Театр • 27 Сәуір, 2021

Алан Бөрібаев: «Абай» операсы – әлемдік классиканың озық үлгісі

1269 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Биыл кемеңгер композиторлар Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің 115 жылдығына орай «Астана Операда» «Абай» операсы сахналанбақ. Симфониялық оркестрдің дирижерлік тұғырына тұрған алғашқы қазақ дирижері Ахмет Жұбановтың туған күні қарсаңында «Астана Опера» театрының бас дирижері Алан Бөрібаев атасы туралы әңгімелеп берген еді.

Алан Бөрібаев: «Абай» операсы – әлемдік классиканың озық үлгісі

– Ахмет Жұбанов туралы туысқандарымның әңгімесінен және оның музыкасы мен әдеби мұрасын тікелей зерделеуімнен білемін. Оның бейнесі балалық шағымнан бері көз алдымда. Ахмет Қуанұлының үлкен немересі – менің анам Шолпан Жұбанова ол жайында маған көп әңгімелейтін. Атам, академик, профессор Болат Жұ­банов арғы бабам туралы көп естеліктер қалдырды, сонымен қатар композитордың кіші қызы, академик Ажар Жұбанова ол жайында әр кез айтып жүр. Ахмет Жұбанов – ғаламат дарын иесі. Оның жан-жақтылығы соншалық, мен оны қайта жаң­ғыру дәуірінің ұлы тұлғасы Леонардо да Винчимен салыстырар едім. Жұбанов бұл тұрғыдан да әмбебап жан еді. Сөзсіз, ол – үлкен композитор, бірақ бұл оның дарынының бір қыры ғана. Оны Қазақстанның музыкалық мәдениетінің ұйымдастырушысы деп нық сеніммен атауға болады, – деді аталған операның дирижері әрі музыкалық редакторы, Мемлекеттік сыйлық лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Алан Бөрібаев.

Құрманғазы атындағы оркес­тр­дің негізін салушы, жетекшісі әрі дирижері, консерваторияның бірінші ресми ректоры, алғашқы музыкалық колледждің іргетасын қалаушы, Ғылым академиясы құрылтайшыларының бірі болған Ахмет Жұбанов музыкатану саласына қосқан үлесі зор әрі қазақ музыкасы туралы зерттеу еңбектерінің авторы. Алан Бөрі­баевтың айтуынша, бүгінгі таңда композитордың сирек айтылатын тағы бір тұсы – қазақ тіліндегі аудармалары. Мәселен, ол Паганини туралы кітапты аударған, алайда баспа үйі оны жоғалтып алған.

– Паганинидің отаны – Генуя­дағы (Италия) гастролі кезін­де «Абай» операсына дири­жерлік еткен кезде Жұбанов пен Пага­нинидің осынау көзге көрін­бес байланысы туралы ойландым. «Абай» операсының музыкасы шынайы әрі тебірентер күш­ке жететіні соншалық, түрлі ұлт тың­даушыларын бейжай қал­дыр­майды. Бірде Парижде операдан кейін маған көз жасына ерік берген бір тыңдаушы әйел келіп: «Бұл музыка мен туралы» деді. Мен үшін «Абай» операсына дирижерлік ету – әр кез іші-бауырымды елжіретіп, толқытатын сезім. Бұл – ғаламат туынды, ешқандай артық нота жоқ, ол әлемдік классикалық опера­ның озық үлгісі болып табылады, – деп қорытындылады Алан Бөрібаев.

Абай партиясын әр күндері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Талғат Мұсабаев, Азамат Жылтыркөзов (дебют) ұсынатынын атап өткен жөн. Ажар­дың бейнесін «Құрмет» орде­ні­нің иегері Айзада Қапонова мен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Айгүл Ниязова сом­дайды. Абайдың шәкірті Ай­дардың рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Мейір Байнеш пен Жан Тапин орындамақ. Әзімнің партиясын Бейімбет Таңарықов әзірлеуде. Жиреншенің партиясында Қа­зақ­станның еңбек сіңірген қай­раткері Жанат Шыбықбаев дебют жасайды, екінші күні бұл бей­нені Талғат Ғалеев ұсынады. Қар­лығаш – Татьяна Вицинская, Малика Минизини. Көкбай – Ержан Саипов. Сырттан – Болат Есімханов, Шыңғыс Расылхан (дебют). Нарымбет – Рамзат Балакишиев, Мес – Хайдар Мұс­тапин. Карантин кезінде театрға келу Ashyq қосымшасы арқылы жүзеге асырылады.