өткені мен бүгіні туралы айтары көп.
– Амангелді Жұмағалиұлы, өмір өткелдеріңізге көз жіберсек тосын сыйы көп тағдыр сіздің маңдайыңызға темір жол саласында табанды еңбек етуді жазыпты. Әкеңіз Жұмағали Омаровтың қазақ даласына жаңалық болып келген Түрксіб темір жолында қолтаңбасы қалғанын білеміз. Әкеңіздің сондағы естеліктері есіңізде болар?
– Әр адамның өмірі – үлкен сапар. Шұбатылған темір жолдардай тағдыр жолы пенде баласын сан арнаға салады. Өзіңіз айтып өткендей, әкем Жұмағали Омаров дала төсін тілгілеп, қазақ жеріне айтулы жаңалық ала келген Түрксіб темір жолының құрылысына бар қажыр-қайратын жұмсады. Қатардағы қара жұмысшыдан бастап, жер қазушы, бригадир, механик секілді сан істе алғы шептен көрініп аталған құрылыс жобасын басқаруға дейін көтеріліпті. Ең бастысы, бұл жауапты міндетке кездейсоқ емес, өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының арқасында саты-сатымен жоғарылап жеткен. Бастапқыда осы саладағы арнайы білімі болмаса да, ұйымдастыру қабілетімен, табандылығымен көзге түсіпті. Жады мықты адам болатын. Темір жолдың қыр-сырын жетік білетін. Бірде маған өз аузымен айтқаны бар. Түрксібке басшылыққа тағайындарда аң-таң болып «Я же писать не умею» деген көрінеді. Сөйтсе, тағайындаушы тарап: «За то ты хорошо говоришь» деп қоярда-қоймай осы қызметке бекітіпті.
Мәскеуден келіп-кетіп жүретін инженер жігіттер «арнайы дипломы болмаса да, мұндағы әр істі жетік білетін, ұжымды басқаруға лайық бір азамат бар», деп әкемді меңзеп басшыларға құлаққағыс еткен көрінеді. Паровозды қыстың көзі қырауда қатырмай алып жүру, жолдарды дұрыс бағыттау, темір жолдың басқа да толып жатқан қыруар шаруасын шашау шығармай орындау әкеме қиын болмапты. Өйткені ол кісі ісіне жан-тәнімен берілген адам еді. Кейіннен осы саладағы білімін жетілдіріп, темір жол саласындағы қазақтан шыққан тұңғыш ғалымдардың біріне айналды. Қарапайым жұмысшыдан темір жол бастығына дейін жеткен алғашқы қазақ ретінде тарихта қалды.
Басқа бауырларым өмірлік арнасын басқа мамандықтан тапты. Әкемнің нұсқауымен менің таңдауым темір жолға түсті. Ата-анам қызмет бабы бойынша қоныс тепкен стансалар мен қалалардағы темір жол мектептерінде оқып, білім алдым, Балқаш қаласы Абай атындағы №2 орта мектепті бітірдім. 1960 жылы Новосібір темір жол көлігі инженерлері институтына оқуға қабылдандым. Новосібірдегі институттың ректоры да заманында Түрксібте жұмыс істеген Николай Кандаков деген кісі болатын. Сол кісінің бірде маған қарап тұрып: «Папа на много талантливый, чем ты» деп айтқаны бар. Осы сөз әкемді мақтан тұтуыма серпін сыйласа, екінші жағынан өзімнің де кәсіби білікті маман болуыма жігер берді. Осылайша, кешегі көшпелілер нағыз темір жол мамандары, инженерлері болып шыға келді. Әкелеріміздің қолымен жиырмасыншы ғасырдың аңызға айналған темір жолы салынды. Солардың тәжірибесі, шеберлік пен дағдысы ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, темір жол қызметкерлерінің біртұтас әулет қалыптасты. Соның бірі – біздің отбасымыз еді.
