Әдебиет • 23 Маусым, 2021

Үш, төрт және жалғыздық

667 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

«Мүйіз тарақ» әңгімесін оқи бастағанда көз алдыңа бірден үш қоғамдық формация текшеленіп келіп тұра қалады. Біріне­бірі жымдаса жалғасқан, ымыралас, ықпалдас бейнеленген, кейіпкер өмірінің кезеңдері бойынша кестеленіп, өзара келісіп алғандай бірін-бірі алмастыра жүреді.

Үш, төрт және жалғыздық

О баста кейуананың күнделікті күйбең тіршілігін суреттеуден бас­талған әңгіме жазушының бала күнінде туған ауылында көз алдынан өткен осы оқиғаны еске алуымен аяқталады. Бірақ жазушы жаңа заманның, жаңа қоғамның биігінен көз тастап отырғанда да алдында бейнеленетін екі қо­ғамдық формацияға баға беруге тырыспайды. Тіпті кейіпкерлердің өзін жақсы мен жаманға бөлмей, адал мен арамға алаламай, тек олардың іс-әрекеттері арқылы оқырманға өзінше ой қорытуға мүмкіндік береді. Характерлерді детальдар арқылы ашады.

Адам өмірінің өтуін, жастық­тың кекселікке, кекселіктің мос­қалдыққа, мосқалдықтың қарт­тыққа ұласуын, тіпті қоғамдық формациялардың өзгеруін, ұлт өмірінің қысылтаяң шақтарын, адамдардың құрбандыққа баруын, тіпті сатқындық пен әлімжеттілік, зұлымдық пен ашкөздіктің өзін төрт деталь арқылы бізге ашып береді. Оның біріншісі – күміс тарақ.

Біз күміс тарақ арқылы кейіп­кер өмірінің алғашқы кезеңіне, шекараның арғы бетіне, Рымкеш кейуананың қыр гүліндей құл­пырған жастық шағына барамыз. Қытай қазақтарының Мао билеген шақтағы өміріне көз салып тұрамыз. Сол өмірден беріге қа­­рағанда Қазақ елі – бұрынғы Ке­ңестік Қазақстан «арғы бет» болып саналады. Бұл сәтті жазушы «Бұлықсып бойжеткен шағында ағасы Тұрсынахметтің сыйға тарт­қан күміс тарағын ұстап жү­ретін. Е, ол да бір заман екен ­ғой», деп тұспалдап береді.

Күміс тарақ – жастықтың, тазалықтың, адамдарға деген сенімнің, аға мен қарындас ара­сындағы сүйіспеншіліктің, ту­ған жерге деген махаббаттың бел­гісі ретінде көрінсе, әңгіме ба­ры­сында зәлімдіктің, ашкөз­дік­тің, құмарлықтың, шолақ бел­сен­ділердің шалағай ойының, кеңестік жүйенің ескіге шүйлі­гуі­нің, ұлттық жад пен архетиптік са­наға шабуылдың қара таңбасына айналып шыға келеді:

«Ол тараққа сүзіле қарап, еш қымсынбастан тістеп те көрді. «Күміс». Сосын осындайдағы әде­­тіне көшіп ұзақ былдырла­ды. Ар­­тынан майысқақ қазақ сөй­леді. Ол да қайдағы пәлені жау­дырып, біраз бұрқылдады. Ұқ­қаны: мынандай тарақты ұстау қате екен. Түбірімен саяси қате. Мұның тү­бін тергеп-тексеру қажет. Қай­дан шыққанын анықтау ләзім. Әйтпесе қиын, өте қиын. Жә, нә­шәндік жолдас бір жолға кешірім етеді. Нәшәндік жолдас мейірімді, өте кең адам ғой. Сондықтан ес­кі­нің сарқыншағы саналатын та­рақтың көзін құртқан абзал». Шай құйып отырған келіншектің кү­міс тарағы саяси қателік атанып, құрбандыққа осылай шалынып кетеді. Арғы бетте ағасы, бергі бет­те тарағы талқыға түсті.

Жазушы алғашқы екі қоғам­дық жүйенің – коммунистік идея­ның ұқсас ойлау жүйесін осылайша көрсетеді.

Жазушы өзінің кейіпкері Рым­кеш пен күйеуінің келген же­рін, бекіген мекенін «Ұлықтар күн шапағы Жоңғардың (яғни Жоң­ғар Алатауының) алқаракөк шыңдарына түйреліп, Алтын ша­ңы­рақ тауының иығына қона бер­генде жінігіп жетіп келді», деп суреттейді. Осы сөйлемдегі «жі­нігіп» деген сөзге ерекше назар аударайықшы. «Жінігіп» дегенде біздің көз алдымызға апыл-ғұпыл асығыс жүрген құдайы қонақтай көрінер адамдардың бейнесі емес, желіккен, екі иығын жұлып жеген, жемтігіне құлдилай құлаған құстай, пиғылы бұзық, пейілі нас, баса-көктей, міндетсіне кел­ген адамдардың тобы келіп тұ­ра қалады. Бір сөзбен келуші мей­мандардың жүріс-тұрысын ғана емес, мінез-құлқын да жайып салуды жазушының шеберлігі деп атауымыз керек.

