Білім • 04 Шілде, 2021

57 мыңнан аса талапкер шекті балл жинай алмады

215 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

 

Елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеу биыл алғаш рет электронды форматта өтті. ҰБТ-ны осы жолы 145 мыңнан аса талапкер тапсырды. Олардың 60 пайызы, яғни 88 мыңнан көбі шекті балл жинады. Тестілеу төңірегіндегі осы және өзге де маңызды жаңалықтар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.

57 мыңнан аса талапкер шекті балл жинай алмады

Білім және ғылым минис­трлігінің дерегіне сүйенсек, тест тапсырушылардың 57 187-сі немесе 39,4%-ы шекті балл ала алмаған. Ең жоғары 140 балды Павлодар қаласының талапкері жинады. 1923 оқуға түсуші 120 балдан жоғары нәтижеге қол жеткізді. ҰБТ-ны 109 693 немесе 75,5% түлек қазақ тілінде, 35 245 немесе 24,3% орыс тілінде тапсырды. ҰБТ-ның орташа балы 69,08 балды құрады, бұл өткен жылдың көрсеткішінен 5 балға жоғары.

Аталған ведомство жанындағы Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаментінің директоры Әділет Тойбаев:

– Елімізде ҰБТ тұңғыш рет «1 компьютер – 1 камера – 1 тест тапсырушы» қағидаты бойынша 51 пунктте электронды форматта өтті. Биылғы тест тапсырушының маңызды артықшылығы – оны тапсыруға екі мүмкіндік беріліп, тест тапсырушының ең жақсы нәтижені грант иелену үшін кон­курсқа жолдай алатынында. Сонымен қатар тестілеуді тап­сырудың ашықтығын қамта­масыз етеді. Біз нұсқалар мен дұрыс жауаптар кодтарының біре­гейлігін ойластырдық. Яғни әр нұсқа кездейсоқ таңдау арқылы өтініш беруші қосымшада рұқсат алған кезде жасалады. Бұл тест нұсқалары қайталануының ал­дын алып, дұрыс жауаптар кодтарының сәйкес келу ықти­мал­дығын да жойды. Және түлек­тер ҰБТ-ны бұрынғыдай бір аптаның көле­мінде емес, екі айдан аса уақыттың ішінде тапсыра алады, – деді.

Ведомство өкілінің айтуынша, жалпы екі жылдық апробация барысында (алдымен педагогтерді, содан соң магистратураға түсу­шілерді және содан кейін ғана мектеп оқушыларын элек­трон­ды тестілеуге ауыстырды) элек­тронды тестілеу жетіл­діріл­ген. Бұл форматтың қағаз түрін­дегі тестілеуден мынадай артық­шылықтары бар: талапкер тестілеу күні мен орнын өзі таңдайды; тестілеу уақытын (жауа­п парағын бояуға уақыт құртпай) үнемдеу; алдыңғы тест тапсырмаларында таңдалған жауаптарды қайта өзгерту мүмкіндігі; тестілеу нәти­желерін өңдеу кезінде кез­десетін қателерді болдырмау, яғни жауап парағында боялған немесе жартылай боялған жауаптарды сканердің дұрыс оқымауы, жауап парағын толтыру барысында басқа секторлардың боялып кетуі және т.б; тестіленуші қате тол­тырылған деректерін өзгертуге, сондай-ақ тапсыру тілін, пәндерін ауыстыруға мүмкіндігі бар; тес­тілеу нәтижелері аяқталғаннан кейін бірден сол жерде, сонымен қатар Жеке кабинетте көрсетіледі; тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға беруге болады; бейнабақылау камералары арқылы бәрі бақылауда; калькулятор, мерзімді кестелер және тұздардың ерігіштігі компьютерде орнатылған. Бұдан бөлек компьютерден көз алмайтын және мүмкіндігі шектеулі талапкерлерге жағдай жасау да қарастырылған.

– Компьютердегі тестілеу ерекше назар аударуды қажет ететінін түсініп және көру қабіле­тіне әсер етуі мүмкін 4 сағаттық жүктемені ескеріп, біз үш үзілісті қарастырдық: біріншісі 2 минут – тестілеу басталғаннан 1 сағат өткен соң (көзге арналған жат­тығулар мен денешынықтыру жаттығуларын орындау үшін), екін­шісі 2 сағаттан кейін – 15 минут және үшіншісі 3 сағаттан кейін – 2 минут. Білім беруде ерекше қажеттіліктері бар бала­лар­ға да жағдай жасалды. ҰБТ-ға мүм­кіндігі шектеулі 90 бала қатысты. Оларға аудиториялар мен жеке көмекшілер ұйымдастырылды, – деді Ә.Тойбаев.

Министрліктің мәлімдеуінше, соңғы нәтижелер тамыз айында дайын болады. Қолданыстағы ережелерге сәйкес барлық бейнежазбалар осы жылдың 25 тамызына дейін талданып, тыйым салынған заттарды пайдалану анықталған жағдайда, тапсырушы балымен қоса білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижесі де жойылады. Былтыр бейнежазбалар бойынша талдау жүргізіліп, 152 талапкердің, оның ішінде 100 грант иегерінің нәтижесі жойылған еді. ҰБТ та­лап­тарына қатысты Ұлттық тес­­тілеу орта­лығы директорының мін­детін атқарушы Наужан Ди­дарбекова:

– Биылғы тестілеу кезінде ере­желерді бұзғаны үшін 1 305 адам аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды. Сонымен бірге біз барлық бейнежазбаға талдау жасаймыз. Бұл үшін тағы екі ай бар. Егер тыйым са­лынған заттарды пайдалану фак­тілері анықталса, талапкер білім беру грантынан айырылады. Былтыр бұл норманы алғаш рет енгіздік, сонда 100-ден аса түлек гранттан айырылды. ҰБТ-ға дайындық және тапсыру барысында біз талапкерлерді бір­неше рет академиялық адал­дыққа шақырдық. Әлемдік тәжі­рибеде, ереже бұзушыларға қа­тысты одан да қатаң шаралар қолданылады. Өйткені болашақта мұндай мамандар халықты емдеп, балаларымызға білім береді, – деді.