Руханият • 06 Маусым, 2021

Дәуірдің ділмар шежіресі

661 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Тарихқа тіл бітіретін бабалар соңында қалған асыл қазыналар. Салқар дала төсінде жатқан әрбір зат: түп жусан, түйір тасқа дейін тарихтан сыр шертеді. Туған жерінің бедерлі белдері мен қазыналы қырларында шежіреміздің шерлі шанағынан күй болып төгілген, алқам-салқам қызықты дәуренімізді айғақтап, дәлелдейтін дүниелер жетерлік. Біз соның бәрін «мұра» деп дәріптейміз.

Дәуірдің ділмар шежіресі

Бүгінде мұра мен мирас дү­ниелеріміздің, көзге басар қастерлі жәдігерлеріміздің сақ­талатын алтын қорындай бол­ған музейлер жұмысы жан­дануда. Жыл сайын қазба жұмыс­та­рынан, өзге де зерттеу­лерден табылып жатқан жәдігерлер сол мұражайлардың қорына тоғы­тылып, көрерменге мыңжыл­дықтардан сыр шертуде. Ал мем­лекет тарапынан да музейлер жұмысының жандануына біраз көңіл бөлініп жатқаны көп­шілікке мәлім.

«Қазақстан бойынша музей­дің астанасы – Алматы облысы», деген пікір еліміздің түкпір-түкпірінде айтылатын ең әділ баға болса керек. Олай дейтін себебіміз, 47 жылдық та­рихы бар М.Тынышбаев атын­дағы облыстық тарихи-өлке­тану му­зейі­нің, тіпті өзге де 20-ға жуық му­зейдің қоры экс­понатқа бай.

Негізінен, М.Тынышбаев атын­дағы тарихи-өлкетану му­зейі 1974 жылдың 1 наурызында құрылған. Тәуелсіздігімізді ал­ғаннан кейін, яғни 1993 жылы му­зейге белгілі қоғам және мем­­лекет қайраткері, қазақтың тұң­ғыш инженері Мұхаметжан Ты­нышбаевтың есімі берілген. Музей залдары қала тұрғындары мен қонақтарына өлкенің бай әрі сұлу табиғаты мен өткен және қазіргі тарихы туралы сыр шертеді. Негізгі қорына осы жыл­дар аралығында Жетісу өл­­кесінің табиғи байлықтары, фло­расы мен фаунасы туралы, археологиялық құндылықтар, қазақ халқының тұрмыстық заттары, қолданбалы өнер туындылары, халық ақындары, батырлары, мемлекеттік қайраткерлер, тарихи оқиғалар жайлы материалдар жинақталып келеді. Сонымен қатар, Екінші дүниежүзілік со­ғыстың ардагерлері, ауыл­шаруа­шылықтың дамуына күш салып, тер төккен еңбеккерлер және бас­қа ардақты жерлестеріміздің, дара тұлғалардың жеке заттары, құ­жаттары таптырмас музейлік құндылық болып есептеледі. Облысымыздың бүгінгі жағдайы, эко­номикасы, мәдениеті, білім беру, денсаулық сақтау саласын­дағы жетістіктерге байланысты заттар да жиналып, келушілер назарына ұсынылып келеді.

Музейді ел үшін ерекше, өзіндік бағасы бар тарихи орда десек, бүгінде аймақ бойы­нша Сүйінбай Аронұлының әде­би-мемориалды музейі, Н.Алда­бер­генов атындағы мемориалды мұражайы, Жамбыл Жабаев әдеби-мемориалды музейі, Қара­саздағы М.Мақатаев әдеби мұ­ражайы, Сарқан ауданына қарасты Черкасск қорғанысы та­рихи-мемориалды мұражайы, Талдықорған қаласындағы І.Жан­сүгіров атындағы әдеби мұра­жай сынды аймақтағы музей­лердің жұмысы жанданып, қоры тарихи экспонаттармен то­лығу үстінде. Осы ретте облыс басшылығы тарапынан да атал­ған рухани ордаға көп көңіл бөлініп, соңғы онжылдықта бір­қатар мұражайдың күрделі жөн­деуден өткені баршаға мә­лім. Өз кезегінде құнды жәдігерлер, тарихымыздың бөл­шектері алтын қорымызға кіріп жатса, ол елі­міздің гүлде­нуі­не, ғалым­да­рымыз бен ақын-жа­зушы­лары­мыздың шығарма­шы­лығына өзіндік септігін тигізгені деп тү­сінген жөн.

Қашанда халықты тарихынан сыр шертіп, бай мұрамыздың кенішінен көрініс беріп тұра­тын музейлер жыл сайын ке­лушілерді қуанышқа бөлейтін игі шараларға ұйытқы болып келеді. Ақын-жа­зушы, тарихшы, жалпы айтқанда, тұғырлы тұлғалардың мерейтойларына байланысты мемлекеттік мерекелерге, атаулы жылдарға орай аймақтағы әр музей рухани ша­ралардың жалауын көтеріп жүр. Бұл дегеніміз, ел рухын көте­ріп, тарихтан тағылым тарата­тын игі бастамалар десек, әр жылдары өткен «Жетісудың Алтын Адам керуені», «Ретро-көрме», ашық аспан астындағы көрмелер, «Музей түні» сынды шаралар көпшілікке қуаныш сыйлап келген бірегей бастамалар.

Жалпы алғанда, ғылыми, тарихи шығармашылықтың ордасы болған, өткен мен бүгінді жалғап тұрған рухани ордамыз – музей тарихтың жады, дәуірдің ділмар шежірешісі. Енде­ше, барша музей қызметкерін атау­лы мере­ке­­лерімен құттықтап, тарих пен бүгінді тұтастырған киелі ордасы қазынаға, мирас дүниелерге байи берсін демекпіз.