Өнер • 07 Шілде, 2021

Өңірлерді шабыттандырған өнер шеруі

432 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Ел егемендігінің еңселі отыз жылында қазақ өнері мен өркениеті, әдебиеті мен мәде­ниеті ерекше жанданып, тың серпін алғаны анық. Ұлттық өне­ріміз жаңаша дамып, заманауи деңгейге көтерілді. Тәуел­сіз еліміздің талантты ұл-қыз­дары қазақстандық музыка мәде­ниетінің бүкіл байлығын өз биігінде көрсетіп, дүние жүзіне паш етуде. Бір Димашымыз ар­қылы бүкіл бір ұрпақтың бей­несін қалыптастырдық. Сон­дай-ақ Республикамыздың ірі мегаполистерінде бой көтер­ген жаңа мәдениет нысандары Үкімет тарапынан қолдау тауып, қарқынды жұмыстар атқарып, талантты өнерпаздарымыздың қалыптасуына барынша жағдай жасауда.

Өңірлерді шабыттандырған өнер шеруі

Айталық, мәдениет пен өркениеттің мекені болған Алатаудың бөктерінде жуырда дүркіреп өткен өнер шеруі өз қатысушыларына ерекше әсер сыйлады. Былтыр бірінші рет Нұр-Сұл­тан қаласынан бастау алған «Сәлем, Елорда!» республикалық өнер фестивалі биыл Алматыда жалғасын тапты. Сол үш күннің ұмытылмас сәттерін іс-шараның басы қасында жүрген мамандардың сөзімен жеткізуді жөн көрдік.

 

Ғазиза ҒАБДРАХЫМОВА,

Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы директорының орынбасары:

– Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойы мен жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығын жалау еткен өнер фестивалін биыл Алматыда филармонияның базасында өткізудегі басты мақсат не?

– Алматы және Алматы облысы - жер жәннаты Жетісу өңірі өнер мен мәдениетке тұнған көптеген тарихи-мәдени нысандардың, рухани құнды жәдігерлердің орналасқан мекені, жыр алыбы Жамбыл бабамыздың туған топырағы. Сондай-ақ 85 жылдан аса бай тарихы бар еліміздегі ең үлкен мәдениет мекемелерінің бірі Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясы тұтас бір дәуірдің, қазақ өнерінің өткені мен бүгінінің айнасы. Құрамында Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольк­лорлық-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрі, Мемлекеттік акаде­мия­лық симфониялық оркестрі, Б.Байқа­дамов атындағы мемлекеттік хор капелласы, Мемлекеттік үрмелі аспаптар оркестрі сыңды ірі әрі беделді ұжымдар, әлемге танымал солистер, жеке орындаушылар, талантты музы­канттар, сонымен қатар, дыбыс және жарық қоюшы техниктер, режиссер-продюсерлер, мықты менеджерлер, кос­тюмерлік цех және әкімшілік-бас­шы­лық қызметі жұмыс жасайды. Бұл де­ге­ніңіз, білікті мамандар шоғырланған шоқтығы биік қарашаңырақтың өңір­лерден келген қатысушыларға кә­сіби деңгейде үйретері мен берері көп де­генді дәлелдейді. Мәдениет және спорт министрлігінің тікелей қолдауымен жобаны үйлестіруші «Қазақконцерт» мемлекеттік концерт ұйымы» жа­нын­дағы «Республикалық концерттік-гастроль­дік қызмет орталығынан фес­тиваль жалауын үлкен жауапкершілік­пен қа­былдап, іс-шаралардың жақсы өтуіне филар­мония ұжымы ұйытқы болды. Келе­шекте Қазақстанның басқа қала­ларында өткізу жоспарда бар.

– Осы фестивальдің жалпы жөн − жобасы туралы толық айтып бері­ңізші.

– Ауылдар мен аудандардағы мә­де­ниет үйлерінде өзіңіз білесіз, сах­на­ны безен­діру, музыкалық аспап­тар­ды жаңарту, сахналық киім тік­тіру мәселелерінен бөлек цифрлы тех­ни­каның, жарық және дыбыс құрыл­ғы­ларының тапшылығы бар немесе об­лыс орталықтарындағы концерттік зал­дарда қойылған соңғы үлгідегі құ­рыл­ғылардың тілін жетік бі­летін маман­дар жетіспей жатады. Осы үш күн­ге ұласқан өнер шеруі ең алдымен Қазақстанның өңірлерінен келген мәдениет саласы қызметкерлерінің өз­ара тәжірибе алмасуына, рухани-шы­ғармашылық тұрғыдан олардың кә­сі­би шеберлігін дамытуға, өңірдегі мә­дениет ұйымдарының имиджін арт­тыруға және Алматы облысының не­гізгі объектілеріне ат басын тіреп, шы­ғармашылық шолу жасауға мол мүм­кіндік тудырды. Облыс, аудан, қала деңгейіндегі орындаушылар мен қыз­меткерлердің басын біріктірген осы­нау өнер шеруіне еліміздің барлық облыстарынан жүзге жуық қатысу­шы келді. Өңірлерден келген облыстық фи­лармония мен аудандық мәдениет үйлерінің өнерпаздары, менеджерлері, жарық және дыбыс қоюшы техник­тері, режиссерлері, көркемдік жетек­ші­лері мен әкімшілік қызметкерлері үшін арнайы шеберлік сабақтары өткізіл­ді. Жобаның ұтымды тұсы да осы деп есептеймін. Жөні де, жосығы да бөлек бұл фестивальге келген қонақтар­дың көздеріндегі өз кәсібіне деген махаббаты мен жаңашылдықты үйреніп-білуге деген ықылас-ниеттері бізді қатты толқытты. Олардың мықты мамандардың шеберлік сабақтары­нан алған әсерлері мен тың дүниелерге де­ген таңданыстарын екі ауыз сөзбен жет­кізу мүмкін емес.