– Новосібір темір жол көлік инженері институтының (СГУПС) Темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы факультетін бітірген соң елге келіп қызметке араластыңыз. Еліміздің түкпір-түкпірін шарладыңыз деуге болады. Осынау бедерлі жылдар белесінде қазақ темір жолында қандай елеулі жаңалықтар болды?
– Инженер-маман болып қалыптасуыма ұстаздарымның септігі көп тиді. Ол кездегі студенттер өндірістік тәжірибенің негізімен байланыстырып диплом жұмысын жазатын. Міне, сол алты айға созылған тәжірибені Иркутск облысындағы Зима деген стансада өткіздім. Қысы 40 градус С-ден төмен түсетін Новосібір қаласында апта бойы қар жауып жатса да, қалың қар астынан жол тазартылып, «Транссібір магистралі» тынбай жұмыс істейтін. 1966 жылы аталған институтты тәмамдап жолдамамен «Қазақ темір жолы» бойындағы Арыс стансасында бригадир, кейін аға мастер болып еңбек жолын бастадым. Бұл мен үшін қызығы мен қиындығы қатар жүретін кәсіби мамандығымның алғашқы қадамдары болатын. Осыдан соң ауыр өндіріспен байланысты Қарағанды жол дистанциясына қызметке ауыстым. Әуелі аға жол мастері болып, кейіннен дистанцияға бас инженерлікке тағайындалдым. Ал 1971 жылы Балқаштың жол дистанциясының басқармасын басқарып, 1972 жылы Қарағанды жол дистанциясына басшылық қызметке келдім. Осы кезде «Қарағанды-Сортировочная» стансасын жаңарту, көмір тиелген жүк вагондарының құрамын тежемей, транзитті жүк көлігін тез арада өткізу мәселелерін оңтайлы шешуге күш салдық. Біздің ұжым бірлестігі «Социалистік жарыстың» алдыңғы орнына шығып, қол жеткен межені ұстап тұрудың өзі қалыпты жағдайға айналды.
1977 жылы маған зор сенім артылды. Қарағанды темір жол бөлімшесінде жаңадан екінші жол салынды. Қарағанды-Жарық-Мойынты аралығын толық электрлендіру ісін қолға алдық. Бұл үлкен жұмыс еді. Темір жол саласындағы жұмыстың барлық сүзгі-елек сынағынан сүрінбей өтіп, мол тәжірибе жинақтап 1983 жылы Алматы жол магистралі басқармасының орынбасары қызметіне тағайындалдым. Бұл шойын жолдың астындағы шпалдарды темірбетондарға, тұтас рельстерге пойыздарды тоқтатпай ауыстырған кезең болатын. 1988-1990 жылдары Ақтоғай-Достық-Алашаңқай халықаралық темір жол магистралін жаңартып жөндеуді жобалауға қал-қадірімізше үлес қостық. Осы халықаралық қатынас магистралін 1991 жылы қабылдағанда Алматы темір жолының басқарма бастығы қызметіне бекітілген едім. Екі ел арасындағы алғашқы жүк тасымалдау пойызы 1991 жылы 20 шілдеде жолға шықты. Ал 1992 жылдың 20 маусымында іске қосылған Алматы-Үрімші жолаушылар пойызы екі елде қалған туыс-бауырды қайта қауыштырған тарихи сәтке көпір болып еді. Содан бері Жапония, Корея, Вьетнам, Сингапур елдерінен сан алуан жүк тасымалданып, миллиондаған адам осы игілікті сәтімен пайдалануда. Қазақстанның халық шаруашылығын көтеруде шойын жолдың атқарған рөлі ауқымды. Осынау жылдар ішінде стансаларда көптеген тұрмыстық үй, мектеп пен балабақша бой көтерді. Ағадыр, Жарық, Балқаш, Саяқ, Ақтоғай, Шеңгелді және Достық кентін ауызсумен қамтуға орай мыңдаған шақырым су құбырын жаңа жүйеге келтіруге де шама-шарқымызша атсалыстық.
