Оқиға • 25 Мамыр, 2021

Ауылдықтар әкім сайлауынан не күтеді?

513 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында 66 ауыл әкімінің өкілеттік мерзімі аяқталады. Бұған дейін аудандық мәслихат депутаттарының таңдауы бойынша сайланып келген әкімдер енді жергілікті халықтың тікелей дауыс беруі арқылы сайланатын болады. Елімізде тұңғыш рет кең көлемде жүзеге асырылғалы отырған саяси реформадан ауылдықтар не күтеді, сайлаудың жаңа жүйесі туралы әкімдердің өздері не дейді? 

Ауылдықтар әкім сайлауынан не күтеді?

Бұл сауалдарды ауылда тұрып жатқан ағайын мен бүгінде ауыл әкімі болып қы­з­мет атқарып жүрген азаматтарға жол­дап, сөйлесіп көрдік. Жұрттың сөзі­нен бай­қағанымыз, енгізілгелі отыр­ған ма­ж­о­ри­тарлық сайлау жүйесі өзі бас­қа­рып отыр­ған ауылдың жағдайы үшін шын жа­ны ауыратын, істің көзін білетін, бедел­ді де әділ әкімдердің қалыптасуына жол ашады.

Қазір ауылда талай жылдан бері күр­меуі шешілмей, қордаланып жатқан мә­селе көп. Өңірдегі шалғай ауылдарға бара қалсаңыз, тұрғындардың әңгімесі, негізінен, жолдың нашарлығы, ауызсу мен «көгілдір отынның» жоқтығы, жа­йылым мен шабындықтың жетіспеуші­лігі, қыста жолдың жабылып қалаты­ны, мұны шешуге тиіс әкімқаралар­дың қолы­нан ештеңе келмейтіні сияқ­ты түйт­­кілді жайлар төңірегінде өрбиді. Олар­­дың сөздерінен егер ауыл, ауылдық округ, аудан басшыларын тікелей халық сай­лай­тын болса, көкейкесті мәселелер бірте-бірте өз шешімін тауып, тұрмыс түзе­ліп, ауыл оңала бастар еді деген үміт сәу­лесін аңғарғандай болдық.

Шынында да қазіргі ауыл әкім­дері­нің шаруасы бастан асып жатса да, жұ­мыс­тарынан мардымды нәтиже шы­ғып жатқаны шамалы. Мәселенің бәрі қар­жыға келіп тірелетіндіктен, ауыл әкім­дері – ауданға, аудан облысқа қол жаю­мен шектеледі. Мысалы, Марат Нұр­­жанов – 8 жылдан бері Ұзынкөл ауданы­на қарасты Обаған ауылдық округі­нің әкімі. Биыл тамызда екінші өкі­леттік мерзімі аяқталады. Оның әкім­дік қызметін әрі қарай жалғастыру-жал­ғас­тырмауын тікелей сайлау арқылы округ тұрғындары шешеді.

Марат Нұржановтың айтуынша, халықпен жұмыс істеу оңай емес. Қазіргі ауыл әкімдері аудан басшысының да, ауыл тұрғындарының да тілін табу керек. Әйтпесе, «не арба сынады, не өгіз өледі». Ауылда шешілмей жатқан мәселе көп. Бірақ ауылдық округ әкімінің қолындағы қаржы мардымсыз болғандықтан, қысқа жіп күрмеуге келмейді. Бүгінде Оба­ғанда 652 тұрғын тұрады екен. Олардан төртінші деңгейлі бюджетке жылына 600-700 мың теңге салық түседі. Ал әкім мен әкімдік мамандарының айлығы, жүріп-тұратын көліктің күтімі мен жанармайы, компьютерлік техникасы, ғи­ма­рат­ты жылытатын отыны бар – бәрі­не жылына 13 млн теңге шамасында қар­­жы қажет. Әкімнің қолында мұн­дай қар­жы жоқ. Сондықтан әлі күнге дейін мем­лекетке қарап отыр. Әйтеуір, ауыл­дың әлеуметтік мәселелерін шешуге жер­гілікті шаруа қожалықтары көмектеседі.

