Әдебиет • 24 Мамыр, 2021

Жас қалам жайып қанатын...

1029 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Уақыт тегершігі қозғалған сәттен бері әр кезеңнің өз жазушысы, өз тарихшысы бар деп білеміз. Яғни кез келген қоғамның психологиясын өз суреткері баяндайды. Ал қазіргі қазақ өмірі көркем шығармада қалай бейнелеп жүр? Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонақтары – әдебиетіміздің жас буын өкілдері.

Жас қалам жайып қанатын...

Бауыржан Игілік, ақын:

 «Не жазсам?» деген сұрақтан қашып, үнемі қоз­ғалыста жүруге тырысамын. Оқу, іздену, әрине өз алдына міндетті шаруа. Алайда мен үшін жол жүріп, таңсық жер мен танымайтын ортадан әңгіме тыңдау маңызды. Сапар барысында көптеген тағдыр иелерімен сұхбаттасу мүмкіндігі туады. Мысалы, қазір пойызда өмірінен сыр шерткен кейуананың пешенесі толғантып, кезекті бір балладаның жетегінде жүрмін... Не жазсам да, ең бастысы, шынайы болуын қалаймын. Жаңалық ашып, батыстың стилін әкелу, шы­ғыстың сарынын қосу мақ­сатымда жоқ. Адам психологиясы, тағдыр жолы қатты қызықтырады. Жазам деген адам тақырыптан тарлық көрмес, себебі өмірдің өзі жазмыштар галереясы.Үңіл де жырла!

Әлішер Рахат, жазушы:

–  «Параллель» атты ро­ман жазып жатырмын. Осы­мен, шатаспасам, он үшін­ші рет бастадым. Он-жиырма шақты бет жазамын да, тоқтап қала беремін. Ендігісін соңғы нұсқа шығар деп ойлаймын. Жаза алмай, тоқтап қалатыным карантиннің әсері ме деймін. Өйткені велосипедті айдау үшін алға жүру қалай маңызды болса, өмірде бір орында тұрып қалғанның да шығармашылыққа әсері сондай болар. Бірақ енді-енді тіршілігіміз қалыпқа келіп,  қаламен бірге тынысымыз да ашылып жатқандай.

«Параллель» – ме­нің алғашқы романым «Махаб­батым – constant» секілді махаббат тақырыбын қоз­ғайды. Оқиға Алматы қала­сында өтеді. Адамның ішкі әлеміндегі өзгерістер сыртқа қандай формада шыға­ты­ны жайлы және өлім ал­дындағы адамның жанталасы суреттеледі.

Берікбол Батан, жазушы:

– Егер идеяны қорытып, ойша дамытып әрі бірінші романдағы жетпегені мен кеткен қателіктерін қайта зерттеп жүру жазу процесіне кіретін болса, алғашқы кезе­ңінде жүрмін деп айтуға болатын шығар. Себебі жазуға деген мотивациямен қолды, ойды ұстайтын кедергілердің бәрі сол бірінші кітаптың практикасынан пайда болады екен. Одан бөлек жалпы қоғамдық деңгейдегі депрессиялық көңіл күй де әсер ететін сыңайлы. Екінші шығарма да шытырман оқи­ғаға толы роман болады, сондықтан ең бастысы, жазғым келген тақырыптың бәрін толық зерттеуім керек.

Ал тақырыбын әлі қойған жоқпын. Оқиғада өз идеяларының жолында бәрін құрбан етуге дайын жандардың өмірі баяндалады. Әрине, бірінші романдағы кейіпкерлерімде өз мақсаттарының соңына түскендер еді. Бұл жолы айыр­машылық жанрлық тұрғыдан ғана болады. Реализмді жазғым келеді. Яғни уақытпен кеңістік қазір­гі сәтті қамтиды.

 

Дайындаған

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»