Аймақтар • 27 Сәуір, 2021

Жайылымға талас ауылды екіге жарып тұр

2540 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Қазір Қызылорда облысының әр аумағынан жерге таласқан шаруалардың жанайқайы жиі естіледі. Осыған дейін Қармақшы, Сырдария аудандарындағы ағайынның арызы облысқа дейін жетіп еді. Енді облыстың оңтүстігіндегі Жаңақорғанның Манап ауылында осындай кикілжің байқалып тұр.

Жайылымға талас ауылды екіге жарып тұр

Атақты айтыс ақтангерінің атын иеленген шағын ауылды шулатып отырған мәселе – жайылымның «жыры». Ал әңгімені әріден бастасақ, ауылда 2004 жылы «Ақ бата» шаруа қожалығы құрылып, аудандық жер бөлу комиссиясының шешімі негізінде аудан әкімінің қаулысымен шаруашылыққа 2725,7 гектар жайылымдық жер 49 жыл мерзімге уақытша өтеулі пайдалану құқығымен табысталады. Бірақ жұрттың жұмылып бастаған ісі жүре қоймай, арада біраз жыл өткенде жер салығын төлеудің өзі салмақ сала бастаған соң ауылдағылар ақылдасып, үлестерін «Көбелдес» шаруа қожалығын басқарып отырған, осы ауылдан шыққан азамат Нышанбек Молдашевқа табыстайды. Одан бері де талай ай аунап, жыл жылжыды.

Ауылдың тұрмысы түзеліп, әр үйдің қорасында мал қарасы көбейе бастады, «Көбелдес» шаруашылығы да жыл сайын қанатын кеңге жая түсті. Ауыл іргесіндегі жайылымдық жер кәсіпкердің малына да, ауылдан өрген түлікке де жетіп жатты. Бірақ соңғы жылдары шаруа қожалығының малы күрт көбейіп, жайылым тарлық ете бастапты. Кәсіпкер ауылдағылар суын ішуге және есік алдындағы бау-бақшасын суаруға пайдаланып отырған тоған басына құрылыс сала бастағанда тұрғындардың шыдамы шегіне жетті. Сол сәттен бастап ауылдағылар ізденіп, кәсіпкерге тапсырылған жер көлемінен 400 гектарға жуығының ізі табылмай қалғанын біледі.

– Кезінде білместікпен «сақалды қолдан бергенімізді» түсіндік. Тоған осы ауылдың ауыз суына, есігінің алдын суаруға жарап отырған жалғыз айдын. Жоғарыдағы су қоймасы кенересіне толған кезде тоған да ернеуіне жетіп, жүз үйлі ауыл жырғап қалады. Ал оның басына мал бордақылайтын алаң, қасапхана салу ақылға сыймайтын нәрсе. Бұл жөнінде ауыл, аудан әкімдіктеріне арыздандық. Аудан әкімі Руслан Рүстемовтің қабылдауында болдық. Әкім тиісті орындарға тапсырма да бергенінен хабардармыз. Бірақ кәсіпкердің тоқтай қояр түрі көрінбейді. Қазірдің өзінде тоғанға мал өлексесі тасталып жатыр,– дейді ауыл тұрғыны Асқар Көкенов. 

Е

Ауыл әкімі Ербол Әлменовпен телефон арқылы тілдестік. Әкім тоған басына құрылыс сала бастағанда-ақ кәсіпкерге оны тоқтатуды ескертіпті.

– Мәселе аудан басшылығының да назарында тұр. Бұл тез арада біте қоятын шаруа емес. Бірақ ауыл тұрғындарына тиесілі жайылымдық жер заң жүзінде кері қайтарылады. Оған ешқандай күмән болмауы керек, – дейді ауыл басшысы. Ауылдағы қауымдастық та осы таласты таразыға салып көрген. Қауымдастық мүшесі Болат Көпешов ізсіз кеткен 400 гектар жерден бөлек те мәселелер бар екенін айтады.