Төртінші бюджеттің қоржыны тоқ болса, ауылда біраз шаруа облыстың араласуынсыз-ақ, жергілікті деңгейде шешілер еді. Бірақ бұл бюджеттің жер­гілікті әкімдікке берілгеніне біраз жыл өтсе де, оның ауылда қаншалықты мөл­шерде қалуы тиіс екенін аудандық мәс­ли­хат емес, облыстық мәслихат шешеді. Ауыл әкімдері ең әуелі осы мәселені ауыл­дың пайдасына шешіп алу керек дейді. Төртінші бюджет қаражаты жер­гілікті әкімдіктің қатысуымен бөлінбей, іс оңға баспайды. Ауыл әкімін халық сайласа да, ол бәрібір қажет қаржыны алу үшін аудан әкіміне тәуелді болып қала береді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйі­ні, ауылдың дербес бюджеті тоғай­май, мықты әкім шығуы неғайбіл. Жер­гі­лікті бюджет жеткілікті болса, ауыл­да кәсіпкерлік те қарқынды дамыр еді. Өкінішке қарай, қазір көптеген шал­ғай елді мекенде әкімдер ауылды өркен­детуге емес, осы қалпында ұстап қалуға ғана тырысып жүр.

– Қыстыгүні боранда жол болмай қа­лады. Ондайда мен шаруа қожалы­ғының басшысына барамын. Ол тракторым далада тұр, от алмайды дейді. Қазір әр жерде өрт шығып жатыр. Оны сөндіруге көмек беретін шаруалар егіс алқабында жүр. Олардың өздерінің жұмысы бас­тан асады: техникасы сынады, адамы жетпейді, егіс жүріп жатыр, қызу уақыт. Ал өртті кім сөндіру керек? Еріктілер жасағының басын қосып мен сөндіруім керек. Жұртқа жағу да қиын. Қазір, міне, вакциналау жүріп жатыр. Елдің көбі әлеуметтік желідегі алыпқашпа әңгі­меге сенеді. Ал оларға түсіндіріп айт­саң, тыңдағысы да келмейді. Біреуі түрік вакцинасы керек дейді, екіншісі ресейлік вакцина керек дейді, сұрағанын тауып алып келсең, қан қысымым көтеріліп тұр дегенді желеу етіп, екпеден бас тартады. Мемлекет беріп жатқан шағын несиелерге келсек, оны әуелде халық дұрыс түсінбеді. Пайдасын айтсаң, «Ойбай, несиеге жоламаңдар, ертең қосымша жұмыс орнын ашу керек екен, аш құлақтан, тыныш құлақ» деп кері тартып, бұра сөйлейтіндер бар. Қазір сол адамдар несие алатын едік деп жанталасып, жүгіріп жүр. Кеш болса да түсініп жатыр. Мен бәрінің бүкіл құжатын дайындап беремін, қолымнан келгенінше көмектесемін: анау Egov.kz. порталына үңіліп, аудандағы статистика, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту орталығына дейін бірге барып, бизнес-жоспарын жасауға дейін көмектесемін. Өйткені солай жетектеп жүрмесең, жұрттың көбі өзі ізденіп, іс қылуға қырсыз. Біраз жүгіреді де, құрсын, болмайды деп қолды бір сілтейді. Ауыл тұрғындары әлі де болса, өз құқықтарын дұрыс пайдаланбайды, мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдауды әрі қарай ұқсатып, іліп әкететіндер сирек. Егер ауыл әкімін халық тікелей сайлайтын болса, онда жұрт шаруаның бәрін оған үйіп қоймай, ауылдың көркеюі үшін өздері де тырбана бастайды. Сайлау ауыл тұрғындарының да, әкімнің де жауапкершілігін арттырады. Дегенмен, Обаған округінен жылына 4-5 адам шағын несие алады, – деді ауылдық округ әкімі.

Мұның сыртында, ауыл әкімдігінде маман­дар аз, жалақы төмен. Қазір ауыл­дық әкімдіктегі мамандар 80-90 мың теңге айлық алады.

– Жақында бір маманым шекара қызметіне ауысамын деп отыр. Онда 12 жарым жыл ғана жұмыс істеймін, бас­пана мәселесін шешіп береді, барлық жеңілдік жасалады. Мемлекеттік қыз­мет­тегідей күн сайын емес, күнара жұ­мыс­қа барамын дейді. Бізде сосын қа­ғаз­бас­тылық өте көп, бәрі шұғыл, бәрі жедел. Ауылда интернет әлі күнге дейін жоқ. Биыл енді интернет қоямыз деп уәде беріп отыр. Қазір, шынын айтқанда, әдіскердің өзін табу қиын болып отыр маған, – деді Марат Нұржанов.

