Өнер • 20 Маусым, 2021

Теңіз әні

759 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

1965 жылы Бронкс зообағында «Жер бетіндегі ең қауіпті жануарлар» атты көрме өтеді. Оны неменеге жазып отыр дейсіз ғой, әлгі көрмеде көрменің атын арқалаған ерекше картина қойылған екен. Оны тамашалауға келген әрбір адам айна орнатылған туындыдан өзін көреді-міс. Көрменің қызығы да, шыжығы да сол. Ал бұған қарап, біздің ойымызға данышпан Ницщенің нақылы оралды. «Адам – саналы жануар һәм уәде бере алатын мақұлық». Иә, туындының түп мағынасы осы афоризмге астар болып тұрғандай. Біздің бүгінгі әңгімеміз осы оқиғамен қанаттас.

Теңіз әні

Жо-жоқ, бұл киттердің әні емес, теңіздің әні.

Киттер неге ән айтады білесіз бе? Алып су жануарларының сиқырлы үні ұлы теңізді тербететінін естіп пе едіңіз? Екі аяқты пендеден келер кесапатты ал­дын ала сезген тіршілік иелерінің алыс­­тан құмыға шыққан ғажайып дау­сы жүрек елжіретеді ғой, шіркін! Бұл ас­қақ әуен тек теңіз жануарларына ғана тән. Қанатты қырандай көк теңізде еркін кө­­сілген еңгезердей балықтардың батыл қадамы маңайындағы өзі сияқты суда ғұмыр кешкен сүтқоректілерді ажалдан арашалап қалады екен. Ғанибет емес пе? Ал теңіз болса олардың осы ерлігі үшін ешқашан құрғамайды.

Киттердің әуезді әуені – олардың қарым-қатынас құралы. Бірі білсе, бірі білмес теңіз сүтқоректілерін аулауды тоқтату туралы бастама сол сұлу сазды естігеннен басталған. 1960 жылы биолог Роджер Пэйн алғаш рет өркешті киттердің даусынан бір тылсым музыка шығатынын байқайды. Бұған қызық­қан ғалым оны таспаға жазып алып, айналасына тарата бастайды. Сөйтіп киттердің әндері жазылған альбомның бір данасын сол кездегі атақты әнші Джуди Коллинзге сыйлайды. Эстрада жұлдызы білімпаз биологтің әрекетіне таңдай қағып, пластинканы үйіне барып тыңдайды. Міне, ғажап! Табиғаттың тылсым үнін естігенде елдің сүйіктісіне айналып үлгерген талантты әнші есінен танардай толқып, көкірегі қарс айырылады.

Бір өкініштісі, сол уақытта жыл са­йын адамдар мыңдаған китке қармақ салып, оның ішінде әнші һәм сазгер өркешті киттерді аяусыз өлтіретін бол­ған. Бұл бассыздыққа тоқтау болар ешкім жоқ-тұғын. Биологтің шырылдайтыны да сол еді. Енді әннен әсер­ленген әнші теңіз қарақшыларының қас­қөйлігін әшкерелеу үшін әрі зор дауыс­ты киттерді сақтап қалу үшін олардың қам­қоршысына айналады. Тіпті өзінің репертуарына киттердің әнін қосады. Осылайша, «Киттер мен бұлбұлдар» аль­бомы жарыққа шығады. Аудиожазба көп ұзамай кеңінен таралып үлкен атаққа ие болады. Сол арқылы бүкіл әлем бірін­ші рет теңіз алпауыттарының даусын естиді.

Өркешті киттердің әндері адамзаттың санасында дүмпу туғызды. Ән салатын, өзіндік тілі бар жаратылыс иесін еш себепсіз өлтіру дүниедегі ең ауыр қыл­мыстың бірі екенін түйсінді. Адам­дар су жануарларының ақылдылығына қай­ран қалып, табиғат заңына қарсы шы­ғуға болмайтынын бағамдады. Бұл оқиға киттерді қорғау қозғалысының бас­таухатына айналды. Ақыры игілікті іс 1986 жылы қатыгездікпен балық аулау ісін кәсіптің көзіне айналдырып алған кәсіпорындарға тосқауыл бол­ды. Киттердің әсерлі әні жауынан сақ­тандырды. Бүгінде 19 ақпан – теңіз сүт­қоректілерін қорғау күні. Оны дүние­жүзілік киттер күні деп те атайды.

Солтүстік Мұзды мұхиттың түбін­де, тынық түннің астында киттер әлі күн­ге ән айтады. Бұл олардың сүйікті ісі. Зерттеушілер теңіз сүтқоректілерінің дау­­сы әнші құстардың шиқылы сияқты әр­түрлі болады деуде. Даусын түрлендіріп ән салатын су жануарларының жұмбағы күні бүгінге дейін беймәлім. Әй, солай болғаны да дұрыс шығар. Әйтпесе адамзат құпияларды талқандауға құштар ғой. Түбіне жеткен соң, теріс айналып шыға келеді. Сосын тағы да тарпа бас салуы ғажап емес.

Қызықты қараңызшы, ұрғашы және еркек киттер ән айту арқылы бір-бірін кездесуге шақырады екен. Кәдімгі ма­хаббат хикаясы дерсіз. Ол ол ма кей­бір теңіз сүтқоректілері сол арқылы ойын алаңын белгілейді. Күнделікті қара­па­йым сигналдар навигация ретінде де құнды. Тісті киттер өздері шығарған ды­быстарды эхолокация үшін пайдаланады. Қазір ғалымдар жапон киттерінің тек өзара түсінетін ерекше дыбыс шы­ғаратынын айтуда. Бұл бір атадан тара­ған бауырларын сағынғанда орындайтын әуен екен.

Иә, теңіздің де өз тұрмыс-салты һәм мәдениеті бар. Орыс жазушысы Сергей Довлатовтың «Теңіз біз туылғанға дейін тұңғиық, біз өлгеннен кейін де тұңғиық болады. Әрі кетсе біз сол тұңғиық теңіздегі құмның кішкентай ұнтағымыз» дейтіні бар. Кейде киттердің әнін тыңдап отырып, табиғаттың тылсым құбылыстарына уақыт таразы бола алмайтынын ұғамыз. Адамзат ше, қай дәуірде де тек өз әнін тыңдатуға тыры­сып келді. Өзінен басқа ешкімді есті­мейді, құлағы бітеулі. Сондықтан заман құбылды, рухани күйзеліске түстік. Әй, саналы жануарлар-ай!

Айтпақшы, «Жер бетіндегі ең қауіп­ті жануарлар» көрмесін тамашалаған оқыр­мандар содан бері айна алдында ұзақ тұра алмайды екен. Ал сіз ше, сіз айнадан кімді көресіз?