Президент • 24 Шілде, 2021

Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің есебін тыңдады

381 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусиннің есебін тыңдады, деп хабарлайды Egemen.kz. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли мәлімдеді

Президент Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің есебін тыңдады

Қасым-Жомарт Тоқаевқа министрліктің биылғы бірінші жартыжылдықтағы атқарған жұмыстары, мемлекеттік қызмет көрсету ісін дамытудың өзекті мәселелері, сондай-ақ, Президенттің Қазақстан Республикасы Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларының орындалуы туралы есеп берілді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы ғаламтор сапасын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы мәліметтерді тыңдады. Бағдат Мусиннің айтуынша, министрлік ғаламтор сапасын тексеруді жиілеткен. Соның нәтижесінде байланыс операторларына сапасыз қызмет көрсеткені үшін айыппұл салынған.

Ведомство басшысы Президентке биылғы алты ай ішінде Қазақстандағы интернет трафигі 7900 петабайтқа дейін артқанын жеткізді. Бұл былтырғы бір жыл ішіндегі көрсеткішпен салыстырғанда 15 пайызға артық.

Министр интернет сапасына қатысты негізгі көрсеткіштер бойынша өсімнің оң қарқыны бар екеніне назар аударды. Қазақстан бір жыл ішінде мобильді ғаламтордың жылдамдығы бойынша Speedtest Global Index рейтингіндегі алатын орнын 15 сатыға жақсартып, 80-ші орынды иеленген. Қазақстан бекітілген интернет жылдамдығы жөніндегі рейтингте 65-ші орында тұр.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына шалғай ауылдарда жылдамдығы жоғары кең жолақты интернетке қол жетімділікті қамтамасыз ету үшін жер үсті орбиталық спутниктік байланыстың жетекші операторларымен бірлесе жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде баяндалды.

Бұдан бөлек Бағдат Мусин коронавирус індетіне қарсы күресте жаңа цифрлық технологиялардың қолданылуы мен мемлекеттік қызмет көрсету үдерісін оңтайландыру жөнінде есеп берді.

Есеп қорытындылары бойынша, Мемлекет басшысы министрлікке бірқатар нақты тапсырма тағайындады.