Обаған ауылдық округіндегі күрмеу­лі мәселелер – тозығы жеткен жол мен орта­лықтандырылған ауыз су құбыры­ның жоқтығы.

– Бұлар – жылда көтерілетін мәсе­лелер. Аудандағылар бюджетте ақша жоқ, өздерің қаражат тауып, шешіңдер дейді. Одан жолды жөндеп бер деп шаруа қожалықтарына барсаң, көктемгі егіс бітсін дейді, одан шөп науқаны бітсін дейді, ол біткен соң, күзгі жиын-терінге дайындалу керек дейді. Сонымен уақыт өтіп барады. Біздің маңайдағы ең қуат­ты шаруашылық – «Олжа-Агро» компа­ния­сы. Ол көмектесудей-ақ көмекте­сіп жатыр. Бірақ олардың жергілікті директорларында жеткілікті билік жоқ. «Осы округтің 18 мың гектар жеріне егін өсіріп, шаш-етектен пайда көріп отырсыздар. Жергілікті халыққа бір жағ­дай жасап, жолды жөндеуге қолұшын созыңыздар», деп айтып жатырмын. Жарайды деп, шығарып салады. Жоқ деп айтпайды. Осылай созыла береді. Бұлай болмас үшін, олар ақыры осы жердің игілігін көріп отырған соң, жергілікті шаруа қожалықтары мен ірі жауапкерші­лігі шектеулі серіктестіктердің табысынан белгілі бір пайызды төртінші деңгейдегі әкімдіктердің шотына аудару заңдастырылса, ол қаржыны қай­да жұмсайтынын тұрғындар ақыл­дасып шешсе, сонда ғана ауылдың еңсесі көтері­леді. Біз қазір мүлік, жер, көлік салы­ғын жинап отырмыз. Жеке табыс салы­ғына 3 жылға мораторий жарияланды. Бұ­дан азғантай ғана қаржы түседі, оны­мен қай жыртығыңды жамарыңды біл­мейсің. Алдағы тамызда менің екінші мер­зімім бітуі тиіс. Егер жұртшылық қала­са, алдағы сайлауға қатысамын. Ең бас­тысы, сайлау кезінде жоғарыда айтыл­ған мәселелердің бәрін көп болып тал­қылап, ел болып шешу жолын іздес­тіре­міз деген ойдамын. Сайлау бұған мені де, халықты да мүдделі етеді. Ол үшін, әрине жергілікті өзін өзі бас­қару тетік­терін жетілдіру керек, – деді Марат Нұржанов.

Бұған дейінгі мәслихат депутаттары сайлаған ауыл әкімдерінің бір кем­шін тұсы – ауыл әкімдерін аудан әкімі таңдайтындықтан, олар, ең алды­мен, халық алдында емес, аудан әкімі­нің алдында жақсы атанғысы келіп тұ­ра­ды. Яғни түптеп келгенде, ең ал­ды­мен ауыл мүддесіне емес, аудан әкі­мі­не қызмет етеді. Ал аудан әкімі бұл лауазымға өзіне қолайлы адамды ғана таңдайды. Қолайсыз адамнан құ­тылуға тырысады. Мәселен, осыдан екі-үш жыл бұрын Денисов ауданы әкім­дігі тарапынан сол ауданға қарасты Тельман ауылдық округінің әкіміне қы­сас­тық жасалды. Бұрынғы әкім Нұрлан Доспаевтың айтуынша, бар пәле «Сыбаға» бағдарламасынан басталған.

– Бір жергілікті кәсіпкер аудан бас­шыларының қолдауымен «Сыбағаға» қатысып, қаржы алмақ болды. Мен ол кәсіпкердің жұмыс істеп тұрған мал фермасы бар, ірі қарасы бар деген анықтама беруім керек екен. Алайда ол кәсіпкер­де мұның бірі де жоқ еді. Анықтаманы өзі емес аудандық ауылшаруашылық бөлімінің қызметкері арқылы сұратты. Ол келіп, бұл сол кездегі аудан әкімінің тапсырмасы екенін, егер орындалмаса, мен үшін арты насырға шабатынын айтып, қоқан-лоқы көрсетуге дейін барды. Мен анықтама беруден бас тарттым. Көп кешікпей маған қысым жасала бастады. Аудан әкімі тарапынан жұмысыма кедергі көбейіп, маған тіпті ауылдан шығуға тыйым салынды, – дейді бұ­рынғы ауыл әкімі.

