Соңғы 5 айдың ішінде облыста 163,6 мың шаршы метр тұрғын үй бой көтерген. Халықты тұрғын үймен қамтуға қатысты жобалардың дені Қостанай қаласында жүзеге асырылып жатыр. Облыс орталығында соңғы жылдары «Аэропорт», «Юбилейный», «Береке» деп аталатын жаңа шағын аудандар салынды. Нәтижесінде, кезінде қаланың маңында пайдаға асырылмай, бос жатқан жерлерге салынған көпқабатты зәулім үйлерге қоныстанып, мектептер мен мәдениет ғимараттары, басқа да әлеуметтік нысандар пайда болды.
– Бүгінде «Аэропорт» шағын ауданында бюджет қаржысына салынған 37 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Жалпы ауданы 192 мыңнан асатын 2 589 пәтерге тұрғындар қоныстанды. Енді жыл аяғына дейін тағы да 360 пәтерлі көпқабатты 4 тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. «Юбилейный» шағын ауданында 41 көпқабатты тұрғын үй салынып, 4 мыңнан астам пәтер пайдалануға берілді. Биыл бұл шағын ауданда көпқабатты 6 үй салынып жатыр. Оның құрылысы жыл соңына дейін бітеді. Осымен «Аэропорт» және «Юбилейный» шағын аудандарындағы құрылыс жұмыстары түбегейлі аяқталады, – деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Берік Таңжарықов.
2021 жылы өңірде «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға республика бюджетінен 9,3 млрд теңге бөлінген. Алдағы уақытта негізінен Қостанайдың «Береке», «Қонай» деп аталатын шағын аудандарында құрылыс жұмыстары қыза түседі. Бүгінде «Берекеде» көпқабатты 9 тұрғын үй бой көтерген. Желтоқсан айына дейін жергілікті «БК строй» құрылыс компаниясының қаржысына дәл осындай тағы 4 үй салынады. Ал Қостанайдан Рудный қаласына шыға берістегі «Қонай» шағын ауданында биыл 855 пәтерлі 19 үйдің құрылысын аяқтап, пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтің айтуынша, мұнда жалпы ауданы 71,6 мың шаршы метр болатын бес қабатты 30 үй және 2 мыңнан астам жеке тұрғын үй бой көтеретін болады. Биыл 5 қабатты 30 үйдің құрылысы басталды. Оның сыртында, жаңа шағын ауданда жеке тұрғын үй салуға 2 мың шаршы метрден астам жер учаскесі беріледі.
Сонымен қатар Қостанай ауданындағы Тобыл қаласы мен Мичурин кентінде «Бәйтерек» және «Астана» деп аталатын жаңа шағын аудандар пайда болады. Жоспар бойынша, биыл іргесі қаланған шағын аудандарға екі жыл ішінде жұрт қоныстануы тиіс. Бұл аумақта 9 қабатты 45 тұрғын үй пайдалануға беріледі деп көзделіп отыр. Жоба бойынша барлығы 5 мың пәтер пайдалануға берілуі тиіс. Қостанай ауданы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде Тобыл қаласында жалдамалы баспана кезегінде 2 мыңға жуық адам тұр. «Бәйтерек» және «Астана» шағын аудандарында бой көтеретін жаңа үйлер пайдалануға берілсе, бұл мәселе толықтай өз шешімін таппақ. Мұның сыртында 2023 жылы Тобыл қаласында «Нұр Әлем» аталатын жаңа шағын ауданның құрылысы басталып, мұнда 5 қабатты 24 тұрғын үй салынатын болады. Осы мақсатта аудан әкімдігі қосымша 550 жер учаскесін қарастырып қойған.
Ал Рудный қаласындағы Восточный көшесінде көпқабатты 8 тұрғын үйдің құрылысы қабаттаса жүріп жатыр. Таяуда ғана кеншілер қаласына жұмыс сапарымен барған аймақ басшысы осы нысанның құрылыс барысымен танысты. Бұл үйлер пайдалануға берілген соң, ең бірінші кезекте кеншілер мен көпбалалы отбасылар, мұғалімдер мен теміржолшыларға баспана берілмек.