– Темір жол ісін ғылыми негізде зерттеген бірқатар еңбектеріңіз болашақ мамандар үшін темірқазық болды десек артық айтпаған болармыз. Жаңа мыңжылдықтың басында кәсіби теміржолшылар даярлайтын оқу орнын ашуыңызға не түрткі болды?
– Елімізде теміржолшы мамандардың жетіспейтіндігін бағамдап, 2000 жылы Қазақ қатынас жолдары университетін (ҚҚЖУ) аштым. Заман талабына байланысты бұл жоғары оқу орнын жекеменшік түрде құруға тура келді. Еңбегіміз зая кеткен жоқ деп ойлаймын. Университет – көлік және коммуникация кәсіпорындары мен экономиканың басқа салаларына қажетті талапқа сай маман даярлап отыр. Университет кешенінің зертханалық жабдығының қызметінде: «Станса кезекшісі»; «Пойыз диспетчері»; «Сұрыптау стансасы»; «Тұрақты токтың рельстік тізбектерін зерттеу»; «Рельстік тізбектердің жұмыс тәртібін есептеу»; «Бағдаршам әрекетінің прин-циптері мен құрылғыларын зерттеу»; «Түзеткіштерді экспериментальді зерттеу»; «Амплитудты детекторын зерттеу»; «ҚТЖ зерттеу»; «Байланыстың сандық жүйесі»; «Сигнал спектрлерін зерттеу» туралы толық көлемдегі оқу бағдарламасын қамтитын және басқа да көптеген зертхана бар. Сондай-ақ оқу мен ғылымға, мәдениетке және спортқа қажетті барлық жағдай жасалған. Жиырма бір жылда білікті инженерлердің қаншама шоғыры қанаттанып, темір жол бойында еңбек етіп жүр. Жас ғалымдар ғылыми ізденіспен айналысып келеді. Мұның бәрі ел игілігі үшін атқарылған жұмыстар. Қаншама қарагөз ауыл балалары теміржолшы мамандығына машықтанып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке араласып жүр.
– Тәуелсіздіктің мерейлі 30 жылдығының қарсаңында тұрмыз. Ардагер теміржолшы ретінде, ұстаз-ғалым ретінде қазақ темір жолының бүгінгі бет-бейнесіне қандай баға берер едіңіз? Неден оздық, неден кейін қалдық?
– Тәубе, деп айтуымыз керек. Отыз жылда темір жолдың талай жоғы түгенделді. Техникалық әлеуетіміз жаңа заман талабынан қалыспай келеді. Тың технологиялар қолданысқа енді. Бұрын Мәскеу не берсе, соны алатынбыз. Қазір өз қолымыз өз аузымызға жетті, қажеттінің бәрін сатып алатын қауқарымыз бар. Электрмен жабдықтау қандай, электровоздардың жылдамдығы қандай, мұның бәрі жетістік демей не дейміз? Темір жол бойында қолымызға тек күрек пен лом ұстап жұмыс істеген күндер де болған. Мұның бәрі артта қалды. Сұранысқа сай мамандар бар. Қазақстан темір жолын кәсіби білігі жоғары азаматтардың буыны басқарып келеді. Барыс-келіс пен алыс-беріс қарқын алды. Алыс-жақын шетелдермен экономикалық байланысымыз нығайған болса, бұл ретте темір жолдың рөлі зор. Іздесек, кемшілік қай кезде де табылады. Жүйелі жұмысты түртпектемей, керісінше демеп, жандануына жағдай жасауымыз, ниеттес, тілектес болуымыз керек. Жолсапарға шықпайтын жан жоқ. Тіршіліктің өзі сапарлардан тұрады. Шойынжол бойына қаншама жолаушының тілегі, қуанышы сіңеді. Сондықтан теміржолшы деген – қасиетті мамандық. Ең бастысы, өз ісіңді жақсы көр. «Таңдаған мамандығың бойынша еңбек ету – бақыт» дегенді шәкірттерге ылғи да айтып жүремін. Азды-көпті қиыншылық уақыт өте келе түзелер. Ең бастысы, бағытымыз дұрыс.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Арман ОКТЯБРЬ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