Музей өзінің дербес зерттеу жұмысын тәуелсіздіктің алғашқы таңдарымен бірге бастады десек қате айтпаған болар едік. Ең алғашқы дербес зерттеу жұмысы Отырар қалажұртынан оңтүстікке қарай 1 км жерде орналасқан Мыңшұқыр елдімекенінде (жетекшісі М.Қожа) жүргізілді. Төрт жылға созылған археологиялық қазба жұмысы нәтижесінде Қазақстанда бұрын-соңды кездеспеген, үлкен ауқымды алып жатқан XIІІ-XV ғғ. тән ірі құмырашылар орамы анықталды. Нақты айтар болсақ, археологтар тапқан шеберхана орнынан әр түрлі мақсатта пайдаланылған, түрлі пішінде салынған 18 пеш орны мен 2 тұрғын үй құрылысы аршылып, зерттелді. Шеберханада ыдыс-аяқтардың барлық түрлері, әсем ғимараттар үшін түрлі көлемдегі құрылыс заттары, яғни өрнекті, сырлы, сырсыз әрлеуіш қыштар мен мешіт күмбезінің ұшар басына қойылатын құббалар жасалған. Пештерді зерттеу барысында алынған жәдігерлердің жасалу формасына қарап шеберхана ХІІІ-ХІV ғғ. тән екендігі нақтыланған болатын. Бір ескеретін нәрсе, қазіргі кезге дейін Қазақстан мен Орталық Азияда мұндай алып шеберхана орны табылған.
Жаңа ашылымдар мұнымен тоқтап қалмады. Көп ұзамай-ақ, яғни 1991 жылы Отырар өңіріндегі ірі қала орталығы болып саналған Марданкүйік қалажұртының солтүстік-батысынан 2 км қашықтықтан, Шәуілдір-Түркістан тас жолының бойынан құрылыс жұмысын жүргізу барысында адам сүйектері мен шыны заттардың қалдықтары шашылып жатқаны туралы мәлімет келіп түсті. Аталған жерге музей қызметкерлері барып, арнайы зерттеу жұмысын жүргізе отырып, ХІ-
ХІІІ ғғ. тән жерлеу орны мен шыны өндіретін шеберхана орнын ашты. Қазба жұмысы барысында шеберхана орнынан көптеген шыны бұйымдар табылды. Бұл өз кезегінде ХІ-ХІІІ ғғ. аралығында Отырар өңірінде шыны өндіру тәсілі кеңінен дамығандығын көрсетіп берді.
1995 жылы музей археологтары Отырар қалажұртынан анықталған мешіт ауласына қазба жұмысын жүргізіп, мешітке қарама-қарсы 40 м жерден, қыштан өрілген сәулетті ғимарат орнын анықтады. Қазба жұмысы барысында археологтар алынған заттар мен жазба деректер ғимараттың ХІV-ХV ғғ. шамасында Отырар хакімі болған Бердібектің сарайы болуы мүмкін деген тұжырым жасады.
2001-2004 жылдардағы ЮНЕСКО-Қазақстан-Жапонияның бірлесіп жасаған «Көне Отырардың қалажұртын сақтау мен реставрациялау» жобасына музей қызметкерлері қатысып, шетелдік ғалымдармен тығыз байланыста жұмыс істеді. Көне Отырар қалажұртына көңіл бөлу мұнымен тоқтап қалмады.
Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 2003 жылғы сәуірдегі Жолдауында «Қазақстанның мәдени мұра жобасы» тақырыбында стратегиялық ұлттық жобасын ұсынғанын білеміз. Бұдан Отырар өңірі де тыс қалмады. Бір ғана Отырар өңіріндегі Оқсыз, Көкмардан, Марданкүйік, Алтынтөбе, Жалпақтөбе, Бұзық сынды заманында ірі мәдени орталыққа айналған қала орындарына кешенді түрде археологиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Ал Отырар қалажұрты үшін арнайы «Көне Отырарды жаңғырту» жобасы қолға алынып, көптеген игі істер атқарылғанына көпшілік куә.
