Өнер • 04 Маусым, 2021

Бояумен бейнеленген өлеңдер

490 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Биыл Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына арналған шаралар Қара­саздан бастау алып, еліміздің түкпір-түкпірінде жалғасын табуда. Сондай тағы­лымды іс-шараның бірі – Алматы қаласында ашылған суретшілер көрмесі. Қыл­қалам шеберлері ақын поэзиясын сан түрлі бояумен бейнелеп, өнерсүйер қауымға көрсетті.

Бояумен бейнеленген өлеңдер

Аталған көрмені Алматы қалалық мәдениет басқармасы мен ақын туған өлке Райымбек ауданының әкімдігі ұйым­дастырды. Салтанатты ашылу рәсімі «Алматы галереясы» ғимаратының алдында өтті. Оған елімізге белгілі өнер және мәдениет қайраткерлері, қалам­гер­лер, ақынның ұрпақтары, жерлестері, қала тұрғындары қатысты. Жұлдыз Мұқа­­ғалиұлы мен Халықаралық «Мақа­таев» қорының төрайымы Бақытгүл Айда­рова-Мақатайкеліні мұқағалитануға үлес қосқан суретшілердің игі істеріне ақын әулеті атынан алғыс айтты. Сондай-ақ Райымбек ауданы әкімінің орынбасары Ғалым Жусанбаев, ақын-жазушылар Бақыт Беделхан мен Дүйсен Мағлұмовтар ізгі лебіздерін арнады.

«Поэзия махаббаттан басталып, парасат­пен аяқталуы керек» деп айтқан еді Мұқаң. Менің ойымша, ақын бұл жерде тек поэзияны ғана меңзеп отырған жоқ. Бүкіл дүние болмыс осындай сабақ­тас­тықта болса екен деп армандады. Ен­де­ше, біз де Мұқағалидың мерейто­йын кең ауқымда ұйымдастырып, оны тағы­­лымды, парасатты шараларға ұлас­ты­­руымыз қажет. Бүгінгі ашылып отыр­ған қылқалам шеберлерінің көрмесі осы ойымыздың дәлелі», деді Қазақ­стан Жазушылар одағы басқарма төрағасы­ның орынбасары Бақыт Беделхан.

Белгілі өнер қайраткері Шаяхмет Имаш­ұлы ақынның жыр шумақтарын нақы­шына келтіріп жатқа оқыды. Мына бір сәйкестікке де таңғаласыз, аталған шара тура Жамбыл Жабаев ескерткішінің алдында өтті. Жыр алыбы Мұқағали бала­сының өлеңдерін тебірене тыңдап тұрғандай. Бұл көрініс көпшілікті ерекше әсерге бөледі.

«Мұқағалидың арманы, таңғы шық­тай мөлдіреген таза пәк сезімі, сағы­ны­шы, еліне, жеріне деген махаббаты – өмір­ді ­бояумен зерделеген суретшілер ең­бегіне таптырмайтын құрал. Сондықтан қыл­қалам шеберлері де ақын рухымен сырласуға барынша ден қойған. Нә­тижесінде, сан алуан туындылар қыл­қа­ламмен жазылды. Бейнелеу өнерінде Ма­қатаевтың мәңгілік көші тоқтаусыз алға қарай жылжып барады», деді Қазақ ұлттық педагогика уни­­­верситетінің Өнер, мәдениет және спорт институтының директоры Тоққожа Қожағұлов.

Бұдан кейін жиналған қауым ғима­рат ішіне еніп, көрмеге қойылған сурет­терді тамашалады. Ақын поэзиясына алғашқы­лардың бірі болып мойын бұр­ған белгілі график-суретші Темірхан Ор­дабеков. Оның «Реквием», «Жоқтау», «Суық күз» және тағы басқа еңбектері­не зер салсаңыз, поэзияның тереңіне бой­лайсыз. Ақ пен қара түс астасып, Мұ­қа­ғалидың қарама-қайшылыққа толы күр­делі өмірін дәл бейнелеген. Оның аста­рына үңілген сайын философия­лық ой-толғамдарға жолығасыз. Сондай-ақ көрмеде суретшілер – Ба­уыр­­жан Най­манов пен Жақсылық Тоба­жан­дардың да шы­ғармалары көрерменді әдемі әсерге бөледі. Сөз өнері мен сурет өнері бір-бірі­мен соншалықты үйлесіп кеткендей.