28 Сәуір, 2010

Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: БАТЫС ПЕН ШЫ­ҒЫСТЫ ТО­ҒЫСТЫРАТЫН ҚАЗАҚ ЖЕРІ – БЕЙБІТШІЛІК БЕЛДЕУІ

579 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
Кеше Алматыда ІХ Еуразия медиа-форумы өз жұмысын бастады. Онда адамзатты толғандырып отырған сан түрлі тақырып Батыс пен Шығыстың сан алуан саясаткерлері мен журналистерінің талқысына түсіп, қызу пікір алмасу жүріп жатыр. Медиа-форумда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сөз сөйледі. Құрметті форумға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар! Баршаңызды Еуразиялық ме­диа-форумның ашылуымен құт­тықтаймын! Осымен тоғызыншы рет өткізіліп отырған медиа-форум игі дәстүрге айналды. Форумда адамзатты алаңдатар жаһандық ауқымдағы өзекті мәселелер үзбей талқыланып келеді. Салиқалы, сындарлы мұндай сұхбат орнының Қазақстанда қалыптасуы кездейсоқ емес. Батыс пен Шығысты то­ғыстыратын қа­зақ жері бүгінде бейбіт­шілік бел­деуіне айналды. Өркениетті үн­қа­тысудың өзіндік моделі орныққан Қазақ елінде әлемдік діндер мен дәстүрлі конфессиялардың 3 құрылтайы өтті. Татулықты ту еткен еліміз дү­ние жү­зі­не ізгіліктің өнегесі бо­луда. Қазақстан ТМД мемлекеттері арасында тұңғыш рет Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақ­тастық ұйымына төрағалық етуде. Хал­қы­мызда бағзыдан жеткен “Жол жүрсе, өнеді” деген даналық сөз бар. Жолдың өнуі үшін нақты қадам керек. Біз ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан тұңғыш мем­лекет ретінде қашанда жаһандық қауіпсіздіктің табанды жақтау­шы­сы болып келдік. Бұл орайда таяу­да елімізге келген БҰҰ-ның Бас хат­шысы Пан Ги Мунның: “Ядро­лық қаруға ие барлық елдерді Қазақ­станның жолымен жүруге шақырамын”, деген мәлімдемесі көп жәйтті аңғартады. Біздің бұл бағыттағы белсенді шараларымыз одан әрі жалғаса береді. Құрметті форумға қатысушылар! Ханымдар мен мырзалар! Бүгінде жаһандық БАҚ-тың назары Қазақстан мен Орталық Азияға ауып тұр. Небәрі 18 жыл бұрын біздің өңір әлемге беймәлім шет аймақ еді. Ал қазір Орталық Азия – әлемдік экономика, қауіп­сіздіктің аймақтық және жаһандық жүйесінің аса маңызды бөлігі. Тарихта тұңғыш рет Орталық Азиядағы мемлекет – Қазақстан Еуропадағы қауіпсіздік және ын­ты­мақтастық ұйымын басқаруда. Біз осынау мәртебелі міндетті Ұйымға мүше барлық мемлекеттер қолдаған нақты мақсат шеңберінде іске асырамыз. Біздің төрағалығымыздың ұра­ны төрт Т – “траст” (сенім), “тра­дишн” (дәстүр), “транспаренси” (ашық­тық), “толеранс” (төзім­ділік) біздің төрағалығымыздың ұранына айналды. Біз ЕҚЫҰ Ванкуверден Вла­ди­востокқа дейінгі кеңістікті қам­титын­дықтан, қауіпсіз ғаламның жаңа сұлбасын қалыптастыруға ба­рынша атсалысуы тиіс деп есеп­тейміз. Өздеріңізге мәлім, біз Астанада ЕҚЫҰ саммитін өткізуді ұсындық. Бұл