Әдебиет • 26 Шілде, 2021

«Соғыс және бейбітшілік»: Бірегей туынды ма, әлде «бос мылжың ба»?

2591 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Осыдан шамамен 150 жыл бұрын Ресейде аса ірі әдеби оқиға болды: Лев Толстойдың «Соғыс және бейбітшілік» романының алғашқы басылымы жарық көрді. Романның жекелеген тараулары бұдан бұрын да басылып келген еді. Толстой оның алғашқы екі тарауын Катковтың «Русский вестнигінде» бірнеше жыл бұрын жария ете бастаған. Дегенмен, романның «канондық», толық және өңделген нұсқасы жылдар өте жарық көрді. Бұл әлемдік деңгейдегі шедевр һәм бестселлер, бір жарым ғасыр ішінде көптеген ғылыми-зерттеуге арқау болды, оқырмандар тудырған түрлі аңыздан да құр қалмады. Әлқисса.

 

«Соғыс және бейбітшілік»:  Бірегей туынды ма,  әлде «бос мылжың ба»?

Толстой қалай бағалады?

Лев Толстой өзінің «басты туындылары» – «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Ка­ре­нинаға» немқұрайды қарайтын. Тіпті ол пікірін 40 жылдай уақыт өте келе де өзгертпеген. Мәселен, 1871 жылдың қаң­­тарында Фетке жазған хатында: «Енді «Соғыс» тәрізді мылжыңға толы дүние жазбай­тыным үшін сондай бақыттымын», дейді. Сон­дай-ақ күнделігінде, 1908 жылдың 6 жел­тоқсанында: «Жұрт мені «Соғыс және бей­бітшілік» және өздері үшін аса маңызды көрі­нетін т.б. бос дүниелер үшін жақсы көреді», деп жазады. Бұдан кейінгі естелік-жаз­балар да жетіп-артылады. Тағы бір мысал, 1909 жылдың жазында Ясная Полянаға келушілердің бірі классикке «Соғыс және бейбітшілік» пен «Анна Каренина» үшін ризашылығын білдіріпті. Сонда жазушы: «Бұл Эдисонға біреу келіп: «Мен сізді мазурканы тамаша билегеніңіз үшін қатты құрметтеймін» деуімен бірдей. Мен өз кітаптарыма мүлде басқа мән беремін», деп жауап береді. Толстой ақсақал имандай шынын айтты ма? Бәлки, бұл автордың еркелігі де болар, бірақ ойшыл Толстойдың күллі образы бұл болжамға түбегейлі қайшы келеді – ол өз деңгейінде байыпты және шыншыл болатын.

 

«1805 жыл»

«Соғыс және бейбітшілік» атауы бүгінде әлем оқырмандарының санасына әбден сіңіп, жатталып қалды. Романның осы атауының бірнеше нұсқасы болған: «1805 жыл» («1805 год») (осы атаумен роман үзіндісі жарық көрген), «Жақсы аяқталғанның бәрі жақсы» («Всё хорошо, что хорошо кончается») және «Үш кезең» («Три поры»).

Жазу барысында Толстой дереккөздерге зор байыптылықпен қарады: көптеген тарихи және мемуарлық әдебиетпен танысты. Мәселен, жазушының «пайдаланылған әдебиет тізімінде» мынадай академиялық басылымдар болды: «1812 жылғы Отан соғысының сипаттамасы» көптомдығы, М.Богдановичтің тарихы, М.Корфтың «Граф Сперанскийдің өмірі», М.Щербининнің «Михаил Семёнович Воронцовтың өмірбаяны». Сондай-ақ француз тарихшылары Тьердің, А.Дюма-әкейдің, Жорж Шамбренің, Максимельен Фуаның, Пьер Ланфренің материалдарын да пайдаланды. Тізімде масондық жөнінде зерттеу­лер де, оқиғаға тікелей қатысушылардың – Сергей Глинканың, Денис Давыдовтың, Алексей Ермоловтың және басқа да көптеген адамның естеліктері де бар. Наполеонның өзінен бастап, көптеген француз мемуарис­тің толық тізімі келтірілген.

 

559 кейіпкер

Зерттеушілер «Соғыс және бейбітшілікте» тура 559 кейіпкер бар дейді. Оның 200-і тарихи тұлғалар болса, қалған көпшілігінің шынайы прототиптері бар.

Ойдан шығарылған кейіпкерлердің фамилияларымен жұмыс істеген кезде (жарты мыңнан астам адамға есім мен фамилия тауып беру оңай шаруа емес, әрине) Толстой мынадай негізгі үш жолды ұстаныпты: шы­найы фамилияларды пайдаланды, шы­найы фамилиялардың түрін өзгертті, шынайы­лар­дың үлгілеріне сүйене отырып, жаңасын ойлап тапты.

Романның көптеген эпизодтық кейіпкері тарихи танымал фамилияларға ие. Мәселен, кітапта Разумовскийлер, Мещерскийлер, Грузинскийлер, Лопухиндер, Архаровтар және тағы басқалары аталады. Ал нағыз кейіпкерлер болса, әдетте, әжептәуір танымал болса да, шынайы емес, жасырын фамилиялармен бүркемеленген. Мұның себебі ретінде жазушының кейбір мінез-құлқының қырлары ғана алынған кейіпкерді қандай да болмасын нақты прототиппен байланыстырғысы келмегенімен түсіндіріледі. Олардың қатарына Болконскийді (Волконский), Друбецкойды (Трубецкой), Курагинді (Куракин), Долоховты (Дорохов) және басқаларын жатқыза аламыз. Әрине Толстой қиялдан да толық бас тарта алмады. Роман беттерінде нақты отбасымен байланысы жоқ, бірақ тектілігі білініп тұратын фамилиялар да ұшырасады (Перонская, Чатров, Телянин, Десаль және т.б.).

