Тарих • 06 Маусым, 2021

Аштықта көз жоқ

1036 рет
көрсетілді
13 мин
оқу үшін

Бейімбет Майлинге алғашқы айып 1932 жылы таңылса, кейінгі атылғанға дейінгі 6 жылы да азаппен өтіпті-ау. Үміт пен үрей құшағында өткен үркінді жылдарда жазушы қолынан қаламын тастаған жоқ. Бұл кезең – қандықол тоталитарлық жүйенің ұлт бетіне шығар қаймақтары – зиялылардың желкесіне қылыш қойып тұрған уақыты ғана емес, қазақтың тұтас ұлт ретінде жойылып кету қаупі туған қос аштықтың елесі байтақ даланы кезіп жүрген тұсы еді.

Аштықта көз жоқ

Майлиннің де негізгі шығармалары осы қос аштықтың және репрессияның арасындағы өлара кезеңде жазылды. Бұл роман жазу үшін шығармашылық үйіне немесе санаторийге барып, оқшауланып, таза шығармашылықпен айналысу емес, аласапыран уақытпен алыса жүріп, біресе бала оқытып, біресе газет ісіне араласып, аштықтан қырылып қалған тұтас ауылдарды кезіп, бірінен соң бірі айыпталып, атылып жатқан жолдастарының басында жаназа да оқи алмай, зарлап жүріп, сорлап жүріп жазылған шығармалар. Сондықтан да болар Майлиннің және оның замандастарының шығармаларын оқып отырғанда кітап бетіне ыза суындай шымырлап көз жасы шығатындай әсер қалдырады. Сондықтан да болар олардың кей сөздері қанмен жазылғандай көрінеді. Сондықтан да болар, олардың әр шығармасын әдеби шығарма деп қана емес, тұтас дәуірге қойылған ескерткіштердей қарайтынымыз. Әуелде әлеуметтік қайшылықтардың, жақсы мен жаманның, бар мен жоқтың, қараңғы мен жарықтың күресіндей көрінетін шығармалардың астарына үңілгенде үңірейіп бізге қарап тұрған үрейлі заманның көзін көреміз. Біз шағын ғана әңгіменің өзінің түкпірінен сәулесі сөніп бара жатқан арман мен үміттің жанарын көреміз.

«Шешем үйге жылап келді. Әкеммен кездесуге барған екен. Ұлықсат бермепті. Қолында әкемнің сұр жадағайы. Сол күздік пальтоны құшақтап еңіреп қоя бердім. «Папамның пальтосы ғой. Өзі қайда?» деймін. «Жетім болдыңдар. Енді папаларың жоқ» деді шешем». Рәзия Бейімбетқызының осы естелігін оқығанда жетімнің жанарымен қарап, жебір кезеңнің көзіне көзім түсіп кеткендей күй кештім. Біраз уақыт ішімді қалтыратып бара жатқан әлдебір діріл басылмай қойды. Неге десеңіз, аштық пен репрессия жылдарының маңдайынан көздің орны ғана үңірейіп көрініп тұрды. Көздің өзі жоқ.

Бұл Орталық комитеттің 1937 жылғы ақпан-наурыз пленумында жасалған: «Троцкишілерге қарсы күресте қазір ескі әдістер – дискуссия әдістері керек емес, жаңа әдістер, түп-тамырымен құрту, талқандау әдістері керек» деген нұсқаулықтан кейін, Бейімбетке қарсы ұйымдастырылған шабуылдардың, Бейімбетті айыптаған жиналыстардың дүркін-дүркін өтіп жатқан, өршіп жатқан кезінен бір жыл өткендегі жағдай еді, 1938 жылдың ақпан айы.

Майлин – оқиға орнынан уақыт алдында ақпарат беріп тұрған репортерге ұқсар еді, тіпті оны аштық тақырыбының Геродоты десек те, аса алысқа ұзай қоймаспыз. Аштықтың көркем тарихын жасаушы. Мәселен «Күлпаш» және «Аштық құрбанын» алайық. Әңгіменің екеуі де суық үйде отқа тамызық таба алмай, аштан бұратылып жатқан адамдардың өмірін суреттеуден басталады:

«Бет-аузы көнектей ісік; тоңып бүрісіп, үйдің бұрышындағы пешке арқасын сүйеп мұңайып, терең ойға шомған адамша Күлпаш отыр. Жыртық күпіге оранып, бүк түсіп баласы Қали жатыр. Үй суық, жамаулы терезенің жыртығынан кірген ызғырық шекеден шыққандай... Үйдің ішін жылытуға – пешке жағатын отын жоқ. Отын табылар жер де жоқ... қара судан баска дән татпағанына бүгін үшінші күн. Алты айғы қыс тартқаны – аштықтың зардабы». Бұл Күлпаш пен баласы Қалидың күйі.

