Таяуда ғана Қарасу және Үлкен Чураков елді мекендерінің арасындағы тас жолдың бойына картоннан істелген 3 сиыр макеті орнатылды. Мұндай макеттерге жайылымға малын күнделікті күре жол арқылы айдап өтетін елді мекендердің тұрғындары да қызығушылық танытуда.
– Біздің төңіректе жайылым жоқ. Жергілікті шаруашылық есіктің алдына дейін көпжылдық шабындық егіп тастаған. Осы маңдағы 30 шақты үйдің малын ауылдың шетінен өтетін күре жолдың арғы бетіне айдаймыз. Ерсілі-қарсылы өтіп жатқан көліктер кейде малымызды қағып кетіп жатады. Мұндайда жеме-жемге келгенде мал иесі кінәлі болып шығады. Қазіргі заң бойынша малды қараусыз жіберуге болмайды. Сондықтан қанша жоғары жылдамдықпен құйғытып келе жатса да, заң көлік жүргізушінің жағында. Малдың маңайынан адам көрінбесе болды, қараусыз жүрген болып шығады. Ешкім таңертеңнен кешке дейін бірді-екілі малдың соңынан салпақтап жүрмейді, үйде де шаруа бар. Сондықтан жол бойына орнатылып жатқан сиыр макеттері мұндай келеңсіздіктің алдын алады деп ойлаймын. Жолға жақын тұрған жануарды көрген жүргізуші де алдын ала жылдамдығын тежеп, қауіпті аймақтан абайлап өтетін болады. Мұндай жол қауіпсіздігін ескертетін макеттерді біздің ауылға 2-3 жерден орнатса олқы емес, – дейді Айсары ауылының тұрғыны Әмір Қайыров.
Облыста дәл осындай макеттерді мал жайылымы жақын орналасқан басқа бағыттағы тас жолдардың бойына да орнату көзделіп отыр. Жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары басқармасының өкілдері алдағы уақытта жол қауіпсіздігін ескертетін жануарлар макеттерінің Арқалық – Торғай, Қарамеңді – Раздольный – Аралкөл бағытындағы қауіпті жол учаскелеріне де қойылатынын айтты.
Қостанай облысы