идея мүше мемлекеттер тара­пы­нан қолдау тапты. Біз осы қол­дау үшін өзіміздің серіктестерімізге ризамыз. Мұндай жиын, міне, он жыл­дан бері өткізілген жоқ. Қазір бә­ріміз жоғары деңгейдегі кездесудің күн тәртібін әзірлеуге кірісіп жа­тыр­мыз. Басқосуда ЕҚЫҰ-ның жауап­кершілігі аумағындағы қауіп­сіз­дік­тің ең көкейкесті мәселелері, Ауған­стандағы ахуалды, сондай-ақ жатсынбаушылық жайын талқылау қажет. Астанада мемлекет басшы­ла­ры­­ның саммитін өткізу жаңа та­рихи жағдайда “Хельсинки рухын” жаңғыртуға бағыттал­ған маңызды оқиғаға айналар еді. Бүгінде Ұйым XXІ ғасырдың аса күрделі шарттарына бейімделуі керек. “Қырғи-қабақ соғыс” дәуірінде өмірге келген ЕҚЫҰ дамудың жаңа деңгейіне көтерілуге, әскери-саяси және гуманитарлық өл­шем­нен экономика мен экология мә­селелеріне дейінгі қазіргі заманғы қауіпсіздіктің күллі жүйесін қам­тамасыз ететін барынша тиімді құ­рылымға айналуға қабілетті. Бұған Ұйымға мүше барлық мемлекеттің күш-жігерін біріктіру арқылы қол жеткізе аламыз. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы ретінде ұжымдық мақсат пен ор­тақ мүдде жолында әрекет етуге дай­ын. Соның ішінде осы Ұйым­ның өзге де аймақтық құрылым­дар­мен байланысты және ықпал­дастықты жандандыру арқылы да. Қазақстан еуропалық тәжірибеге, атап айтқанда, ЕҚЫҰ-ның нақты іс-қи­мы­лы­на сүйене отырып, қауіпсіздік пен ынты­мақ­тастықтың жаңа үлгілері мен құры­лымдарын іздейді, әрі құрады. Бұлардың бі­ре­гейі – Азиядағы өзара ықпал­дас­тық және сенім шаралары жөніндегі кеңес. Бұл кеңес серпінді түрде дамып, Азия құр­лы­ғында барған сайын танымал бола түсті. Бүгінде АӨСШК мақсаты ЕҚЫҰ-ның мүд­­десімен сәйкес Азиядағы ұжым­­дық қауіпсіздіктің жаңа үлгісіне айнала алады. Алдағы 2011 жылы Қазақстан Ис­лам Конферен­циясы Ұйымына төрағалық етеді. Қазақстан мұсылман тұрғыны ба­сым зайырлы мемлекет ретінде ислам және христиан өркениет­тері­нің жақын­дасуына ықпал етеді. Сондықтан біз ЕҚЫҰ мен ИКҰ арасындағы үнқатысу­дың жан­да­нуына күш саламыз. Бүгінде біздің тәжірибеміз Батыс пен Шығыс елдері үшін тартымды. Кейбір түсі­ніктерге қарамастан, Батыс пен Шығыс кең ауқымды сұхбат үшін Әлемдік және дәстүрлі дін­дер­дің құрылтайында, сондай-ақ Еуразия медиа-форумы сияқты сындарлы жиындар тұрақты түрде қазақ жерінде бас қосады. Құрметті форумға қатысушылар! Әрбір дәуірдің өзінің басты мін­деттері болады. Ал оларды ше­шу адамзаттың ілгерілеуін қам­та­масыз етеді. XXІ ғасырда әлем түрлі сынақтарды бастан кешіруде. Технологиялық прогресс жа­һан­дық қауіпсіздіктің осал тұсын көрсетті. Әлемге жаңа қатер тө­нуде. Көптеген мемлекеттер өрши түскен кедейлік, қайыршылық және кесел атаулыны жоюда дәр­менсіз. Жер бетіндегі аймақтардың әлеуметтік-экономикалық да­муын­дағы теңсіздік күшейе түсуде. Жаһандық қаржы