Аймақтар • 03 Маусым, 2021

Ауыл мектептеріне автобус берілді

341 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхам­бетов ауыл мектептеріне оқушы таси­тын 7 автобус пен 10 шағын автобустың кілт­терін табыс етті. Жалпы құны 229 млн тең­ге тұ­ратын су жаңа көліктерді аудандық бі­лім бөлім­дерінің басшылары қабылдап ал­ды.

Ауыл мектептеріне автобус берілді

Бүгінде аймақта күн сайын 2,5 мыңнан астам оқушы мектепке автобуспен барып-келіп оқиды. Былтыр облыс бюджетінен бөлінген

200 млн теңгеге 13 автобус сатып алынып, ауыл мектептерінің игілігіне берілген еді.

–  Биыл балаларды мектепке тасымалдаудың қауіпсіз әрі жайлы болуын қамтамасыз ету мақсатында тағы 17 жаңа автобус сатып алып отырмыз. Nur Otan партиясының «Өзгеріс жолы: әркімге лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысында 2025 жылға дейін 407 ауыл мектебін жаңғырту жоспарланған, 82 мектепті жөндеу жұмыстары биылдан бастап қолға алынатын болады. Мұның сыртында, өңірде 7 жаңа мектеп салуды жоспарлап отырмыз. Бұл бағыттағы жұмыстар басталып та кетті. Қостанайдағы «Береке» және «Қонай» шағын аудандарында екі мектеп, Жітіқара қаласында бір мектеп, Қарабалық ауданында екі мектеп және Қостанай, Әулиекөл аудандарында бір-бірден жаңа мектеп салынатын болады. Биыл 46 білім мекемесіне 3,6 млрд теңгеге жөндеу жұмыстарын жүргізу көзделіп отыр. 10 білім мекемесі күрделі жөндеуден өтетін болады, – деді аймақ басшысы.

Облыс орталығынан шалғай жатқан Қамысты ауданына қарасты Жайылма, Қамысты және Алтынсарин орта мектеп­те­рін­дегі интернаттарда жатып оқитын балалар сол маңайдағы мектебі жоқ ауылдардан келеді. Облыс әкімінің қолынан 22 орындық автобустың кілтін алған аудандық білім бөлімінің басшысы Талғат Қуанышбаев жаңа көлікті Алтынсарин орта мектебінің жанындағы интернатқа тапсыратынын айтты.

– Алдағы жаңа оқу жылы Алтынсарин ауылының маңайындағы шағын елді мекендерде тұратын балалар интернатта жатып білім алатын болады. 70 шақырым жердегі Аралкөл ауылынан 15 бала, Мамыркөлден бірнеше оқушы бар. Оларды мектепке осы автобуспен таситын боламыз, – деді білім бөлімінің басшысы.