– Мысалы, біздің әулет кезінде 9 адамның пай үлесін өткізген. Қазір содан тек үш-ақ адамдікі қалып отыр. Қалғанының сайда саны, құмда ізі жоқ. Ал кәсіпкердің жақындарының үлесі шып-шырғасы шықпастан түгел тұр. Бұл қалай сонда? Оның себебін іздесең, бітпейтін бір қиыр-шиырға тап боламыз. Одан бөлек, қауымдастық соңғы 1-2 жылдықта ауыл маңынан басы артық құрылыс салдырмау үшін жұмыс істеп келеді. Осы талапты орындау үшін талай ауылдастың меселін қайтарған де кезіміз болды. Соны біле тұра тоғанның басынан қора тұрғызған кәсіпкердің ісін көпке жасалған қиянат демеске амалымыз жоқ, – дейді Болат Көпешов.

Біз сөйлескен ауыл тұрғындары Алтынбек Алманов, Махамбет Сыздықовтар кәсіпкер аманатқа қиянат жасады деген пікірде. Ауылдағылар кәсіпкерді жиналысқа 4-5 рет шақырып әзер келтіргендерін, өздері сеніп тапсырған жер телімінің жағдайынан хабарсыз болып келгендерін айтады. Осы дау басталғалы бері тағы бірнеше шаруа қожалығы құрылып, жайылымның аясы тарыла түскеніне алаңдайды.

К

Сапар барысында «Көбелдес» шаруа қожалығының жетекшісі Нышанбек Молдашевпен де сөйлестік. Кәсіпкер жер үлесін осыдан біраз жыл бұрын ауыл ақсақалдары өз еркімен тапсырғанын айтады.

– Жер үлесі иелерінің тізімін көрген емеспін. Ауыл адамдарының жарты параққа сыйғызған жалпы келісімі ғана қолыма тиген. Ондағы жайылым көлемі қазір жұрт айтып жүргендей 2725 емес, 2300 гектар. Сол тұста шектесіп тұрған екі жерге бір мемлекеттік акт шықты. Ал ақсақалдармен болашақта жер үлесін алам дегендерге жайылымның батысындағы Қызылсеңгір тұсынан беріледі деген байлам жасасқанбыз. Сол бойынша кейін үлесін алғандар болды, оларға бастапқы келісімге сәйкес жер берілді. Ал тоған басындағы құрылысқа келсек, бұл мал бордақылау кешені. Қазір бас-аяғы сегіз жүздей уақ малды уақытша ұстап отырмыз. Ертең көк көтерілгесін тауға қарай жылжимыз. Мені жұрт жиылған жиынға қатыспады деген айыптауларды де естіп жатырмын. Ауыл әкімі 2-3 мәрте хабарласқанда да шаруалармен сыртта жүрген едім. Алдын ала хабардар етсе көптен қашар жайым жоқ, қатысар едім, – дейді кәсіпкер.

Кәсіпкердің айтуынша, бұл жерде болашақта 1000 қой, 200 жылқы ұсталатын мал бордақылау кешені мен қасапхана болады. Ол үшін арнайы алаң нөмірі де алынып қойған. Шаруашылық басшысы судың құярлығына салынған бұл нысанның тоғандағы суға зәредей зиян келтірмеуі де әбден ойластырылғанын айтады. Малдың қан-жыны науа арқылы бір жерге жиналып, ол тұрақты тазаланып тұрады. Кәсіпкер осы мәселеге байланысты өзіне орынсыз талап қойылса, сотқа жүгінетінін де айтып қалды. «Ұзақ жылдар мал шаруашылығын дамыту үшін мемлекеттік бағдарламалар аясында жұмыс істедім, мен де осы елдің азаматымын. Заңды құқығым қорғалады деп сенемін» дейді шаруашылық басшысы.

Айдың-күннің аманында ел осылайша екіге жарылып отыр. Бұл ауыл бозбала кезінде топқа түсіп, Нартай ақыннан бата алған, «бір өзі – бір театр» атанған айтыс ақтаңгері, соңынан талай дарынды ерткен Манап Көкенов мекен еткен, жамбасы жерге тиген жер. «Жаңақорған – жаннатым, өз мекенім, білемін бар бақытым сенде екенін» деп жырлап өткен ақын ауылындағы осы ахуал оңынан шешілсе екен.

 

Қызылорда