Аймақтар • 24 Шілде, 2021

Ақтөбенің мұғалімдері түгел вакцина салдырды

1478 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ақтөбе өңірінде медициналық қарсы көрсеткіші жоқ мектеп мұғалімдері түгелдей вакцина салдырды, деп хабарлайды Egemen.kz inform.kz сайтына сілтеме жасап.

Ақтөбенің мұғалімдері түгел вакцина салдырды

Ақтөбе облысы бойынша 460 мың адам вакцина алуы керек. Қазіргі кезде 211 мыңнан астамы бірінші, ал 118 мыңнан астамы компоненттің екеуін де қабылдап үлгерді.

Солардың ішінде құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлері түгелдей вакцина салдырды. Медициналық тұрғыда кері көрсеткіші бар азаматтар имммундау жұмысынан уақытша шеттетілді.

«Облыстағы мектеп мұғалімдері вакцинациялау жұмысы кезінде белсенділік танытты. Олар өздеріне артылған жауапкершілікті жақсы сезінеді. Әрі осы арқылы мектепке қайта оралып, дәстүрлі түрде білім алуға мүмкіндік бар», деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Ақтөбе облысы бойынша 18 мыңнан астам педагог жаңа оқу жылына дайын. Жаңа оқу жылында 10 мыңнан астам бала бірінші сыныпқа барады. Құжат қабыдау рәсімі әлі де өтіп жатыр.

«Біз үшін баланың қауіпсіздігі маңызды. Мектепке барып, ондағы жағдайды білдім. Мұнда арнайы QR код арқылы мәртебені анықтап, білуге болады. Коронавирус инфекциясына қатысты ақпаратты да үлкен экран арқылы біле аламыз», дейді ақтөбелік тұрғын Айсұлу Убайтжанова.

Ақтөбе облысы бойынша барлық емхана мен ірі сауда орындарында вакцинация пунктері кешкі 20:00-ге дейін жұмыс істейді. Өңірде иммундау шарасы жалғасып жатыр.

«Ақтөбе облысы бойынша біз 460 мың адамды қамтимыз деп жоспарлап отырмыз. Оның ішінде 18 мыңнан астамы педагог. Қазіргі кезде мүғалімдер түгел вакцина салдырды. Қазір мектепке дейінгі мекемелер мен орта арнаулы, жоғары оқу орындары қамтылып жатыр», деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.