Аймақтар • 15 Маусым, 2021

Кәсіпкерлікке қомақты қаржы бөлінді

403 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Биыл Қостанай облысында «Бастау-Бизнес» кәсіпкерлікті қолдау жобасы бойынша білім алып шыққан түлектерге жалпы сомасы 1 млрд теңге жеңілдетілген несие бөлінді. Жылдық сыйақысы 6 пайыздан аспайтын қомақты несие қаржысы Жұмыспен қамтудың жол картасын жүзеге асыру аясында қарастырылып отыр.

Кәсіпкерлікке қомақты қаржы бөлінді

– Биыл облыста жаңа кәсіп бастағысы келетіндер тұңғыш рет Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында несиелендіріледі. Бұл мақсатқа республика бойынша барлығы 22,5 млрд теңге қарастырылған. Соның 1 млрд теңгесі Қостанай облысына бұйырды. Шағын несиенің өтеу мерзімі – 5 жыл. Ал мал шаруашылығымен айналысатындар қарызын 7 жылға дейінгі мерзім ішінде қайтара алады. Ауыл және шағын қала тұрғындарына 2500 АЕК, яғни 7 млн 292 500 теңге, ал қалалар мен моноқалаларда тұратын кәсіпкерлерге 6 500 АЕК-ке дейін несие беріледі. Соңғылары 19 млн-ға жуық қаржыны жеңілдікпен несиеге ала алады, – деді Қостанай облыстық кәсіпкерлер палатасының сарапшысы Лейла Ақтаева.

Биыл өңірде «Бастау-Бизнес» жобасы бо­йынша 1 250 адам білім алады деп жоспарланған. Бүгінге дейін 627 тұрғын сертификат алып үлгерсе, 249 адам оқуды жалғастырып жатыр. Облыстық кәсіпкерлікті қолдау палатасының мәліметінше, биыл жобаны тәмамдаған 170 түлек жеке кәсіп ашу мақсатында қаржы гранттарына қол жеткізген. Ал 61 адам жеңілдетілген несие алған. 14 маусымнан бастап жобаның үшінші легіне қатысқысы келетіндерден өтініш қабылдана бастайды. Оған жұмыссыздар мен жұмысы бар адамдардың жекелеген санаттары қатыса алады.
«Бастау-Бизнес» жобасы аясында кәсіпкерлік негіздерін меңгергісі келетін тұрғындар білім курстарына қатысуға жолдама алу үшін әуелі жұмыспен қамту орталықтарына баруы керек.

 

Қостанай облысы