Ал мынау «қар боранында, қар емес-ау, қан боранында» суық үйде сұлық түсіп, зарлаған Шырынкүл мен Қайрақбай және баласы Таңсықтың күйі: «Құдай-ай, жоқшылықтың да шегі болмайды екен ғой! Қара судан басқа ішетін бір ұрттам тамақ жоқ. Екі күннен бері дым татпай, жүрек қарайып отырғаны мынау! Мұның ар жағында не болмақшы? Не қыламыз? Немен күн көреміз? Көзінен бүртік-бүртік жасы ыршып шығып, бетін жуып сала берді. Жақ сүйегі сорайып, екі көзі аларып, еңсесі түсіп Қайрақбай отыр. Екі көзі жаутаңдап, әкесінің шоқпыт күпісіне орана түсіп, сегіз-тоғыз жасар бала – Таңсық жатыр».

Күлпаштың сенгені ел кезіп, қайыр сұрап кеткен күйеуі – Мақтым. Бір үзім нан болса да ала келер деген алдамшы үміт. Ал Қайрақбай мен Шырынкүлдің сенгені – бойжетіп қалған қызы Дәмеш. Дәмешті шал да болса қазанға салар шандыр ет үйінен табылар байға малға сатпақшы.

Мақтымның ел кезіп, тіленшілік қылып жүрген уақытында Коммунистік партия Орталық комитеті: «Ашаршылық тек құрғақшылықтың нәтижесі емес, оның себебі аграрлық сектордың артта қалуында, ауыл шаруашылық білімі денгейінің төмендігінде, ауыспалы егіс нысандарының ескілігінде, бұл және соғыс пен әскери қоршаудың, сондай-ақ помещиктер мен капиталистердің және олардың итаршыларының бізге қарсы күресінің бәсеңсімей отырғанының да салдары» деп үндеу жариялап жатты. Қарсыз қыс, жауынсыз көктем және шала жүргізілген сауатсыз реформалар елді қынадай қырып жатты. Мақтым бір түйір дән таппай, үйге бос оралады. Қыржиып тырысқан қысқа тон, қаудырлап қатқан жаман тымақ, аяғында қонышысынан басылған жаман етік; мойнында дорбасы бар, жағы суалып, көзі адырайып келген Мақтымның дорбасына сүйретіліп тұрып, тәлтіректеп барып, қол салмақшы болады. «Қарағым-ай, дым жоқ» деп Мақтым жылап жібереді. Күлпаш та қосыла егіледі. Майлин осы сәттегі көңіл күйді дәл беретіні сонша, оқырман да Қалимен бірге қайтадан келіп, шешесінің бауырына қалжырап тығылатындай. Мақтымға майлы асын кім берсін? Бұл тұста қалың дала аштық құрсауында еді.

Орал мен Орынбор, Ақтөбе мен Бөкей, Қостанай мен Адай уезі ресми түрде аштыққа ұрынғандардың тізіміне кірді. Бейімбет Майлиннің туған жері Қостанай уезінің барлық ауданына аштық обадай тарады. Халықтың сексен пайызға жуығы қайғысыз қара су да іше алмас халге түсті. Бұл жылдар Бейімбеттің ауылдағы мұғалімдік жұмысын тастап, газетке келген кезі еді. Елге тараған аштық жайлы мәліметтер күн сайын көз алдынан өтіп жатты. Өзінің туған жері Қостанайдағы аштық та, әсіресе аштықтан қаза болған балаларды санау үшін арнайы комиссия құрылуы да жазушының арқасына аяздай батқаны анық. Тіпті осы әңгімесінде жазып отырғанда да сол Қостанайдағы бала өлімі ойында тұруы бек мүмкін.

Ал «Аштық құрбаны» әңгімесінде Қайрақбайдың қызы Таңсық, он алтыға шыққан Таңсық ата-анасына қалай көмектесерін біле алмай, өзінің ұл болып тумағанына тағдырына налып, назаланып жүреді. Қайрақбай мен Шырынкүл жалғыз қызына жапа шектірмей, таңдағанына қосып, теңіне беріп, тілегін алмақшы еді. Бірақ аштыққа қылар қайраны бар ма?