дағдарысы жағ­дайды ушықтыра түсті. Халық­ара­лық еңбек ұйымының мәліметі бойынша былтыр әлемдегі жұ­мыс­сыздар саны 212 миллионға жетті. Бұл 2007 жылмен салыстырғанда, шектен тыс өсім. Екі жыл бұрын жұмыссыздар саны 34 млн. еді. Бүгінде бірқатар мемлекеттерге банкроттыққа ұшырау қаупі төніп тұр. Өз елінен тыс жерлерде нә­па­қа іздеуге тырысатын заңсыз ке­лімсектер көбейіп келеді. Олар бар­ған жерінде түрлі әлеуметтік қиындықтар туғызуда. Қазір әлем­нің қырық мемлекетінде қарулы қақ­тығыс бар. Әлеуметтік түйткіл­дер­ді шешуге арналған қаржы қару мен әскери бағдарламаларға жұм­салуда. Ядролық қарудың бақылаусыз “жайылуы” халықаралық лаң­кес­тер­ге жайлы болып тұр. “Лас бом­баларды” қолдану қаупі күшейе түсті. Қайсыбір проблемалар қоршаған ортаның ластануы – климаттың жылынуы, қазба байлықтың сарқылуы, топырақтың құнарлылығын жоғалтуы және ауыз су тапшылығымен тікелей байланысты. ­аламда алдын ала болжауға болмайтын табиғи апат­тар болуда. Гаити, Чили және Қытайдағы зілзала орасан зор адам шығыны мен ғимараттардың қи­рау­ына әкеп соқты. Күні кеше Ис­ландияда жанартаудың атқылауы барлық халық­аралық әуе сапар­ла­ры­ның қаңтарылуына әкеліп соқ­қа­нына куә болдық. Қазір ешбір мем­лекет, тіпті ең мықты ел жеке-дара қауіп атаулыны жоя алмайды. Сондықтан жаһандық қауіпсіздікті нығайту мәселе­сінде халықаралық ынтымақтастыққа балама жоқ. Осы тұрғыдан алғанда Вашинг­тон­да Ядролық қауіпсіздік бойынша жаһандық саммиттің өткізілуі үл­кен мәнге ие. Алпыс жылдан ас­там уақыт ішінде тұңғыш рет әлем­нің қырық жеті мемлекеті мен халықаралық аса ірі ұйымдардың жетекшілері тұңғыш рет бас қосты. АҚШ Президенті Барак Обама­ның шақыруымен мен Вашингтон саммитіне катыстым. Өздеріңіз де білесіздер, Қа­зақ­стан ядролық қаруды таратпау үдерісіне өлшеусіз үлес қосты. Біз өз аумағындағы ядролық поли­гон­ды жапқан тұңғыш ел атандық. Сы­нақтардан бір жарым миллионнан астам қазақстандық зардап шекті. Қазақ жерінде сыналған ядролық за­рядтардың жалпы қуаты Хир­о­си­маға тасталған бомбаның екі жарым мыңына пара-пар. Дәл осы Семей полигоны жабылған соң өзге елдер бізден үлгі ала бастады. Невада, Муророа атолласы, Жаңа жер және Лобнор көліндегі аса ірі өзге ірі полигондардың үні өшті. Қазақстан зор ядролық қаруға ие болудан бас тартып, әлемдік ядролық державалардан қауіпсіздік кепілдігін алды. Біз Вашингтон сам­митінде ядро­лық қаруды та­рат­пау жүйесін нығайту­дың жаңа ұсыныстарын енгіздік. Әлемдегі же­текші мемлекеттердің басшы­ла­ры мұны жоғары бағалады. Бі­рін­шіден, біз ядролық қарусыздану саласында жаңа халықаралық құжаттарды әзірлеп, қол қоюды ұсындық. Атап айтқанда, бұлар ядролық қаруды көлденең және тікелей таратпау, сондай-ақ ыды­ратушы материалдарды әскери мақ­сатта өндіруге тыйым салу жө­ніндегі