«Ел Президенті Қ.Тоқаевтың арнайы Жарлығымен Алтын Орданың мерейтойын барша дүйім жұрт болып атап өттік. Біз тарихымызды, мәдениетімізді дәріптеуде Алтын Орданың негізін қалаған Жошы ханның саяси қайраткер ретіндегі мемлекеттік идеологиясының маңызды тарихи өзектілігін ұмытпауымыз керек. Бүгінде Ұлық Ұлыс жерінің басым бөлігі қазіргі Қазақстан аумағына мирасқа қалды. Ұлттық музей қызметкерлерімен бірге қасиетті Ұлытау өңіріне барып, үлкен ғылыми еңбектерді дайындап, назарларыңызға ұсынып отырмыз», деді Ұлттық музей директоры А.Мұхамедиұлы.
Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Өмірзақ Озғанбайұлы музейдегі экспозициялар, осындай тарихи залдардың ашылуы жас ұрпақты патриоттық және Отанға деген сүйіспеншілік рухта тәрбиелеудегі орасан зор рөліне тоқталды.
«Қазақтың ұлы ақыны М.Жұмабаев «Көп түрік енші алысып тарасқанда, қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па?» – деп, ер түріктің бір мұрагері ретінде қазақты санайды. Алтын Орда – қазіргі бүкіл Орталық Азия мемлекеттерінің қарашаңырағы», деді Ө.Озғанбайұлы.
Сондай-ақ Парламент Мәжілісінің депутаты, Берік Әбдіғалиұлы «Ұлық Ұлыс» залы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойын атап өту бастамасымен ашылғанын жеткізді.
«Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту бастамасымен осы залдың ашылуы өтіп жатыр. Қазақстанның ортағасырлық тарихында Алтын Орда (Жошы Ұлысы, Ұлық Ұлыс) тарихы маңызды орын алды. «Ұлық Ұлыс» (Алтын Орда) тарихы ұлттық тарихымызбен тікелей байланысты. Қазақ хандары Алтын Орда деп аталған Еуразиялық державаны құрған Жошы ханның тікелей ұрпақтары саналады. Бүгінгі «Ұлық Ұлыс» залының ашылуы құтты болсын. Әрі қарай да ғылыми еңбектерді жалғастырып, төл тарихымызды ұлықтай берейік», деді Б.Әбдіғалиұлы.
Ашылу салтанатынан кейін жиналған қауымға зал бойынша экскурсия жүргізілді. Залдың экспозициясында мемлекеттің қалыптасуы, өркендеп дамуы, саяси тарихы көрсетіліп, шетел мұрағаттарынан табылған хандардың ресми жазбаларының көшірмелері, мемлекеттің рәмізі болып табылатын «Ұлық Ұлыс» туының қайта жаңғыртылған нұсқасы (Еуропалық теңіз карталарындағы мәліметтерге сүйеніп) көрмеге қойылды.
Сонымен бірге «Ұлық Ұлыс» хандарының елшілерге, саудагер-көпестерге берген негізгі сенім құжаттары болып табылған пайзылардың көшірмесі, Жошы ұрпақтарының шежіресі (Сол қанат) қалың көрермен назарына ұсынылды.
Атап айтсақ, Ұлттық музей қорынан Ұлық Ұлыс кезеңінің мәдениетін, тұрмыс-тіршілігімен таныстыратын алтынордалық қалалардан табылған археологиялық артефактілер, нумизматикалық топтамалар, діни-мінәжаттық ғимарат макеті және т.б. жәдігерлер қойылған.
«Ұлық Ұлыс» залы бойынша жүргізілген экскурсия көрермен көңілінен шығып, көпшілік құнды деректермен таныса алды.
Айта кетейік, «Ұлық Ұлыс» залы Алтын Орда мемлекеті мен Қазақ хандығының тікелей сабақтастығын көрсету, мемлекеттердің өзара байланысы мен тарихын насихаттау мақсатында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ашылды.