Әдебиет • 19 Мамыр, 2021

Кофе және әдебиет

385 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Кейде таңғы кофеңді ішіп отырып ойланасың: дарқан даламыздың бір нүктесінде бір талантты жазушы жақсы шығарма жазып отыр ма екен?.. Әгәрәки, бақытымызға қарай жазып отырса, әңгіме не туралы... Оқиға қалай өріледі... Бәрінен бұрын кейіпкердің басынан нендей трагедия өтеді... Оның жаны қалай толқиды? Ең бастысы, оны үлкен Қазақстандағы қазақтілді аз оқырман қашан оқиды екен?.. Санада беймаза сұрақ көп. Әрине, өзің жазбаған соң осылай болады, әрі көңіл шіркіннің арманы биік – классиканы оқығысы келеді.

Кофе  және әдебиет

1961 жылы адамзат баласы алғаш рет ғарышқа ұшты. 1901 жылы әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығы беріле бастады. Ал Тахауи Ахтанов 1968 жылы Мемлекеттік сыйлықтың алғашқы лауреаты атанды («Дала сыры» повесі үшін). Әлем­дік өркениетке үлкен қоз­ғау салған һәм қазақ руханиятына жаңа тыныс алып келген бұл оқиғалар бастау алғалы көп-көп жылдар өтті. Арада жүз­деген жақсы шығармалар жазылды. Жаппай оқылды. Бағаланғандары уақытында ма­рапат алды, көзінің тірісінде еленбегендер кейін алды. Мүл­дем алмағандарға, демек «бұйырмады». Ал сыншының, яки оқырманның шын бағасын алмаған шығармалар індетіп іздесең, көп-ақ. Жалпы, қай сала­ның болмасын, талантты ада­мын бағалауға келгенде біз өзі аса мәрт емеспіз. Бұл сөзі­мізге тарих куә (қазіргі қоғамға да қатысы бар-ау). Әлқисса. Не­гізгі әңгіме қазіргі әдебиет ту­ралы еді.

Ақыл мен білімнің арқа­сын­да бүгінде адамзат түрлі игі­лік­терге қол жеткізді. Тех­но­логияның күрт дамуы­нан соң халықтың өмірі жақ­сар­ды, тіршілігі жеңілдеді. Қы­зы­ғы, осындай қолжетімді қо­ғамда өмір сүріп отырып, кей­де оқитын жақсы дүние тап­пайтының бар. Яғни жақсы өмір сүруге, мүмкіндігінше бәрі бар, бірақ көңілің толқып отырып оқитын кітап жоқ (яғни аз). Бұл мәселенің де қоғамда екі ұшын көреміз. Қазір көпшілік (әсіресе, қазақтілділер) кі­тап оқымайды дейміз. Ал оқи­тындардың кеңіс­тігі тар. Екін­шіден, көркем шығар­малар­дың оқтын-оқтын жазылып, жария­ланып жатпағаны тағы бар. Осы екі қарама-қайшылықтың қосындысынан бүгінгі қазақ әдебиетінің ахуалы шығады.

Бір жағынан, біз, оқырман қауым негізінен өткен ғасыр­дағы немесе 2000 жылдардың басында жазылған тәуір шығар­маларды әлі оқып тауысқан жоқ­пыз. Қайталап оқитындары да жоқ емес. Көңіл күйге қа­рай кейде себепсіз «Ай мен Ай­шаны» оқығың келеді. Кей­де «Шынарым менің, шырай­лым менің» повесіндегі тасжолдың бойын сағынасың. Бұдан бөлек шетел классикасы қаншама?! Дегенмен бәрібір өткен уақыт­тың емес, қазіргі өмірдің – ай­наламыздағы адамдардың тағ­дырын оқығың келеді. Бүгінгі оқырман көркем әңгімеден өз заманын көргісі келеді. Біреудің жаңа дүниесі жарқ ете қалса, қуанып, іштей дайындалып оқи­сың. Болашағынан зор үміт күтесің. Жазуға жиі отырса екен дейміз. Жазғаны сәтті шықса екен дейміз.

Бәлки, жаңа шығармалар көп жазылмай жүргендіктен, оқырманға кітап оқыта алмай отырған болармыз?..
Бүгінгі әдеби ортадағы ауа жайылған тенденцияның бірі – шет тіліне аударылу. Иә, қазақ авторларының осы аудар­ма саласына келгенде белсенді ықыласы бұрыннан ерекше. Кеңес уақытында бұл жұмысты мемлекеттің өзі ті­келей қолға алып, қарқынды түр­де жүргізді. Әрине, ол кездегі қазақ жазушыларының қарым-қабілеті де жоғары бол­ды һәм елдегі әдебиеттің, оқыр­манның мәртебесі де биік еді. Ал қазір шығармашылық темпераментіміз төмен бо­ла тұра өзге тілдерге аударыл­ғымыз келеді. Кім не жазса да, әйтеуір бөтен бір тілге ауда­рылса екен дейді. Яғни оның шығармасы басқа тілге тәр­жі­маланса, деңгейінің өскені дейді. Біздің күдігімізше, бұл ғадеттің артында жазушылық мақтан дейтін мінез жатқандай.

Бірнеше жыл бұрын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазіргі заманғы қазақ әдебиетінің үздік үлгілері БҰҰ-ның алты тіліне аударылған еді. Мемлекет тарапынан бас­тау алған осындай жобаларға көңілің жібиді. Өйткені бү­гін­гі әдебиет мемлекеттің қол­дауына мұқтаж: шетел шығар­маларының қазақ тіліне аударылуы мәселесінде де. Аударма саласынан бөлек, қазіргі әде­биеттің қамы үшін жасалатын ел ішінде де талай игі іс бар. Ақиқатында, аударма дегеннің өзі кез келген әдебиеттің өз мем­лекетінде қалыптасып, бел­гілі бір деңгейде дамыған соң ғана істелетін жұмыс емес пе?.. Әрі аударма сұраныстан тумай ма?..

Мойындау керек, алпауыт елдер Қазақстанның өзін шырамытып әрең таниды, олар біздің әдебиетке қызыға ма? Байқасақ, әдеби ортада жүрген кейбір автор бұл жұмыспен жос­­парлы түрде айналысады. Сөй­тіп, ағылшын, испан, қы­тай, т.б. тілдерге аударылады.­ Дегенмен ол кітаптарды сол елде біреу оқиды дегенге сау ақыл сенбейді. Жорысақ, бұл – да жазушылық мақтанның бір түрі. Шет тіліндегі жап-жа­ңа мұқабаға қарап отырып, сүйсіну һәм айналасына мақ­тану, марқаю, тұсаукесерін өт­кізу. Жалпы, өзге тілге ауда­рылуға неге құмармыз? Бұл қандай мінез? Бәлки, бұл да бойымыздағы комплекстен туын­даған мінез шығар. Әрі-беріден соң, әлемдік кеңістікке қандай шығарма шығады? Адамзаттық тақырып қайда қа­лады? Мәселе тақырыпта да емес, өз оқырманың оқымаған дүниені өзге тілге аударып, шетелге ұмтылу қаншалықты дұрыс? Өз оқырманыңды жақсы шығармаға тамсандырып, тол­ғандырып, мойындата алсаң – талант деген сол емес пе?..

Қазақ авторларын шет тіл­дерге жаппай тәржімалайтын һәм бағы жанып жатса, Но­бельді де беретін уақыт ке­леді. Кейін. Оған дейін ұзақ өмір сү­ру керек.