Бұдан бөлек қорық-музей қызметкерлерінің өңір тарихын зерттеу, яғни өңірде орналасқан тарихи-мәдени мұра объектілерінің санын анықтау, тізімге алу және ғылыми айналымға енгізу бағыты бойынша сіңірген еңбегі орасан. Тәуелсіздік алған алғашқы қиын-қыстау кезеңде, яғни 1992 жылы қорық-музей қызметкерлері барлау жұмыстарын ұйымдастырып, Сырдария өзенінің сол жағалауынан Аққорған, Шаншар сынды ірі қала орындарын анықтап, зерттеді. Археологиялық барлау жұмысы мұнымен тоқталып қалмады. 1998-2000 жылдары аралығында ұйымдастырылған далалық экспедиция барысында қорық-музейдің ескерткіштер тізімі 200-ге жетті.
Қорық-музей қызметкерлерінің қатысуымен Ә.Марғұлан атындағы Археология институты Қазақстанда алғаш рет Отырар өңірі ескерткіштерінің электронды археологиялық картасын жасады.
Отырар өңірінде бұрын-соңды эпиграфиялық зерттеулер жүргізілмеген болатын. Музей қызметкері С.Ақылбек 1998 жылы осы бағытта еңбек етіп, Арыстанбаб кесенесі жанындағы көне қорымнан табылған 150-ден астам құлпытасқа зерттеу жүргізіп, аудармасын жасады.
2020 жылы «Қазақ хандығының қалалары: саяси, экономикалық және мәдени өмірдің орталықтары» атты ғылыми жобаны орындау барысында т.ғ.к. А.Жұмашованың жетекшілігімен Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейінің қызметкерлері Отырар қалажұртында қазба жұмысын жүргізді.
Жоба аясында жүргізілген ғылыми-зерттеу жұмыстары нәтижесінде Отырар қалажұртының Қазақ хандығы тұсындағы материалдық және рухани мәдениеті, шаруашылық дәстүрі жайлы жаңа деректер алынды. Атап айтар болсақ, заттай деректер қатарында 58 дана күміс теңге көмбесін айтуға болады. Теңгелердің аверсінен анықталған жазбалар арқылы оның Шайбанидтер әулетінің билеушісі саналатын Абдулла ІІ-нің билігі тұсында (1583-1598 жж.) соғылғаны анықталды.
Сонымен бірге қазбаның оңтүстік-батысынан, орталық алаңның солтүстік бұрышынан үлкен бір әулетке тиесілі, көлемі 6,3х7,7 м болатын кесене орны анықталып, зерттелді. Кесененің негізгі фасады оңтүстік-батысқа, яғни Отырар қалажұртының оңтүстік бөлігінде орналасқан жұма мешітінің ауласына қараған.
Шариф ад-дин Йездиден жеткен деректе Қытайға жасағалы жатқан жорығы алдында Ақсақ Темірдің Отырарға келгендігі, Тоқтамыс ханның елшісін қала хәкімі Бердібек сарайында қарсы алғандығы жазылады. Темір мен оның уәзірлері Бердібектің он бір бөлмеден тұратын қонақ жайына бөлініп түскенін білеміз. Бердібек сарайымен қатар салынған кесенеге жүргізілген салыстырмалы талдау мен библиографиялық ізденіс жұмыстарының нәтижесі кесененің XV ғасырдың І жартысында, яғни Отырар қалажұртының Ақсақ Темір билігі тұсында салынғанын анықтап берді. Алайда кесене құрылысы Әмір Темір өлгеннен кейін-ақ бүлінген болуы мүмкін.
