Сұхбат • 30 Мамыр, 2021

Ақын тағдыры – кино тілінде

606 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Қазақ киносы тарихында жекелеген ақын-жазушылардың өміріне арналған көркем фильмдер көп емес. Тіпті тереңдеп ойлансаңыз, есіңізге деректі фильмдерден басқа ештеңе түспейтін сияқты. Шығармашылық адамдарының тағдыр жолы ауыр, соқпақты деп жатамыз. Әдебиетіне жақсы шығармалар сыйлаған қалам иелерінің өмірі, ортасы, қоғамы оқырманға әрқашан таңсық. Әлқисса.

 

Ақын тағдыры – кино тілінде

Өнер адамдарының шы­ғар­­ма­шылық жұмыстары­на сұрау салатын сауалдама­мыз­дың бүгінгі қонағы – Қа­зақ­станның еңбек сіңір­ген әртісі, Халықаралық кино­фестивальдардың лауреаты, режиссер Болат Қалымбетов. Дәс­түрлі сұрақ: қандай фильм түсіріп жатырсыз?

– Біз «Мұқағали» атты ки­но­картинаны аяқтадық. Ақиық ақынның 90 жылдығына арнал­ған жұмысымыз Тәуел­сіздігіміздің 30 жыл­ды­ғымен де тұспа-тұс келіп отыр.

Фильм Мәдениет және спорт министрлігінің қаржы­лан­дыруымен түсірілген «Қазақ­фильмнің» туындысы. Жалпы, Мұқағали аға ту­ра­лы көркем фильм түсіру бұ­­рыннан арманым болды. Бұл – ақынның естеліктерін оқып, мұқағалитанушылармен кеңе­сіп, ұзақ жыл іштей дайындалып келген фильмім.

Сценарийін қаламгер Жү­сіп­бек Қорғасбек екеуміз жаз­дық. Продюсері Алмат Маса­лим, композиторы Никита Ка­рев, қоюшы операторы Едіге Нүсіп­­беков, қоюшы суретші Ермек Өтегенов.

Мұқағалидің таланты бәрі­не мәлім, сондықтан ақын­ның аз ғана ғұмырын, от­ба­сын, орта­сын, сол уақыт­тағы қоғамды фильм­нің негі­зіне алдық.

Киноға дайындалып, ізде­ніп жүрген кезде қолыма Қа­дыр Мырзалиевтің «Иірімі» түс­ті. Сонда: «Қазақтар бәрін кеші­реді, бірақ сенің тірі жүр­геніңді кешіре алмайды», дейді. Осы сөздің астары, философиясы маған қатты әсер етті. Қадыр ақын соншалықты неден кейіді? Неге олай айтты? Осы ойдың төңірегінде ой­лана бастадым. Бұл ішкі тол­ғаныс бізге Мұқағали туралы киноның өзегін табуға көмек­тесті.

Фильмде ақын образынан бөлек Фариза Оңғар­сынованың, Бауыржан Мо­мыш­ұлының, Нұрғиса Тілен­диевтің бейнесі бар.

– Мұқағалидің рөлін кім сомдады?

–Асыланбек Жанба­лаев.­­ Ал Бауыржан атамыз­ды ой­наған театр актеры­ Бауыр­­жан Қаптағаев. Нұр­ғиса ағаны Қажымұқан ата­мыздың немересі, композитор Бақытжан Қажымұқан, Лашын апаны Толғанай Тал­ғат, Мұқағалидің анасы Нағиманы Қырғызстанның Халық әртісі Жамал Сайдах­матова сомдады.

– Кино түсіру барысын­да қандай қиындықтар болды?

– Қазір Алматыда трамвай жоқ. Есік-терезелердің бәрі плас­тик. Сонымен, біз бұрын­ғы Алматының атмосферасын іздеп, бүкіл Қазақстанды араладық. Соңында Өске­менге тоқтадық. Ол жақта архитек­туралық жағынан Ал­матыға ұқсас жерлер көп екен әрі трамвай да бар. Ал Мұқағалимен қоштасу эпизодын Жазушылар одағында түсірдік. Ескі Үкімет үйі де кадрға ілікті. Кино үш тілде, 1 сағат 50 минутқа созылды. Фильмде сөз аз, көбіне визуалды көріністер, музыка...

Пандемиялық жағдайға байланысты фильмнің прокат­қа шығуы кешеуілдеді. Кино­сту­дияның жоспары бойынша, қазан айының 7-сінен бас­тап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында премьерасы өткі­зіл­мек. Қазір шетелдік фестивальдермен келісімшарт жүріп жатыр, жанры сәйкес келсе, фильм әлемдік аренада да бақ сынауы мүмкін.

– Алдағы уақытта қан­дай жоспар бар?

– «Рухани жаңғыру» бағ­дар­ламасы аясында 24 жа­сын­да Кеңес Одағының Ха­лық әртісі атағын алған Күләш Байсейітованың өміріне ар­налған киноға дайындалып жатырмыз. Сценарийін Жү­сіпбек Қорғасбекпен қолға ал­дық. Бұл кісі де 45 жасында өмір­ден өткен. Мұн­да да сол кездегі орта, әнші­нің өмірі, ай­наласы – Шара Жиенқұлова, Евгений Бру­си­ловский, Жұмат Ша­нин, Қанабек Байсейітов, Құр­манбек Жандарбековтер  суреттеледі.

– Шығармашылық жоспарыңызбен бөліс­ке­ніңіз­ге рахмет. Фильм­ді асы­ға күтеміз.