Өнер • 04 Маусым, 2021

Ақынның ару аспаны

381 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Нәркес те наркескен ақынның дәл осы кейпіне әуелде Модильяни сүйсінген еді. Тіпті өлеңге өмірін арнаған арудың асқақ қалпын, жан толғанысын қара қарындашпен қағаз бетіне түсіріп, мәңгілік мүсінге айналдырған. Бүгінде сол естелікке толы эскиздер махаббат ескерткішіндей көңілге нұр төгеді. Орыс халқының әйгілі ақын қызы қанша жүректі жаралады, өзі де сезімнен қаншама мәрте соққы жеді? Оның түрлі-түсті ғұмыры содан хабар беретіндей.

Ақынның ару аспаны

«Анна Ахматова». Бұл осы­нау көркем туындының аты. Портреттің иесі кеңес­тік авангард суретші Н­атан Альт­ман. Ешқандай канон­дар­ды мойындамаған шебер. Оқиғаны оқырманға жет­кізу үшін барлық қағи­даға нем­құрайды қарап, жанр­лар­дың жабайы қос­пасын да қол­данған. Сен­сация жа­сауға жа­ны құштар ше­бер кейіп­ке­ріне аянышпен қа­рамайды. Бұл оқырманды елең еткізу үшін жасалған қадам.

Портрет ақынның шынайы болмысын ашып тұр. Оны ұлы Лев Гумилёв те бір­ден таныған. Анасының бұдан өзге жақсы жазылған портреттері болса да, осы шы­ғарма ақынның сол дәуір­дегі жағдайын жақсы жет­кізгенін айтқан екен. Оның жұмсақ әрі лирикалық рухани бітімі кубизмнің жұрнағы жоқ талай картинаға шабыт сый­лағаны ел жадында. Десе де Н.Альтманның осы бір туын­дысы ақынның талайлы тағдырын тарқатып тұрғандай.

Туындының өткір тұс­та­ры көп. Бояулар бұзылған. Ах­­матова тізесін алға шы­ғарып, үстел үстінде аяғын ай­қас­тыра отырады. Қою көк түсті көйлектің етегі то­бы­ғына дейін түскен. Иығына жа­мылған сары орамал тө­мен сырғып кетпеуі үшін қол­дарын бүктеп ұстаған. Фон өте жалпыланған. Бі­рақ аяқ астындағы ағаш орын­дық, сұр еден, қатқыл жиектер парадоксті түрде гүл­дерді еске түсіреді. Бүкіл поза­да, жазу тәсіліне сәйкес ішін­де алауы бар, қатал һәм қа­рапайым әйел пайда болады.

Шығарма өткір бұ­рыш­тардың көптігімен ерек­ше­ленеді. Автор бұрын-соңды кубизм бағытында мұндай туындыға үшбұрышты көп қолданбаған екен. Әйт­се де оның мәні осында. Репрес­сияға ұшыраған, жыр­­лары жарияланбаған, екі күйеуі­нен айырылған Анна Ахматова кез келген ша­буылға тойтарыс беруге, өмір­дің әр бұрышындағы жау­ларына қарсы тұруға дайын екенін өткір жүзімен аңғар­тады. Жасампаз жыр­ла­рын, аяққа басқан қоғамға деген қарсылығын оның көз­қарасынан тануға болады.

Егер оның жүзінен өкі­ніш пен аяушылық бай­қалса, портрет өз биігін жо­ғалтқан болар еді. Қаламгер сәл солға қарайды, оның бет-жүзінде адамды ойға батыратын мысқыл бар. Дида­ры жалын атып тұр. Сурет­ші сол жалынды қағазға тү­сірген. Бұлт арасын жарып шыққан жарық күндей жүрекке ыстық. Кө­ңілді селт еткізеді.  Құдды тағдырына теріс қарап, кү­ліп тұрғандай.