Несиеге пәтер алуға мүмкіндігі жоқ мұқтаж отбасылар үшін биыл жалдамалы баспана құрылысына 1910,6 млн теңге қаржы қарастырылған. Биыл облыстың 4 елді мекенінде жалға берілетін тұрғын үйлер құрылысы аяқталады. Атап айтқанда, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында 468 пәтерлі 4 көпқабатты үйдің және Рудный қаласында 50 пәтерлі, Лисаков қаласында 60 пәтерлі, Федоров ауданында 24 пәтерлі бір-бір тұрғын үй ел игілігіне берілмек. Мұның сыртында облыс орталығында Отбасы банкі арқылы берілетін баспана құрылысы қарқын алды. Жыл басында «Юбилейный» шағын ауданында 243 пәтерлі 2 үй пайдалануға берілген болатын. Дәл осы ауданда жыл соңына дейін тағы да 120 пәтерлі 2 үйдің құрылысы аяқталып, баспана кезегінде тұрған жас отбасылар қоныстанады деп жоспарланып отыр. Оның сыртында, «Әуежай» шағын ауданында осы секілді ұзын-ырғасы 324 пәтерге жететін 4 бірдей баспана пайдалануға берілмек.
– Облыста жыл басынан бері пайдалануға дайын 841 пәтер қабылданып алынған. Бұл – өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 242 пәтерге артық. Пайдалануға даяр күйінде тапсырылған баспаналардың 84-і – жалдамалы пәтер, 234-і ЖАО облигациялар арқылы Отбасы банкі арқылы берілетін несиелік пәтерлер. Ал коммерциялық тұрғын үйлер саны 378, бұдан өзге 145 жеке тұрғын үй бар. «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында биыл 612 отбасы баспана алуға мүмкіндік алды. Олардың ішінде 101-і көпбалалы отбасы, 60 мұғалім, 146 дәрігер бар, – деді Берік Таңжарықов.
Соңғы төрт жылдағы мәліметтерге жүгінсек, облыста осы кезең аралығында 1 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салынған. Осы уақыт ішінде тұрғын үй құрылысына 100 млрд теңге инвестиция тартылыпты. Нәтижесінде, 10 мыңнан астам отбасы өздерінің тұрғын үй жағдайларын жақсартқан. Олардың дені – тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшылары. Филиал директоры Дәурен Саудабаев банктің әрбір жетінші салымшысы несие ресімдеп, баспанаға ие болғанын айтады. Оның сөзінше, бүгінде банктің облыстағы филиалында 65 мыңнан астам тұрғынның пәтер сатып алуға қаражаты бар. Аталған банк таяуда «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысушы азаматтардың да есеп-қисабын жария етті. Былтыр жалпы құны 1,5 млрд теңге болатын 208 өтініш қаралып, оның 206-сы мақұлданған. Дәл осы жобаны қостанайлық кәсіпкерлер мен ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің белсенді қолдағанын да айта кеткен абзал. Мәселен, өңірдің атымтай азаматтары 20 шақты мұқтаж отбасының үйін жөндеп берген.
Облыс әкімдігі былтыр шілде айында ел бойынша бірінші болып «Қазақстан ипотекалық компаниясы» ипотекалық ұйымы» АҚ-мен Қостанай облысының 350 медицина қызметкері үшін 3 жыл бойы жалға берілетін тұрғын үйді сату туралы келісім жасасқан еді. Осы жылы Қостанай қаласында аталған акционерлік қоғам арқылы мемлекеттік қызметшілерге 54 пәтер берілмек. Жалпы, бүгінге дейін өңірдегі қалалар мен аудан әкімдіктері қызметке келген 146 маманды тұрғын үймен қамтамасыз еткен. Мемлекет пен жеке кәсіпкерлердің әріптестігі аясындағы жобаларды сәтті іске асырғандар қатарынан Арқалық қаласын ерекше атап өткен дұрыс. Бұл қалада былтыр 112 пәтерлік тұрғын үй қайта жаңғыртылып, халық игілігіне тапсырылды.
Облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы өңірде алдағы жылдары да көппәтерлі үйлер құрылысының ұлғая беретінін айтып отыр. Биыл 384,9 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарда бар. Ал келесі жылы 3 590 пәтер пайдалануға берілмек. Облыста жеке тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Биылдың өзінде 116,4 мың шаршы метр аумаққа жеке тұрғын үй салу жоспарда бар. Алдағы жылы 110, ал 2022 жылы 111 мың шаршы метр аумаққа жеке үйлер салынбақ.
Алдағы уақытта ерекше екпін түскелі отырған «Қонай» шағын ауданының келешегі жарқын болмақ. Сондай-ақ өңір картасында бір-екі жыл бұрын ғана пайда болған Тобыл қаласын дамыту жоспары дайын. Бүгінде Қостанай қаласының іргесінде тұрған Заречный ауылындағы «Северный» шағын ауданы құрылысының да екпіні ерекше.
Жалпы, 1991-2020 жылдар аралығында Қостанай облысында 5 млн 839,4 мың шаршы метр тұрғын үй, яғни 60 мыңнан астам пәтер пайдалануға беріліпті.
Қостанай облысы