жалпыға ортақ шарттар. Мен, сонымен қатар, жаһан­дық қоғамдастықтың Ядролық қарусыз әлем жөніндегі жалпыға ортақ декларациясын қабылдау жөнінде бастама көтердім. Қазір біз БҰҰ аясында ядролық қаруға толық тыйым салатын жалпыға ортақ жаңа Жаһандық шартқа қол қоюды ұсынып отырмыз. Екінші­ден, біз ядро­лық энергетика сала­сын­дағы бағдарлама­ларға халық­аралық бақылауды күшейтуді жақ­тадық. Біз барлық елдердің яд­ро­лық энергетикалық зерттеу жүр­гі­зуге бірдей хақысы бар деп есеп­тейміз. Сонымен қатар, ешкім де бейбіт және әскери ядролық бағ­дарламалар арасындағы шектен аспауы тиіс. Қазақстан тағы да өз аумағында МАГАТЭ аясында Ха­лық­аралық ядролық отын банкін ор­наластыруға дайын екенін рас­тады. Бұған бізде қажетті инфра­құ­рылым мен мамандар бар. Біз оның сенімді қорғаны­сын қам­та­масыз ете аламыз. Үшіншіден, біз жаңа ядролық қарусыз аймақ­тар­ды, соның ішінде Таяу Шығыста, құруға ша­қырдық. Мұндай ай­мақ­тардағы барлық елдерге әлемдегі ядролық державалар тарапынан қауіпсіздіктің берік кепілі мен бейбіт атом саласында жеңілдіктер беру аса маңызды. Төртіншіден, Вашингтон жаһандық саммитінің миссиясын іске асыруда Қазақ­стан­ның үлесі биылғы маусымда Астанада Ядролық лаңкестікке қар­сы күрес жөніндегі жаһандық бас­та­малар конференциясының өт­кізілуі болмақ. Жалпы алғанда, ядролық қауіпсіздік мәселелері бойынша қазақстандық бастамалар осындай. Біз оларды жүзеге асыруда БҰҰ, МАГАТЭ, Ядролық жеткізу­ші­лер тобы және ядролық лаң­кес­тік әркеттерімен күрес жөніндегі жаһандық бастамаға қатысушы мемлекеттермен жұмыс істеу ние­тіндеміз. Мен Еуразия медиа-фо­румына қатысушыларды осы ұсыныстар мен идеяларды жаһан­дық қоғамдастыққа және өз ел­де­ріндегі саясаткерлерге жеткізуге шақырамын. Құрметті форумға қатысушылар! Бүгінде Орталық Азиядағы барлық мемлекеттер Еуразиядағы қауіпсіздік пен бейбітшілік жо­лын­дағы өзінің зор жауапкершілігін толық ұғынуы тиіс. Бұл жерде әң­гіме бірінші кезекте аймақтағы әр­бір елде берік бейбітшілік пен ты­ныштық, тұрақты даму қажеттілігі жөнін­де. Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап жаһандық қоғамдастық­тың жауапты мүшесі болуға мүдделі екенін паш етті. “Экономикалық өсім ар­қылы демократияландыру” реформалар стратегиясы арқасында жүз қырық этнос тұ­рып жатқан біздің елімізде саяси тұ­рақтылық, этностық және конфессия­ара­лық келісім нығая түсуде. Қазақстан осы жылдары өзінің стратегиялық мақсаттарын жүзеге асырып, дамып келеді. 