Әрбір жазушы өз ортасының, қоғамының көзқарасын, түсінігі мен пайымын ми елегінен өткізіп, оған өз топшылаулары мен тоқтамдарын, болжамдары мен тәжірибесін, сондай-ақ өмірдің, тіршіліктің заңдылықтарын қосып, өмірдің мәні жайлы туындыларды өмірге әкеледі.
Бұл әсіресе, өмірден мән іздеуге шақырып тұрған экзистенциализм термині дүниеге келген жиырмасыншы ғасыр мен біздің дәуірге тән. Рухани дағдарыс пен мәдени құлдырауды бастан терең өткерген соңғы екі ғасырдың адам баласының арқасына артқан жүгі ауыр. Адамдар шыбындай қырылған Екінші дүниежүзілік соғыс пен мәдениеттер мен өркениеттердің тағдыры шешілген жаһандану дәуірі, адамдардың тең жаратылысына күмәнмен қараушылықты тудырған капитализм адам өмірінің мәні туралы сауалды алға шығарып, әсіресе, жазушылардан, қаламгерлерден ойшылдықты, сұңғылалықты талап етті. Әйтпесе қым-қуыт өмірдің мың түрлі бояуын бейнелеу, сан алуан тағдырдың жайын оқырманға жеткізу, кейіпкердің ішкі күйін сипаттау оңай емес. Бұл тұрғыдан келгенде кейіпкерлері оқырмандардың санасында өмір сүретін қаламгерлер бақытты. Өз басымыз сондай қаламгерлердің қатарында нарықтық қатынастардың адам психологиясына әсерін, адам болмысының жалғыздығын, әрбір тағдырдың оқшаулығын, санадағы ақиқат пен өмір шындығының бір-біріне сәйкесе бермейтінін сәтті бедерлейтін Нұрғали Оразды атар ек.
Оның бір кейіпкері сиқырлы көл сияқты. Күн сәулесі бетінде жалт-жұлт ойнап, бірте-бірте жылына бастаған тұңғиық көл секілді, төңірегіне жып-жылы шуақ шаша қарайтын тостағандай қара көзді келіншекті жазушы бастан-аяқ сиқырлы көлге теңеп, ең соңында өткеннің бәрін тереңіне батырып, ешқандай белгі қалдырмай, жым-жылас қып жұтып қойып, тұп-тұнық боп мөлдіреп жатады деп сипаттайды. Оның тағы бір кейіпкері оңаша арал сияқты. Шетсіз, шексіз көк айдынның бір қиырындағы кіп-кішкентай боп бұлдырап тұрған оңаша арал қалай елсіреп, құлазып тұрса, кейіпкердің қар басып, мұз қатып жатқан жан-дүниесі де дәл сондай құлазулы, жалғыз... Қаламгердің енді бір кейіпкері адасқан жұлдыз болса, тағы біреуі бақ құсының өзінен аумайды. Бір-біріне мүлде ұқсамайтын осы кейіпкерлер оқырман көңіліне мықтап орнығады. Себебі прозаик поэтикалық көркемдіктің қуатын, шендестіру, теңеу, салыстырулардың адам санасына әсерін ерекше меңгерген. Міне, сол себепті олар азан шақырып қойған атымен емес, жазушының теңеуімен есте қалады. Бір қызығы, осы кейіпкерлердің ешқайсысы қарапайым, күйбең тіршілікті місе тұтпайды. Идеал махаббат іздейді, өткен шақты сағынады, тосын қадамдар жасайды, өз тағдырының қожасы болғысы келеді, т.б. Қысқасы, ортамен, тіршілікпен санасқысы келмейтін ерекше кейіпкерлер айналып келгенде өз өмірлерінің мәнін тапқысы кеп шарқ ұрады.
Нұрғали Ораз шығармашылығына тән ерекшелік ретінде оның адам болмысының жалғыздығын нәзік сыршылдықпен сипаттауында дер ек. Жазушы жалғыздықты жай ғана сезінбейді, ол жалғыздықты көреді. «Түнмен бірге ере келген Тыныштықтың жетегінде Жалғыздық бар еді. Ол өзі бір қол-аяғы шидей, басы қазандай, бадырақ көз арық балаға ұқсайтын-ды. Міне, сол бала-жалғыздық қазір жан-жағына ұрлана көз салып, әлі шамы сөне қоймаған терезелерден ішке сығалап қарап келеді...» дейді жазушы. Міне сол бала-жалғыздық сәт сайын өсіп, аяқ-қолы сидиып, бойы серейіп, мойнын созып ұмтылып, терезелердің жақтауына жабысып алып, әрбір пәтердің ішіндегі көріністерге телміреді. Жалғыз-жалғыз адамдардың мұңдарына куә болады. Бірақ олар мұны көрсе де көрмегендей, сезсе де сезбегендей кейіп танытады. Тіпті масаңдау бір әйел «әрі жүр» деп жалғыздықты қуып жібереді. Түні бойы жаны жабырқап, көңілін кіреуке басатын адамдар таңертең ештеңе болмағандай күліп оянып, шаруасына асығады екен, пәтерде жалғыз тұратын дімкәс қарттың өзі бір пакет сүт пен бөлке нан алу үшін әне дүкенге кетіп барады. Олар жалғыздықты танымайды, мойындамайды... Жазушы адамдардың барлығы бірдей жалғыздықты сезіне алмайтынын, сезінсе де мойындағысы келмейтінін, тіпті оны танымайтынын, оның ар жағында олардың өз болмыстарын танымайтынын, өз-өздерінен қашатынын, өз-өздерін алдайтынын жалғыздықты бөлек болмыс ретінде бейнелеу арқылы сәтті жеткізген. Мойны қылқиған, бойы сорайған бала-жалғыздық адамдардың жалғыздық туралы таным-түсінігінің қораштығына, жетілмегеніне де меңзеп тұрғандай. Тіпті адам жалғыздықты мойындамау, танымау арқылы ғана тіршіліктен, өмірден ләззат алуы мүмкін деген сияқты ойлар да жасырынып жатқандай ма...
Қаламгердің «Аяқталмаған ертегі» әңгімесінен нарықтық өмірдің заңдылықтарын танимыз. Отбасылы, жігіт ағасы жастағы ғылым кандидатының аяқталмай қалған махаббат ертегісі оқырманды әрі-сәрі күйге түсіреді. Бірнеше жылдан соң баяғы бойжеткенмен кездесуге құрған жоспарының сәтсіз аяқталуында тұрмыстың шындығы бар еді. Яғни баяғы талшыбықтай бойжеткен Раушан жеме-жемге келгенде онымен кездесуге өзін іркіп қалады. Себебін, жазушы былайша түсіндіреді: «...ауыр тұрмыс пен қара жұмыс қажытып, торсиып ісініп кеткен қолдарын қайда сыйғызарын білмей, онсыз да тырсылдап әрең сыйып тұрған сұр плащының етегін тартқылай берді». Яғни тұрмыстың илеуіне түскен, сөйтіп мазмұны да, пішіні де өзгерген ауылдық әйел өзінің маңдайы жарқыраған қалалық ғылым кандидатымен кездесуге лайық емес екенін дер кезінде түсінеді... Өмір шындығының қиялдағы махаббат ертегісіне қатысы жоқтығын шеберлікпен баяндаған жазушы адамдардың нарықтық қоғамдағы құны, мазмұны туралы толымды ой толғайды. Айналып келгенде қандай қоғамда өмір сүрсе де адамның жан дүниесі бостандықты, еркіндікті, махаббатты қалайтынын, сол арқылы өз өмірінен мән тапқысы келетінін жымдастыра өрнектейді.