Пікір • 27 Сәуір, 2021

Айтудай-ақ айтып келеміз

401 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

«Egemen Qazaqstan» газетінің 20 сәуірдегі санында жарияланған Нұрқанат Құлабайдың «Жұтылған» жер атаулары қайта «тіріле» ме?» деп аталатын мақаласы көптің көкейіндегі өзекті мәселені қозғаған. Жер-су атауларының бұрмалануы туралы айтудай-ақ айтып келеміз. Мен облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарып тұрған кезімде ел азаматтарының қолдауымен бұрынғы Семиозер (Әулиекөл), Комсомол (Қарабалық), Ленин (Ұзынкөл), Боровской (Меңдіқара), Джетыгара (Жітіқара) секілді аудан орталықтарының тарихи атаулары қайтарылған болатын. Өкінішке қарай, қазір бұл игі қозғалыс саябырлап қалды.

Айтудай-ақ айтып келеміз

Өзге этностарды ренжітпейік деген желеумен тарихи жер-су атауларын қайтару ұзын арқан, кең тұсауға салынады. Елді мекен­дер­де жиын өткізу, оларды жер­гілікті мәслихаттарда қа­рау се­кіл­ді процестерден арыл­ма­йын­­ша, тарихи жер-су атау­ла­рын қайтару мүмкін емес. Жер­гі­лікті жерде жиын жасау деген ақылға сыйымсыз әрекет. Өйт­кені солтүстік облыстарда басқа этностардың үлес салмағы басым болғандықтан, ондай елді мекендерде байырғы жер-су атау­л­арын қайтару өте қиын. Сон­дықтан тарихшы-ғалым Аманжол Күзембайұлының осы мақа­лада айтылған ойын толық қол­даймын. ­

Ең алдымен тәуелсіз Қазақ­станның мемлекеттік тіл­дегі картасы жасалуы керек се­кілді. Бұл картадағы жер-су атау­ла­ры түгел дерлік қазақ тілінде жа­­зылуы қажет. Мәселен, осы уа­қыт­қа дейін Қостанай темір­жол бекеті «Кустанай» болып жазылып келеді.

Қостанай облысында әртүрлі дәуірде өзгертілген елді мекен, жер-су атауларының біразына тоқ­тала кетейін:

Әйет – Аят (бұл өзен атауы әлі сол қалпында тұр. Бұ­рын­ғы Таран ауданы орталы­ғы Әйет болып өзгерді), Шы­бын­ды – Чебиндовка, Қасқа ат – Ломоносов, Малдыбай – Ново-Николаевка, Қызылқожа – Молодежный, Соналы – Це­лин­ный, Майбалық – Восточный, Өтеп – Қазақстан, Алдияр – Веселый Кут, Шолан – Елшанка, Еңбек – Котлованный, Мыңбай – Белоглиновка, Еркіншілік – Свято­с­лавка, Сүлікті – Даль­ный, Шаған – Ново-Троицк, Сомжүрек – Подгородка, Ақтасты – Борисовка, Иманбай – Огнеупорный, Бірлік – По­бе­да, Шақар батыр ауылы – Саманы, Қызылшырпы – Лесной, Сырдақ – Светлый, Қа­рағайлы – Славянка, То­ғызбай – Октябрьский, Қор­пылдақ – Ленинский, Ба­рақбай – Песчаное, Қарабас – Смирновский, Жадыра – Рыбкино, Керей – Приозерный, Қараоба – Красносельский, Қайыңдыкөл – Щербиновка, Жабағы – Журавлевка, Қызыл­тал – Николаевский, Бекібай – Асенкритовка, Көрпелі – Вар­ва­ринка, Мақпал – Екате­ри­новка, Дос ауылы – Аятское, Майшолақ – Павловка, Қадақ – Наталовка, Қара­қожа – Стретинка, Бор­сықбай – Барсуковка, Көш­құл –Нелюбинка, Обалкөл – Мари­нов­ка, Күшікбай – Луговой.

Бір ғана Майлин ауданында жер бетінен тып-типыл жоқ болған қазақ ауылдары: Қа­ра­то­мар, Қарбасқан, Қара­қоға, Қ­арымсақ, Қожай, Кін­діксай, Сарыала ат, Сұпылы, Сабынкөл, Мыңатыз, Жалтыр, Шиелі, Шегебай, Елтай, т.б. Бәрін ті­зіп айтсақ, ұшы-қиыры жоқ. Ұзынкөл ауданындағы «Ұзынкөл» дегеннен басқа елді мекендердің атауы түп-түгел орыс ті­лінде. Өзге аудандардағы жағ­дай да жетісіп тұрған жоқ.

Бұл жалғауы «скаға» біт­кен­­­дердің бір парасы ғана. Ал Александровский, Влади­мирс­кий, Бауманский, Ленин­ский, Приуральский секілді жалғауы «скийларға» көшсек, оны айтып тауысудың өзіне едәуір уақыт керек.

Жер-су және ауыл атауларына бір кездегі көзқарасқа кі­­сі­нің күлкісі келеді. Мә­се­лен, Әулиекөл ауданында Ша­ки­ровка деген ауыл болды. Шәкір деген сол ауылда озат шо­пан болған, ауыл болса сол кісінің көзі тірісінде-ақ Ша­ки­ров­ка аталған. Бұл ол кісінің беделіне байланысты емес, сол тұстағы ұлты орыс басшының бірі: «Озат шопан Шә­кір­дің ауылын Шакировка деп жаза салыңдар», деген бір ауыз сөзден қойылып кеткен.

 

Ақылбек ШАЯХМЕТ,

ақын-драматург

 

Қостанай