Өнер • 14 Маусым, 2021

Траги-фарс жанрындағы қойылым

308 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Музыкалық жас көрермен театрында жазушы-драматург Михайл Булгаковтың 130 жылдығына орай «Өлі жандар» (Н.В.Гоголь поэмасы негізіндегі траги-фарс) спектаклінің премьерасы өтті.

Траги-фарс жанрындағы қойылым

Бұл шығарма қазақ сахнасында алғаш рет қазақ тілінде қойылып отыр. Туындыны қазақ­шаға аударған – Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Гүлнар Салықбай. Ал қоюшы-режиссері – Ерназар Жаңатілек.

Жаңа қойылымның шымыл­ды­ғын ашқан театр директоры, Қазақ­станның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров «Өлі жандар» спек­таклі театр ұжы­мының жетінші премьерасы екенін атап өтті. «Осыдан тура жүз жыл бұрын, Н.Гогольдің атақты «Өлі жандар» поэмасына М.Булгаков инсценировка жасады. Ақ өлеңмен жазылған поэманы театр тілінде сөйлеткен болатын. Ал енді М.Булгаковтың «Өлі жандары» қазақ сахнасы кеңістігінде тұң­ғыш рет қазақша сөйлегелі тұр. Сонымен қатар биыл үлкен әлем­­дік әдебиеттің классигі болып есептелетін М.Булгаковтың 130 жылдығы. Сондықтан да адам­затқа ортақ әйгілі әдеби драмаларды қал­дырған ұлы драматургке деген біздің жастарымыздың тағзы­мы деп есептесек болады», деді А.Максимұлы.

«Өлі жaндap» пьесасы адам­­­дардың өмір сүруге деген құштарлығын ашатын туын­ды. Сондай-ақ қоғамның өзекті мәселелерін көтеріп, олар­ға өзіндік шешім де айтады. Мәсе­лен, сыбайлас жемқорлық. Ол өз кезе­гін­де, мемлекетті құлды­ра­тып, жетіс­тіктерді жоққа шы­ғарып, адамдардың рухани өміріне қауіп төндіретін ін­дет. Бұл – барша адамзатқа ор­тақ шын­дық. Туындыда өзекті мәсе­лелер ащы әзілмен, ойлы күл­кімен айтылып, көрерменді шы­найылық, адалдық әлемінің тере­ңіне бойлатады.

Айта кетейік, бұл – театрдың жас режиссері Ерназар Жаңаті­лектің екін­ші қойылымы. Ол бұған дейін Ф.Достоевскийдің «Ұлдар» спек­таклін қойған болатын. Пре­мьераның дайындалу барысы туралы айтқан режиссер, жаңаша жанрдың ерек­шелігіне тоқталды. «Траги-фарс жанрында көбінесе актердің ойы­нында, сахна декорациясында, музыкада еркіндік бар. Яғни сю­жет заманауи фарс түрінде ойналады. Ал спектакльді дайын­дауға бір жарым айдай уақыт кет­ті. Мұндағы басты идея – бас кейіпкер Чичиковтің салдары ауыр соққан қателерін көр­сет­кіміз келді. Жалпы, бұл қойы­­лым­да жағымсыз кейіпкер жоқ: бә­рі­нің өзіндік жақсылы-жаман­ды қасиеттері бар», деді ол. 

Премьераны тамашалаған Парла­мент Мәжілісінің депута­ты, ақын Мақпал Мыса театр жас­т­арының ізде­німпаздығы, жаңа­шыл­дығы, бұл шығармаға креа­тивті оймен бару­лары кө­­рер­менге өте жоғары әсер қал­дырғанын айт­ты. «Негізі, шығар­маның түпнұс­қасын оқып қарағанда әсері бөлек болады. Оны қойылым арқылы көру тіптен басқа атмосфера береді. Театр өнерінің ерекше­лігі де сол шығар, рухың­ды қоз­ғайды, ерекше әсерде бола­сың. М.Булгаковтың жалпы шығар­малары өте ерекше. Астарлы оймен жеткізеді. Көрер­мендерге жалпы ашық нәрсе айтпайды. Көрермен өзі ой түюі керек. Қойылымда маған жастардың шынымен де таланттары қатты әсер етті», деді ақын.

Чичиков рөлін – Асылхан Төле­пов пен Аман Ғұмаров, Мани­ловты – Абзал Арапов, Михаил Семе­нович Собакевичті – Азамат Болатов, Плюш­кинді – Ақәділ Иманғали, Ноздревті – Қазыбек Есқара, Настасья Петровна Коробочканы – Мақпал Дүйсен, Илья Ильичті – Шалқар Мұралтай, Полицеймейстерді – Саламат Мұқашев, Қам­қоршылық кеңе­сінің хатшысын – Талғат Кеңес, Мавраны – Альфия Хайзуллиева, Мижуевті – Әлихан Әлішер, Петруш­каны – Еламан Иманбаев, Селифанды Аққанат Қуандық сомдады.