Екінші деталь: құлын. Әлгі қо­нақтардың ішіндегі дөкейі құ­лын етіне жерік болып шығады. Келерден бұрын кісі жіберіп, дастарқанға құлын етін қоюды бұйырған көрінеді.

Рымкеш күйеуі екеуі құлын­дарды ерекше жақсы көретін, оның себебі: бір перзентке зар бо­лып жүрген қос мұңлықтың қолдан сүт беріп өсірген жетім құлындары бар еді. Жазушы оны: «Енді, міне, сол құлынды жейтін қонақ келе жатыр» деп күрсініске толы сарказммен береді. Осы құлынды қонаққа шалу мен ке­йін қос мұңлықтың жалғыз ұлы құздан ұшып өлуін қатар қой­ғанда, ойымызға Қарабай мен Сары­байдың маралдың киесі ұрған мезеті еріксіз оралады.

Үшінші деталь: орамал. Ора­мал қазақ ұғымында әйел­дің қа­ді­рі мен киесі ретінде бейнелене­ді. Жазушы оны: «әйелдің шашы шашылмауы керек. Әйелдің ша­шы жерде шашылып жатса, бұ фәни жалғанды ерте тастап кеткен ұрпағы әр талын жинап, қи­на­лып жүретін көрінеді», деп сол ұғымға сүйене сөз етеді. Ал келген қонақтар болса, «Сәбет әйелі ошақтың басынан озғалы қашан. Сіз де қысылмай еркін отырыңыз. Сәбет әйелдері еркін, ашық болуы керек. Сол үшін алдымен мына басыңыздағы жау­лықты сыпыра салыңызшы. Қы­тайдағы іріп-шіріген әйелдер бол­маса, біздің қазақ-сәбет әйел­дері мұндайды қазір бұйым көрмейді. Қане, жұлып тастаңыз, құрысын!» дейді. Әйел амалсыз жаулығын сыпырып тастайды. Осы жаулықты сыпыру мен кейін жалғыз ұлының әйелі яғни келіні керенау шығып, ошақ бұзып, отын тастап, кетіп қалуын қатар қойғанда, көп жайдың салдары алғашқы себептерде жататынын аңғарамыз. Жалпы, жазушы осындай әр деталь арқылы себеп пен салдарды ашады, параллельдер пайым тудырады.

Төртінші деталь: терек. Жазу­шы шымнан соғылған үйдің жа­нында өскен, кезінде баласы Той­­шан еккен жас шыбықтардың қаулап өсіп, кейін алып теректерге айналғанын көрсетеді. Осы теректердің өсуі арқылы өмір­дің өтуін бейнелейді. Жас шы­бықты жел жығып, я болмаса жа­пырағын қозы-лақ жеп кетпесін деп қоритын ағашы қазір үйдің төбесінен үрей тудыра судырлап тұрады. Осы теректің судыры арқылы жалғыздықтың үрейін сезіндіреді. Әңгіменің өн бойында кейуана жұмыстан келер ұлын тосып, ас даярлап жүреді. Бірақ оның ұлы өмірде жоқ екені, оның бәрі жай ғана елес, жалғыздық пен құсадан туған елес екені әңгіме соңында ғана ашылады. Тек терезе сыртындағы теректің, жалғыз ұлы еккен теректің бұтақтары терезені қаққанда байғұс ана ұлым келіп қалды екен деп елегзиді, елеңдейді.

Жазушы кейіпкер психоло­гия­сын, кезең тынысын, жал­ғыздық пен кәрілік, құсалы қай­ғы мен ұмытшақ көңілді дәл су­реттеп, нақты көрсету үшін әде­би троптарды кеңінен әрі ер­кін қолданады. Соның бірі – ке­йіптеу. Яғни жансыз дүниеге жан­ды дүниенің қасиетін көшіріп қол­дану. Мұны біз «ас үйдің бір қабырғасына қапталдаса мінген пеш», «кемпір шоқаңдаған қал­пы тошалаға сүңгіп кетті де, қа­зан сүйреп қайтты», «сосын шо­қаңдай жылжып барып тоқ шәу­гімді бауынан босатқан», «дә­лізге бара жатып қара шелекті қаң­ғырлатып ерте шықты» деген жол­дардан анық аңғарамыз. «Қа­бырғаға мінген пеш» дегенде оның бір сәтте мысық бейнесіне, «сүйрелген қазан» дегенде табандап жүрмей қойған қозы мен лақ, «тоқ шәугімді бауынан босатты» дегенде күшікті босатқандай, «қара шелекті ерте шықты» дегенде баланы ерте шыққандай әсерде қаламыз. Мұның бәрі – жалғыздық күйі. Жалғыз кейуананың көңіл дүниесін, оның әрбір затпен адамша сөйлесіп жүруін осы кейіптеу әдісі арқылы шебер берген.

Дәурен Қуаттың «Мүйіз та­рақ» әңгімесі – кісі көңіліне ала­сапыран күй кештіретін, кейіп­кер қайғысы арқылы ұлттық тра­гедияларға өтетін, бөлшек арқылы бүтінді көрсететін, жаңа қазақ про­засының талабына толық жа­уап беретін, он бет арқылы он­даған жылдар туралы ой тудыратын шығарма.