Білім • 29 Сәуір, 2021

«Болашақ» бағдарламасына қатысты өзгерістер

887 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

«Болашақ» бағдарламасы­ның үміткерлері 4 мамырдан бастап 28 қазанға дейін құжат тапсыра алады. Аталған стипендияға қатысты тағы бір жаңалық, мамандықтар тізімі жаңартылды. Бұл туралы Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

«Болашақ» бағдарламасына қатысты өзгерістер

Білім және ғылым вице-министрі Мирас Дәуленов үміткерлердің «Болашақ» бағдарламасының тізімінде бекітілген әлемдік беделі жоғары оқу орындарының біріне өздері түсетінін жет­кізді.

– Үміткерлер үшін ең маңыз­ды құжат – «Болашақ бағдарламасымен оқуға болатын басым маман­дық­тардың тізімі. Был­тыр «Болашақ» бағдарлама­сының үміткер­лерін ірік­теуге және кон­курс­тық құ­жаттамаға қатыс­ты талап­тарға өзгеріс­тер енгізіл­ген болатын. Со­ған сәйкес енді бар­лық үміт­­керлер (мейлі магис­тратураға, док­торантураға, рези­дентураға тапсыратын) «Болашақ» бағдарлама­сының тізімінде бекітілген әлемдік беделі жоғары оқу орындарының біріне өздері түсуге міндетті болады. Оқуға түскенін дәлел­дейтін құжатпен ғана сти­пендияға үміткер бола алады. Құрамына білім және ғылым саласының сарапшылары, қоғам қайраткерлері кіретін Республикалық комиссия отырысында 2021 жылға арналған басым ма­ман­дықтардың тізімі бекі­тілді. Оның қатарында жаңа технологиялар, роботтехника, биология, биотехнология, реабилитология, иммунология, вирусология, вакцинология саласының мамандықтары қамтылған, – деді вице-министр.

Аталған орталық Мем­­лекет басшысының Жол­дау­да беріл­ген 500 ғалым­ның әлем­дегі жетекші зерттеу орталық­тарында жыл са­йын тағылымдамадан өтуін қамтамасыз етуге қатысты тапсырмасы бойынша жұ­мысты да ұйымдастырады.

– Шетелде кадр­лар­ даяр­­лау жөнiндегі респуб­лика­лық комиссия­ның шешімімен тағы­лым­да­маның санат­тары бекі­тілді. Енді тағы­лым­да­ма қатарына ғалым­дар­ға ар­­налған жаңа санат қо­сылды. Ғалымдарға ар­нал­ған тағылымдама 9-дан 12 айға дейін созылаты­нын атап өткен жөн. Бұл отан­­дық ғалымдарға әлем­нің жетекші ғылыми зерттеу орталықтарында іс-тәжі­­рибеден өтуге және шетелдік әріптестерімен бір­лесе жұ­мыс істеуге жол ашады. Тағы бір тоқтала кететін маңызды жайт, та­ғы­лымдама магистратура, докторантура, резидентура бағдарламалары бойынша да қарастырылған, – деді М.Дәуленов.

Ал «Болашақ» халықара­лық бағдарламалар орта­лығы» АҚ президенті Айнұр Кәрібозова аталған басым мамандықтардың тізімі қалай жасақталғанын түсіндірді.

– «Болашақ» бағдарла­ма­сымен оқуға болатын басым мамандықтардың тізімі еңбек нарығындағы мүдделі ұйымдардың ұсыныс-пікірі, болжамдары, Білім және ғылым министрлігінің мем­лекеттік тапсырысы бо­йынша бо­лашақта қа­жет болатын кадрлардың болжамына қатысты са­рап­таманың не­гізінде, сон­дай-ақ әр са­ла­ның сарап­шылары­мен талқылау арқы­лы әзір­ленді. Бұдан бөлек құ­жаттарды қабылдау мен үміт­керлерді іріктеу бары­сы толығымен автоматтан­дырылды. Сондықтан биыл­­ғы үміт­керлер 4 мамыр­дан бас­тап құжаттарын элек­­тронды үкімет порта­лы ар­қылы тапсырады. Құ­жат­тарының талаптарға сәйкестігі растал­ған үміт­кер­лер конкурстық ірік­теуге жолдама алады. Осы кезеңде үміткер пор­тал­дағы жеке кабинетіне кілт алып, жеке деректерін сақ­тай отырып, іріктеудің бар­лық кезеңінен өтеді, – деді А.Кәрібозова.

Орталық өкілінің ай­туын­ша, үміткерлерді ірік­теу конкурсының ке­зең­деріне сәйкес әуелі то­лығымен электронды форматта ке­шен­ді тесті­леу өткізіледі. Екін­­ші кезеңде тәуелсіз сарап­шы­мен жеке сұхбат болады. Соңғы кезеңде Шетел­де кадрлар даярлау жөнiндегі республикалық комиссияның мүшелері кандидатураларды қарас­тырады.