30 Сәуір, 2010

ЕЛ АЗАМАТТАРЫНА ЕСКЕРТКІШ ТҰРҒЫЗЫЛДЫ

702 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Жеңістің 65 жылды­ғын еліміздің барлық өңірінде лайықты деңгейде атап өтуді тапсырған болатын. Елбасының айтуынша, бірде-бір соғыс ардагері, олардың жесірлері және тыл еңбеккерлері өздерін мемлекет назарынан тыс қалып, ұмытылған жандай сезінбеуі тиіс. Жуырда Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Бесмойнақ елді мекенінде 220 адамның есімі жазылған мәрмәр тастан жасал­ған монументтің ашылу салтанаты болды. Ел азаматтарын ел есінде қал­дыру мақсатында тұрғызылған монументтің биіктігі – 7 метр. Ал ортада мәңгілік алау жанып тұр. Мұндай игі істі “болашаққа – бағдар, ұрпаққа өнеге” деп санайтын ауыл азаматтары “бір жаға­дан бас, бір жеңнен қол шығарып”, оның бой көтеруіне атсалысты. Монументтің екі жағында соғысқа қатысқан, қуғын-сүргінге ұшыраған, Еңбек Ері атанған жергілікті жалпы саны 220 адамның есімі жазылған. Оның 205-і – соғыс ардагері, 13-і – зұл­мат заман­да қуғын-сүргінге ұшырағандар, 2-уі – Еңбек Ері. Соғыс­­тан аман-есен оралған 76 ардагердің бүгінде үшеуінің ғана көзі тірі. – Жергілікті мектепті 20 жыл басқарған Тілеген Жақыпбайұлы ағамыздың ескерткішті тұрғызуда көмегі зор болды. Ол кісіден барлық деректерді алып, ел азаматтарының есімін толық жазып қойдық. Монумент мешіттің ауласына тұрғызылғандықтан, ескерткіш тақтаға: “Алла тағаланың үйі – мешітте қайтыс болғандардың әруағына дұға жасалсын, келер күннен әр азамат өз отбасына, халқына жақсылық тілегей!” – деп жаздырттым. “Әлемнің жарығын сыйлаған – Ана!”, “Әр күнгі біткен іс – келешек тарих!”, “Өліге иман, тіріге береке берсін!” – деген сөздер де жазулы. Осындай игі істің жүзеге асуына аудан азаматы, белгілі жазушы Нағашыбек Қапалбекұлының, ауыл ақсақалдар алқасының төрағасы Нұрманбет Аманжолұлының үлесі бар. Мешітке келген иманды жастарымыздың бойында Отанды сүюге деген сезім арта берсін, – дейді ескерткіштің негізгі ауыртпалығын көтеріп, жеке қаржысына тұрғызған ауыл азаматы Мұхтар Жуаров. Ескерткіштің ашылу салтанатында өткенге салауат айтылып, құрбандардың рухына құран бағышталды. Ағабек ҚОНАРБАЙҰЛЫ. Алматы облысы.