1997 жылы “Қазақстан-2030” стратегия­сы қабылданды. Біз құжатта ұзақ мерзімді ме­же­ні басты мақсат пен елдің да­муының басымдықтарын айқын­да­дық. Жаңа ғасырдың алғашқы он жылдығында біз мерзімінен бұрын ІЖӨ көлемі мен өнеркәсіп өнімін өндіруді екі есе ұлғайттық. Ауыл шаруашылығы өндірісі бір жарым есе өсті. Тұрғындардың табысы он төрт есе көбейді. Біз басқару саласы және саяси жүйеде тиімді реформалар жүргі­зіп, жас мемлекеттің іргесін ны­ғайттық. Мемлекет небәрі он жылда өзінің жаңа елордасы – Астана қаласын тұр­ғызды. Ұлан-ғайыр даланың ортасында жаңа шаһар бой көтерді. Қазақстан­дықтар оны мақтаныш тұтады. Ал меймандар таңданысын жасырмайды. Қазақстан өзге елдер секілді жа­һан­дық қаржы дағдарысы әкел­ген ауыр сы­нақтан өтті. Біз то­лық­қанды дағдарысқа қарсы бағ­дар­ламаны сәтті түрде іске асырдық. Елімізде бірде-бір ірі кәсіп­орын жабылған жоқ, жұмыс орындарын қысқартуға жол бермедік. Керісін­ше, біз тек былтырдың өзінде төрт жүз мың жаңа жұмыс орнын ашып, жұмыссыз­дықты азайттық. Банк саласы, орта және шағын кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы, құрылыс мемлекеттен қомақты жәрдем алды. Біз халықаралық қар­жы ұйым­дары­нан көмек сұра­май, Ұлттық қордың қаржысын пайдалану арқылы және тек өз күшімізге сене отырып, жаһандық дағдарыстың қиын сынынан өттік. Біздің экономикамыз 2009 жылды оң өсіммен аяқтады. Міне, қазір осы үрдіс нығаюда. Бірінші тоқ­санның нәтижесі бойынша, ІЖӨ 6,6 пайызға, экспорт 60 пайызға, өнеркәсіп және сауда 11,5 пайызға өсті. Дер кезінде қолға алынған шаралардың арқасында отандық банктердің қарыз­дарын қайта құрылымдау аяқталды. Банк жүйесі толығымен тұрақтанды. Еске түсірсек, кеңес дәуірінде Қа­зақстан одақтас он бес рес­пуб­ликаның ішінде 12-13 орындарда еді. Қазір біз өзгелер мойындаған көшбасшымыз. ІЖӨ өсу қарқыны, оның көлемі және жан басына шаққандағы шетелдік инвести­ция мөлшері сияқты көрсеткіштер бойынша біз ТМД-дағы барлық мемлекеттерден озық тұрмыз. Қазір Қазақстанның ІЖӨ-сі Орталық Азиядағы елдердің бар­лы­ғының эконо­микасынан артық. Қазақстан өз күшіне сенімді. Әрі аймақтағы басқа елдерді қолдауға дайын. Биыл Индустриялық-инно­вациялық дамудың 2020 жылға дейінгі жаңа бағдарламасын іске асыруға кірістік. Бұл Қазақстан үшін маңызды өмір­шең жоба. Үс­ті­міздегі жылдың өзін­де кұны бес млрд. долларлық жүз қырық­тан астам жоба аяқталды. Сонымен қатар бір мезгілде 26 млрд. долларлық 47 жаңа жобаны іске асыру қолға алынады. Осы жоспарлардың орындалуы болашақта қазақстандық эконо­ми­каның көлемін едәуір ұлғайтып, аза­маттардың тұрмысын жақсар­ту­ға мүмкіндік береді. Бүгінде Қа­зақстанда ең қолайлы инвес­ти­ция­лық ахуал қалыптасты. Инвес­тор­лар үшін біздің еліміз ТМД, Кеден одағы, Каспий өңірі және Орталық Азияның экономикалық кеңістігіне апаратын сенімді көпір. Экономикадағы оң өзгерістер қазақстандықтардың тұрмыс дең­гейінің серпінді өсуімен астасады. Біз бұл арада тұрмысы аса жоғары қоғам құру жолында әлі көптеген проблемалардың бар екенін біле­міз. Міне, біздің даму жоспарла­ры­мыз осыған бағытталған. Сол себепті, біз ең алдымен