«Біздің бар тілегіміз сені теңіңе қосып, қызығыңды көру еді. Бірақ құдай онымызды, қош көрмеген секілді. Біз тұңғиық жарға кез боп отырмыз. Бұдан шығудың амалын қарастырмасақ, бәріміздің де өлгеніміз. Бәріміз өлмей, біріміз ғана өлейік десек, ортамыздан сені құрбан қылғалы отырмыз, сені сатқалы отырмыз!» дейді олар. Ұл болмасам да, пұл болып әжеттеріне жараса, мың жанын да қиярға бекіген Таңсық алпысқа келген бақуатты шалға барарын естігінде аза бойы қаза болады. Бірақ ол да не істей алады? Атасы мен анасы, жалғыз бауыры үшін жанын садаға етіп, оған да көнеді. «Мен – аштық құрбаны» деп зарлайды Таңсық.

Ұлттың дамуын бір ғасырға тежеген қос аштықта 4 миллионнан астам қазақ қырылған. Кейінгі деректер бойынша оның саны одан да көп болуы бек мүмкін. Демографтар осы екі аштық болмаса, бүгінгі қазақ саны 50 миллионға жуық боларын айтып жүр.

Бейімбет Майлин «Күлпашты» 1922 жылы жазса, «Аштық құрбанын» 1927 жылы жазды. Азамат соғысының артын ала шыққан аштық алты алаштың баласын аласапыран, алашапқынға салды.

Ол біздің ұлттық мінез-құлқымызды өзгертті. Ол құндылықтарды әлсіретті. Мысалы, Күлпаш ақыры аштыққа шыдай алмай күйеуі мен баласын тастап, алдына салып айдаған қырық-елу қарасы бар Жұмағазы деген байға күйеуге шығып кетеді. Аштық алжастырған соң, амал бар ма?!. Күлпашты азғырған бұзылмаған қазы, бүрулі ет, наны үзілмейтін дастархан ғана ма? Ол тіпті сол байға тисем, балам мен күйеуіме бір үзім нан болса да алып келіп беріп тұрамын-ау деп те ойлаған болар. Міне, жиырма күннен кейін, көктемнің көкөзегі басталар тұста қойнына екі жапырақ ет тыққан Күлпаш өз үйіне қарай жанұшыра жүгіріп келеді. Мақтым мен Қалиға сол етті бермекші. Бірақ...

«Көзі Мақтымның көзіне түсіп кетті: көзі адырайып, аузы ашылып, тісі ақсиып жатыр екен!.. Бұдан кейін не болғанын өзі де білмей, өліп жатқан байы мен баласын құшақтай құлады»...

Әкесі мен баласы құшақтасқан күйі жаратқанға жанын аманаттайды. Күлпаш та енді тірілердің санатынан емес. Ол да тірі өлікке айналды.

Ал «Аштық құрбанындағы» бейшара Таңсық қайтті? Шарасыз Таңсық Тілеумағамбет байға тұрмысқа шықты. Әке-шешеңнің алдына мал салып, қыстан алып шығамын деген бай уәдесінде тұрған жоқ. Таңсық сол үйдің басыбайлы күңіне айналды. Бірақ көрер жарығы бар екен, байдың үйіне түскен төре жігіт Қасенге арызын айтып, ақыры өзін күңдіктен, ата-анасы мен бауырын аштықтан аман сақтап қалды. Қасенге шығып, қалада бақытты тірлік кешті. Оқыды.

Бейімбет Майлин «Нан үшін жұрт не қылмай жатыр. Шұбырып кетіп жатыр, жүрегі үзіліп аштан қырылып жатыр! Әке-шешесі үшін құрбандыққа атап, Дәмеш сияқты қыздар құнсыз бәске сатылып жатыр!.. Әй, аштық, қылдың-ау!» деп аһ ұра күйінеді. Сол күйініштің артынан сүйініш іздейді. Сүйінішті Күлпаштың ісінен емес, Таңсықтың әрекетінен табады. Әділдікке жүгіну мен білімге ұмтылудан табады.

Бейімбет Майлин өзінің осы шығармалары арқылы сол тұстағы қазақ қоғамының көркем шежіресін жазып кетті. Жалған жазған жоқ. Ашық, анық, шынайы жазды. Біз оның әңгімелеріндегі шындықты көркем шындық деп қана емес, тарихтың, оқиғалардың шынайы бет-бейнесі деп қарайтынымыз да жасырын емес. Майлин – сонысымен де Майлин.

 

Коллажды жасаған Амангелді Қияс, «EQ»