Осылайша, Нұрлан Доспаев ауылдық округ әкімдерінің кезекті сайлауында өт­пей қалады. Жергілікті тұрғындар на­­ра­­зылық таныта бастаған соң, аудан бас­шылары мұның себебін Н.Дос­паев­тың дұрыс жұмыс істей алма­ған­ы­­нан деп түсіндіреді. Мұның ар­ты аудан бас­шылығы мен ауылдық ок­руг тұр­ғын­дарының арасындағы дау­ға ұлас­қан. Ауылдық округ әкімінің ұйым­дас­­тырушылық қабілеті мен іскерлігін, мін­детіне адалдығын жақсы білетін жер­гілікті халық бүкіл округ болып, облыс басшысына, астанаға шағымданып, әупірімдеп жүріп, Н.Доспаевтың кандидатурасын сайлау тізіміне енгіздірте­ді. Бірақ бұрынғы аудан басшылығы үміткердің рейтингін қолдан төмендетіп, ең соңғы орынға қояды. Осылайша, ха­лық қалап тұрған әкімді мәслихат депутаттары өткізбей тастайды.

Осы мәселемен біраз жыл айналысып, әділдік іздеп қажыған ауыл тұр­ғын­дарының бірі – бұрынғы ауылдық ар­да­герлер кеңесінің төрағасы, зейнет­кер Любовь Симченко. Ол қанша айт­қанымен, халықтың үніне сол уақыттағы аудан басшылары құлақ аса қоймағанын айтып кейіді.

– Егер біз ауыл көркейсін десек, ауыл халқы тату-тәтті әрі жақсы тұр­сын десек, біз жергілікті жердегі өз көш­бас­шымызды таңдауымыз керек. Ал мұндай міндетті атқара алатын біздің ауылдағы бірден-бір азамат – Нұрлан Доспаев еді. Ол біздің ауылды 2013 жылдан 2017 жылға дейін басқарды. Нұрлан әкім болып тұрған кезде қыруар іс тындырдық: соғыста із-түзсіз жоғалғандардың тізімін жа­сап, түгендедік, барлық тұрғынды ор­тақ іске жұмылдырып, ардагерлер ке­ңе­сін қайта қалпына келтіріп, ардагер­лер хорын ұйымдастырдық. Ауылды абат­тандырдық. Нұрлан әкім болып тұрған кезде біз кез келген іске құлшына кірісетінбіз. Ол отставкадағы подполковник, нағыз офицер, ұстанымы берік, шебер ұйымдастырушы, табанды азамат әрі әділ басшы еді. Халыққа берген уәде­сін міндетті түрде орындайтын. Кез келген мәселені бізбен ақылдаса отырып, ауылд­ың пайдасына шешетін. Аудан бас­шылары ұсынған жалған құжатқа қол қоймағаны үшін ол кісіні екінші мер­зімге өткізбей тастады. Біз ауыл болып жиналып, қол қойып, өз әкімімізді қай­тарып беруін қанша талап етсек те, мұнымыздан түк шықпады. Ал қазіргі әкім жергілікті халықтың көңілінен шығып отыр дей алмаймын. Мысалы, былтыр төселген асфальт шұрқ-тесік болып ойылып, көшеміз бұрынғы таз қалпына қайта келді. Былтыр су өткізіп еді, қыста қатып қалды. Жер астында мұз болып қатып қалған су құбырын әлі күнге дейін жібіте алмай жатыр. Біздің тілегіміз – өзіміздің бұрынғы әкімімізді қайтарып алу. Енді, міне, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ауыл әкімдерін тікелей сайлау жөніндегі саяси реформасы біздің өз көшбасшымызды қайтарып алуға деген үмітімізді қайта оятқандай болып отыр, – деді Любовь Ивановна.

Міне, осылайша, алдағы әкімдер сайлауынан ауылдықтар үлкен үміт күтіп отыр.