Зерттеу жұмысымыздың нәтижесінде кесене құрылысының үш бөліктен, яғни зияратхана, дәліз (дромос) және қабірханадан тұратындығы анықталды. Кесене құрылысына жақсы иленіп, күйдірілген қыштар пайдаланылса, нысанның негізгі бөліктері, яғни, бұрыштары мен аркалары гипс қосындысы бар сылақпен нығайтылған. Қазақстанның өзге өңірлерінен табылған XIV-XV ғғ. жататын мұндай құрылыс үлгілеріне қарап, кесененің жоғарғы бөлігі бір күмбезді, қасбеттік кесене тобына жататындығы белгілі болып отыр. Кесененің жоғарғы зияратхана бөлмесінің көлемі 4х4,7 м. Кесененің үстіңгі, яғни зияратхана бөлмесінің қабырғаларының екі шетіне бүтін қыш қаланып орталары сынық қыштармен толтырылған. Орталарына толтырылған сынық қыштар қатарында XIII-XIV ғғ. тән өрнекті қыш бөліктерінің табылуы кесененің салынған мерзімін нақтылауға мүмкіндік береді.
Біршама жақсы сақталған оңтүстік-шығыс қабырғадан ені 1,2 м келетін терезе орны анықталды. Терезе жақтаулары гипс қосындысы бар сылақпен сыланған. Осындай терезе орындары кесененің солтүстік-шығыс және солтүстік-батыс қабырғаларында болған болуы мүмкін деген тұжырымды ортаға салудамыз. Кесененің жерден қазылып жасалған төменгі қабірхана бөлмесіне ұзындығы 2,75 м, ені 0,85, жоғарғы жағы аркалы болып келген баспалдақты дәліз (дромос) арқылы кіретін болған. Қабірхана бөлмесінің жалпы көлемі 3,45х3,45 м. Қазба жұмысы барысында қабірхана ішінің бос топырағы еден деңгейіне дейін толық тазартылып, сыртқа шығарылып тасталды. Қабірхана ішін тазарту барысында ретсіз шашылып жатқан бес кісіге тиесілі адам сүйектері анықталды. Бұл жерде тағы бір назар аударар жайт, қабірханаға қойылған мәйіттер жерленбеген, яғни сағаналау әдісімен қабірхана еденіне қамыс төселіп, мәйіттер қамыс төсемелерге қойылған. Біздің пайымдауымызша, бір кездері сағана тоналған болуы мүмкін. Өйткені қаңқалардың ретсіз шашылып жатуы және бас сүйектерінің сақталмауы, сағана құрылысына пайдаланылған қыштардың бұзылып алынуы осы пікірімізді толықтыра түседі.
Жоғарыда айтып өткеніміздей, кесенеге қойылған мүрделердің бас сүйектерінің сақталмауы себепті антропологиялық реконструкция жасауға мүмкіндік болмады. Алайда зерттеу жұмысы мұнымен тоқтап қалған жоқ. Мүрделердің жасы мен жынысын анықтау мақсатында Алматы қаласында орналасқан ANTHROPOS ЖШС-нің қызметін пайдаланып, кесенеден табылған қаңқалардың бес кісіге тән екендігін анықтадық. Антропологтардың берген мәліметтері бойынша кесене ішіне қойылған мүрделердің жас шамасы 30-35, 45-55 және 50-60 жас аралығында болған және барлығы дерлік ер кісіге тән.
Мұндай құрылыс орындары Отырар ауданына қарасты Балтакөл ауылдық округінде орналасқан Қауған ата, Қызылорда облысына қарасты Жаңақорған ауданында орналасқан Сығанақ және Түркістандағы Қ.А.Ясауи кесенесі маңынан анықталып зерттелген болатын. Ал Қазақстанның өзге өңірлерінен табылған, яғни аршып алып зерттелген ортағасырлық қалалардың ешқайсысынан мұндай құрылымы күрделі кесененің кездеспеуі және кесененің Бердібек сарайы және жұма мешіті аталып отырған архитектуралық кешеннің ажырамас бөлігі болып отырғаны қызығушылығымызды одан ары оята түсері сөзсіз.
Сәбит ПӘРМЕНҚҰЛ,
Отырар мемлекеттік археологиялық қорық-музейі қызметкері
Түркістан облысы