Аймақтар • 21 Маусым, 2021

Атыраудың алуан айшықты адымы

471 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Орталық коммуникация қызметінің алаңында брифинг өткізген Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің мәліметінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес мұнайлы өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары қабылданып отыр. Бұл жоспар аясына алдағы 5 жылда өңірде 9,5 трлн теңгенің 198 іс-шарасы іске асырылады. Қаражаттың 90 пайызы, яғни 8,7 трлн теңгесі жеке инвестиция есебінен салынады. Ал республикалық бюджеттен 671 млрд, жергілікті бюджеттен 108 млрд теңге бөлінеді.

Атыраудың алуан айшықты адымы

– Мұнай өндіру көлемі 2025 жылға қарай 28 пайызға артып, 60 млн тоннаға жетеді. Бұған «Теңіз» кен орнындағы «Келешек кеңейту» жобасы арқылы жылына мұнай көлемін 12 млн тоннаға арттыру, «қара алтын» өндіруді жылына 2 млн тоннаға ұлғайтатын «Қашаған» кенішіндегі кешенді іс-шаралар мүмкіндік беруі тиіс. Сондай-ақ мұнай-газ химиясы саласын дамыту мақсатында арнайы эко­но­ми­калық аймақта жалпы құны 6,1 трлн теңгені құ­рай­тын төрт жаңа жоба жүзеге асы­­рылады, – дейді Махамбет Досмұхамбетов.

Әкімнің айтуынша, осындай іргелі істер атқарылғалы отырған Атырауда биылғы бес айда бюджетке аударылған салық көлемі 559 млрд теңгені құраған. Оның ішінде республикалық бюджетке 384 млрд теңге салық аударылса, Ұлттық қорға 357 млрд теңге түсіпті. Жыл басынан бері не­гізгі капиталға 1 трлн 15 млрд тең­генің инвестициясы салыныпты. Енді мұндай инвестиция жыл соңына дейін 3,8 трлн теңгені құрайтыны күтіліп отыр.

– Өнеркәсіп өнімінің көлемі бес айда 3,2 трлн теңгеге жетті. Осы кезеңде 19,5 млн тонна мұнай, 10,2 млрд текше метр ілеспе газ өндірілді. Сондай-ақ кә­сіпкерлікті қолдау картасы аясында 837 млрд теңгенің бес жобасын жүзеге асырып, 560 жұ­мыс орнын ашу жоспарланды, – дейді облыс әкімі.

Махамбет Досмұхамбетов өңір тұрғындарын жиі мазалайтын түйінді мәселелерге де тоқталды. Әсіресе атырау­лық­тарды экологиялық ахуал алаң­да­тады. Осы орайда былтыр Атырау қаласының аумағынан тір­келмеген 484 қоқыс орны жо­йылған. Ал биылғы жыл басынан бері ғарыштық мониторинг арқылы шаһар аумағынан тағы да 94 заңсыз қоқыс орны анық­та­лыпты. Оның 39-ы жо­йылып, 42-сінде тазалау жұмыстары жүр­гізілуде. Ал қалған 13 қоқыс орнының иелері анықтау қолға алынған.

– Президенттің 2025 жылға дейін орман алқабында жаппай тал егу мен елді мекендерді көгалдандыруға қатысты тап­сыр­­ма­сына орай ауқымды жұ­мыс басталды. Биыл 700 мыңға жуық екпе, 50 мыңға жуық кө­шет­тер егілді. Алдағы бес жыл­да облыстағы орман қоры­ның аумағына 7 млн көшет, ал елді мекендерге 540 мың тал егу жоспарланып отыр. Өңірдегі «Теңіз­шевройл», NCOC, Аты­рау мұнай өңдеу зауыты және «Ембімұнайгаз» сынды ірі мұ­най-газ кәсіпорындарымен көгалдандыруға қатысты ме­мо­ран­дум жасалды. Бұл кә­сіп­о­рындар алдағы күзде ар­на­­йы бөлінген аумақты көгалдан­ды­руд­ы бастайды, – деді әкім.

Атырау қаласының тұр­ғын­­да­рын атмосфералық ауа сапасы алаңдатады. Бұл – он­да­ған жыл бойы тұрғын үйлер мен кәсіпорындардың кәріздік суларын тазарту қондырғыларының болмауынан туындаған мәселе. Аталған түйінді мәселені оң шешу үшін 2021-2025 жылдар­ды қамтитын кешенді іс-шаралар қабылданды. Соның ішінде биыл қаланың сол жақ бөлігіндегі жаңа кәріздік-тазарту имаратын іске қосылады.

Тағы бір мәселе – әлеуметтік ма­ңызы бар азық-түліктің баға­­ны реттеу. Әкімнің мәлі­ме­тінше, 1 млрд 100 млн теңге­ден аса­тын тауарлық-қаржы­лық тұ­рақ­­тандыру қоры қалып­тас­ты­рыл­ды.

– Былтырғы күзде көкө­ніс өнімдерінің бағасын тұрақ­тан­дыру үшін құрылған қорда 260 тонна картоп болды. Сәуір­ге дейін тұрақтандыру қоры арқы­лы бағаны реттелді, – дейді М.Досмұхамбетов. – Қазір мау­сым­аралық кезең болған­дық­тан, сәбіз бен картоп бағасы көтерілді. Қазір оңтүстік өңірден және Ресейдің көршілес облыс­тарынан картоп жеткізу іс-ша­расы қабылданып, баға төмен­деді. Мәселен, бір апта бұрын картоп бағасы 400 теңге болса, қазір 310 теңгеден сау­да­лануда. Енді апта сайын баға төмендейді. Өйткені өзге өңір­лер­ден, Ресейдің көршілес облыс­­та­рынан картоп жеткізіледі. Оған қоса жергілікті өнім де шы­­ға­ды.

Өңірдегі Жайық, Ойыл, Жем, Сағыз өзендеріндегі су көлемінің азаюы да ең өзекті мәселеге айналып отыр. Әкімнің пікірінше, әсіресе Жайық өзеніндегі ахуал – мемлекетаралық мәселе.

– Жайық өзеніндегі орташа жылдық ағын – 9,5 млрд текше метр су. Соңғы жылдары Жа­йық­тың суы азайып, 3,5 млрд текше метрге жетті. Ал биыл өзенге келген су бұрынғыдан бір­шама көбейіп, 5 млрд текше метрді құрады. Ал Мұғалжар тауынан бастау алатын Ойыл, Жем өзендеріне су келмей қалды. Осыған орай Ақтөбе облысының басшыларымен ақылдастық. Арнайы топ Ойыл өзенінің бо­йында қандай бөгеттер барын зерттеді. Жем өзеніндегі ахуалға байланысты осындай топ зерттеу жүргізеді. Бұл өзендердегі қазіргі ахуалға қардың аз түсуі, құрғақшылық секілді табиғи құбылыстар әсер етіп отыр, – дейді М.Досмұхамбетов.

 

Атырау облысы