Білім • 01 Маусым, 2021

Мұғалімдер де әкім сайлауына түсе алады

1829 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Мәлік Мурзалин Хабар-24 арнасына берген сұхбатында қандай адамдардың әкім сайлауына мемлекеттік қызметтегі өтілінсіз түсе алатынын мәлім етті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Мұғалімдер де әкім сайлауына түсе алады

«Тек мемлекеттік қызметшілер ғана емес, мектеп директорлары, оның орынбасарлары, тіпті мұғалімдер мен фельдшерлер өз саласында 6 жылдан артық істесе, сайлауға түсе алады. Фермерлік шаруашылық басшылары туралы да осыны айтуға болады. Өкінішке қарай, сарапшылар қауымдастығы осы мәселені сәл дұрыс түсінбей жатыр. Біліктілік талабының 9 нұсқасы бар. Кандидат сол тоғыз нұсқаның біріне сәйкес келуі керек. Иә, мемлекеттік қызмет туралы талап бар. Бірақ тағы бір талап бойынша, мемлекеттік қызметте еңбек өтілі болмаса да, әкім бола алатыны жазылған. Ғылыми дәрежесі бар адамдар мемлекеттік қызметте өтілі болмаса да, әкім бола алады. Президенттік жастар кадр резервінде тұрған балаларға да мүмкіндік қарастырдық», дейді Президент әкімшілігі жетекшісінің орынбасары.

Еске салсақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сайлау туралы Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар енгізуді көздейтін құжатқа қол қойған болатын.