Көптеген кейіпкердің нақты прототип­терінің есімдері де белгілі. Мысалы, Василий Дмитриевич Денисов – Николай Ростовтың досы, оның прототипі әйгілі гусар және партизан Денис Давыдов болды. Ростовтар отбасының танысы Мария Дмитриевна Ахро­симованың образы генерал-майордың же­сірі Настасья Дмитриевна Офросимовадан алын­ған. Оның бейнесі әсерлі шыққаны соншалық, оны Александр Грибоедов өзінің «Горе от ума» комедиясында айна-қатесіз қайталаған.

Оның ұлы, бретёр, думаншыл, ал кейін партизандық қозғалыстың көшбасшыларының бі­ріне айналған Фёдор Иванович Долохов бо­йына бірнеше прототиптің – соғыс қаhарман­дары, партизандар Александр Фигнер мен Иван Дороховтың, сондай-ақ атақты дуэлянт Фёдор Толстой-Американецтің мінез-құлықтарын сіңірген.

Ал кәрі князь Николай Андреевич Бол­конский­дің, шау тартқан екатерининдік ақ­сүйектің образына жазушының нағашы атасы, Волконскийлер әулетінің өкілі арқау бо­лыпты. Қарт Болконскийдің қызы және князь Андрейдің апасы княжна Мария Нико­лаевна­ның образын Толстой өз анасы Мария Ни­колаевна Волконскаядан (тұрмыста Толстая) сомдады.

 

«Соғыс және бейбітшілік» – экранда

Сергей Бондарчуктың 1965 жылы экранға шыққан «Соғыс және бейбітшілік» фильмі көпшіліктің көңілінен шыққан туынды болды. «Соғыс және бейбітшіліктің» 1956 жылғы Кинг Видор қойылымы да әсерлі шықты, оның музыкасын Нино Рота жазса, басты рөлдерін Голливудтың жарқын жұлдыздары Одри Хепберн (Наташа Ростова) мен Генри Фонда (Пьер Безухов) сомдаған еді.

Роман алғаш рет Лев Толстойдың өлімі­нен бірнеше жыл өткен соң экрандалды. Петр Чардыниннің дыбыссыз фильмі 1913 жылы жарыққа шығып, картинадағы басты рөлдердің бірін (Андрей Болконский) әйгілі актер Иван Мозжухин ойнады.

 

Сандар сөйлесін...

Толстой романды жазу мен өңдеуге 1863 жылдан бастап 1869 жылға дейін аттай 6 жыл уақытын жұмсады. Оның шығармашылығын зерттеушілер есептегендей, автор роман мәті­ні­н қолмен 8 мәрте қайта көшіріп, жекелеген эпизодтарын қайта жазыпты.

 

Романның алғашқы редакциясы: екі есе қысқа және бес есе қызық?

Романның басқа нұсқасы бар екенін көпшілік біле бермейді. Бұл Толстой ақсақалдың 1866 жылы Мәскеуге, баспагер Михаил Катковқа жариялатуға алып келген алғашқы нұсқасы болатын. Бірақ сол жолы романды шығара алмады.

Катков оны өзінің «Русский вестнигінде» бөліп-бөліп жариялағысы келді. Ал басқа баспагерлер кітаптан мүлде коммерциялық әлеует көрмеді. Роман оларға тым шұбалаң және «маңызсыз» көрінгендіктен, оны автордың есебінен басып шығаруды ұсынды. Басқа да себептер қабаттаса кетті: үлкен шаруашылықты басқаруға және балаларға бас-көз болуға жалғыз өзінің шамасы келмей жатқан Софья Андреевна күйеуінің Ясная Полянаға қайтуын талап етті. Оның үстіне, таяу­да ғана көпшіліктің игілігіне берілген Черт­­ковск кітапханасынан Толстой өз кіта­бында мін­детті түрде пайдаланғысы келген көптеген материал тапты. Сондықтан романды жариялатуды қоя тұрып, онымен тағы екі жыл жұмыс істеді. Дегенмен, кітаптың алғашқы нұсқасы жоғалған жоқ: ол жазушының мұра­ғатында сақталған (қалпына келтіріліп, 1983 жылы «Наука» баспасы «Литературное на­следство»-ның 94-томында жарияланды).

Оны 2007 жылы басып шығарған белгілі баспагер Игорь Захаров романның осы нұсқасы туралы былай дейді: «Екі есе қыс­қа және бес есе қызық», «Философиялық ше­гіністер аз», «Оқуға жүз есе оңай: бар­лық француздық мәтін Толстойдың өз аудар­масындағы орысшаға ауыстырылған», «Бей­біт­шілік әлдеқайда көп, ал соғыс аз», «Хеппи-энд...».

«Соғыс және бейбітшіліктің» алғашқы нұсқасы туралы айтылған бұл пікірлер кім-кімді де қызықтырары анық. Шынында, біз оқыған романға қарағанда, алғашқы нұсқасы жақсы шыққан болар... Бәлки, Толстой қайта жазарда түрлі себептермен алғашқы баптан алыстап, мүлдем басқа күйде болған шығар... Алғашқы нұсқасын оқып көрейік...