қазақ­стандық білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін дамыту міндетін шешіп, құқықтық реформаны жүргіземіз. Қазір әлемдік қоғамдастықта қазақстандық даму жолы туралы айтатын болды. Бізді сыйлайды, өйткені біз күшті экономикасы бар және халықаралық қоғам­дастықтағы берік ұстанымға ие аймақтық державаны құрдық. Біз бұл мәртебені бағалаймыз. Оны нығайту үшін ең батыл қадамдар жа­саймыз. Біздің тәжірибеміз әлемдегі көптеген транзиттік мем­лекеттерге үлгі бола алады. Медиа-форумға көптеген қаты­сушылар елімізде бірнеше рет бо­лып, Қазақстанның даму қарқы­нын көзбен көрген. Осы арада жайлы Алматыда тұрып, көлікпен небәрі бірнеше сағаттық жерде, көрші Қырғызстанда мүлдем басқа ахуалдың қалыптасқанын көзге елес­тету қиын. Бірнеше күн бұрын күллі дүние Қырғызстандағы қай­ғылы оқиғаларға куә болды. Өкі­нішке қарай, қан төгілді, жазықсыз ондаған адам қаза тапты. Біз Қыр­ғызстан халқымен бірге аза тұта­мыз. Бес жыл ішінде бұл елде екі ірі саяси дағ­дарыс орын алды. Бұ­лар егер халықтың тұрмысы жақ­сар­маса, қоғамның қауіп­сіздігі эт­ностық және конфессияаралық келісім мәселелері шешілмесе, апаттан қашып құтылу мүмкін емес­тігін дәлел­деді. 2005 жылы сіз­дердің форумдары­ңыздың мін­бе­рінен сөйлегенде, сол кезде Қыр­ғызстанда болған оқиғаға тү­сініктеме бере келе, ұлы Абайдың сөзін келтір­генмін. Соны тағы қай­талағым келеді. “...кедей адам­дар бір-біріне жақсылық тілей ме? Кедейлік көп болса, еңбегі соғұ­рлым арзан болмақ. Олардың бір-біріне деген көрінбейтін өш­пен­ділігі бір­тін­деп ашық, ымырасыз жаулыққа апа­ра­ды. Олар өшігеді, соттасады, партия­ларға бөлінеді, қарсыласынан басым түсу үшін ықпалды жақтастарын сатып алады, шен-шекпенге таласады. Бұған бірдеңе алып-қосу қиын”. Қазақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел ретінде Қырғыз­станның дағдарыстан тез шығуы үшін бел­сенді әрекет етуде. Біз бұдан былай да қажетті гуманитарлық және эко­номи­калық көмекті көрсете бере­міз. Сонымен қатар, мен Қыр­ғызстандағы барлық сая­си күш­терді, күллі халықты тезірек бей­бітшілікті қамтамасыз етуге, тұрақты­лықты, тәртіпті және заң­ды­лықты қал­пына келтіруге тағы да шақырамын. Бұларсыз инвес­ти­ция да жоқ, даму да мүмкін емес. Осы оқиғалар аймақтағы елдердің ортақ дамуы және ортақ қауіп­сіздігі жолындағы экономикалық интеграциясы жөніндегі казақ­стан­дық бастамалардың көкейкес­тілігін тағы да растайды. Құрметті достар! Жүз жыл бұ­рын азат журналистиканың басты қағидасы қалыптасты: “Түсінікте­ме еркін, бірақ деректер қасиетті”. Бұқаралық ақпарат құралдарының болашақ қоғамды құрудағы рөлі теңдессіз. Мен форумдағы пікір­талас барысында айтылатын түсініктемелер мен пайымдаулар нақты деректерге сүйеніп, еркін де қызықты, пайдалы да сындарлы болатынына сенімдімін.