– Өңірлерден келген қатысушы­лар ірі ұжымдармен бір сахнада жұ­мыс жасады, дайындық барысындағы ерекше сәттермен бөліссеңіз.

– Нұрғиса Тілендиев атындағы ака­демиялық фольклорлық-этнография­лық «Отырар сазы» оркестрі мен Мемлекет­тік акаде­миялық симфониялық оркестрі­нің сүйе­мелдеуімен филармонияның үлкен сах­насында фестивальдің қо­ры­тынды концерті өтті. Өңірлерден келген өнер­паздар танымал тұлғалармен, Фи­лар­монияның және Қазақконцерт­тің бел­ді солистерімен бірге ән шырқа­ды, күй тарт­ты. Бұған дейін ірі оркестр­­лер­мен жұмыс жасап көрмеген жеке ­орын­дау­шылар өздері үшін көп жаңалық аш­ты дер едім. Себебі жеке дауыс­та өз еркіндігімен нотасыз өнер көр­сетіп жүрген орындаушы үшін бү­тін бір оркестрдің сүйемелдеуінде дири­жердің жетекшілігіне бағына отырып өнер көрсету оңай болған жоқ. Көп дайындық жасалды, сахна және сұхбат беру мәдениетінен сабақтар берілді, ұжыммен жұмыс жасау жолдары үйретілді, режиссерді тыңдау, түсірілім барысында тұс-тұстағы каме­раларға жұмыс жасау, оркестрді се­зіну, дирижерге бағыну - фестиваль қатысушыларының көпшілігі үшін үлкен тәжірибе болды. Оркестрдің дыбыс үндестігінің ерекшелігі өңірлерден келген өнерпаздардың делебесін қоз­ды­рып, шабытын шарықтатқанын кө­­рерменнің ыстық ықыласынан-ақ бай­­қауға болады. Жалпы қызығы мен шы­­жығы қатар жүретін бұл сала­ның тізбектеп айтар тұстары өте көп қой. Ең бастысы еңбегіміз еш кетпе­ге­нін, қатысушылардың алғысын алға­ны­мызды мақтанышпен айта аламын. Шеберлік сабақтарының қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға білік­тілік сертификаттары табысталды.

 

Жандос ОМАРОВ,

Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясы директорының орынбасары:

– Бұған дейін облыстық филармо­-
ниялар арасында шығармашылық байланыс аз болды. Үлкен ұжымдармен, танымал тұлғалармен бір сахнада өнер көрсету екінің біріне бұйырмайтын еді. Осы фестиваль аясында ынтымақтастық пен әріптестік қарым-қатынасты жандандыру жолдарын кеңінен талқылап, еліміздегі мәдениет мекемелері өзара ортақ меморандумға қол қойды. Бір­қатар конференциялар барысында тал­қыланған өзекті мәселелер біздерге әр өңірдің жұмыс жасау әдіс-тәсілдерін, заманауи тәжірибелерді ұтымды пайдалану жолдарын білуге септігін тигізді. Концерттік бағдарлама құру және сценарий мен режисерлік жұмыстардың артық не кем тұстарын ажырату бойынша көп дүниелерді көкейімізге түйдік. Бізге осындай мүмкіндік жасаған ұйым­дас­­тырушыларға ризашылығымды біл­діремін.

 

Қарлығаш ӘЖИЕВА,

режиссер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Кәсіби режиссер ретінде өз көз­қарасымды білдіретін болсам, бұл жобаны ұйымдастыру өте өзекті дер едім. Неге десеңіз, көптеген өңірлердегі концерттік мәдени мекемелерде режиссер қызметі жоқ, бар болса оның бағасын білмейді, талабына бағынбайды. Кез-келген ұжымда міндетті түрде бұл маман болуы керек деп санаймын. Сондай-ақ әр облыстың өз қоржынында мол репертуары бар. Соларды қолдана отырып, бұдан да жоғары дәрежеде концерттік бағдарлама жасауға болады.

Фестиваль қатысушылары, осы үш күннің ішінде менің балаларымдай болып кетті, олар өз жұмыстарындағы қиыншылықтарды айта отырып, олардан шығу жолдарын талқыладық, келешекке көптеген жоспарлар құрдық. Алматының тыныс-тіршілігін, пандемия жағдайындағы шығармашылық адамдардың жаңаша бағыт алып қалай жұмыс жасап жүргенін және қаладағы көптеген өнер кеңістіктерін көрсетуге тырыстық. Жалындап тұрған жас әрі талантты әріптестеріммен танысқаныма бақыттымын және осы алғашқы таныс­тығымыз соңғы болмайтынына сенемін.

 

АЛМАТЫ