Әдеби сауалдамамыздың кезекті қонағы – жазушы-драматург Мадина Омар. Дәстүрлі сұрақ: не жазып жүрсіз?
– Жазуды кәсіп еткен адамға жазатын нәрсе өте көп. Қарап тұрсаңыз, қазіргі қоғам, заман барлық мүмкіндікті беріп отыр. Әсіресе қазіргі заман – жазушы үшін таптырмайтын кен тәрізді. Қазып та әуре болмайсың, барлығы (қазына-байлық) жердің бетіне шығып, шашылып жатыр. Кеңес кезіндегі ақын-жазушылардан біздің артықшылығымыз осы. Адам баласы да сан қилы, қитұрқы болмысын жасырып-жауып әуре болмайды. Керісінше, «мен мынадаймын, маған қарашы» дегендей бірінен-бірі асырып, неше түрлі қылықтар мен мінездерін жария етіп, жанталасады. Кез келген әлеуметтік желідегі парақшаны немесе пікірлерді ал да портрет жасай бер. Адамдар осылай бетперделерін сыпырып, арсызданған сайын жазушы қауым құтырынатүседі (шығармашылық тұрғысынан) деген ойдамын. Дегенмен бұл өзгерістерге не себеп? Ақыл-ой кемістігі эпидемиясы ма әлде есепсіз еркіндік, Құдайды ұмыту адамзатты мас қыла ма?
Бір өкініштісі, бізде жақсы шығармалар кеңінен насихатталып, көзі қарақты оқырманға жетіп жатқан жоқ. Әдеби кітап – адам жанының тәрбиешісі болса, қазіргі таңда оқырман (халық) мен сол ақылды, мейірімді тәрбиеші бірін-бірі көрмейді, бір-бірімен кездеспейді.
Көркемдік сүзгі, редакциялық алқа деген ұғым мүлде жоғалды. Ол, бір жағынан, жазамын, жазғанымды кітап етіп басып шығарамын деген адамға барлық мүмкіндікті беретін болса, екінші жағынан, оқырман жақсы мен жаманды, көркем туынды мен шалажансар графомандық түсініктің аражігін ажырата алмай қалды. Кімнің жарнамасы, менеджменті мықты – сол топ бастайтындай, сондай бір үрдіс пайда болды.
Бізге шұғыл түрде әдебиеттанушылардан тұратын беделді бір ведомство, институт керек. Ол құрамға ақын-жазушылар сияқты шығармашылық адамдары енбеуі тиіс. Себебі өнер жүрген жерде бәсеке, дау-дамай, адамдық қарым-қатынас жүретіні заңды. Ол топ – салқынқанды, кәсіби адамдардан, тек қана ғалымдардан тұруы тиіс. Және бұл ауқымды, үлкен құрылым болуы керек. Себебі нарыққа шығып, оқырмандарға ұсынылып жатқан кітапта есеп жоқ. Соларды жүйелеп, есептерін, қорытындыларын мақала түрінде тұрақты жариялап отыратын (әлеуметтік желілер, газет-журналдар арқылы, жинақтар түрінде), өзге тілдерге аудару үшін іріктеулер жасайтын (дәл қазіргі, бүгінгі әдебиетке) мемлекеттік институт керек... Осы мәселені көтеріп дабыл қағатын сәт туды.
Егер жалпыдан жалқыға өтіп, «өзің не тындырып жүрсің» деген сауалға ауатын болсақ, мен тоғыз жылдың жүзі болды, М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік драма театрында драматург болып қызмет етіп келе жатырмын. Өзіндік жұмыс жасап, моно болсын, көп кейіпкерлі болсын, өз спектаклінде бас рөлде ойнағысы келетін актерлердің идеяларын жүзеге асыру үшін пьесалар іздейміз, авторларға тапсырыс береміз, кейде (тіпті көп жағдайда) өзіміз жазып береміз, инсценировкалар жасаймыз. Осы театрдағы тоғыз жылдық еңбек өтілімде жиырмаға жуық пьеса жазыппын. Қазір ғана актриса Г.Шыңғысованың тапсырысымен «Үзілген ән» атты мюзиклды жазып бола салып, актер Ж.Садырбаевтың моноспектакльге тапсырысын қабылдап алдым. Осындай үздіксіз шығармашылық процесс жүріп жатыр...
– Шығармашылық ой-сырыңызбен бөліскеніңізге рахмет.