Қоғам • 06 Тамыз, 2021

Қазақстан-Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі артты

426 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

«Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы 7 айдағы темір жол көлігімен жүк тасымалдау қызметін қорытындылады, деп хабарлайды Egemen.kz.

Қазақстан-Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі артты

«Самұрық Қазына» ақпарат алаңында өткен брифингіде «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Оралхан Құлақов былтырғымен салыстырғанда жүк тасымалында өсім бар екенін атады.

«Өткен айда «ҚТЖ» желісі бойынша 147 млн тоннадан астам жүк тиелді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 4,4 млн тонна артық. Республика ішінде 95,3 млн тоннадан астам, ал экспортқа 52,1 тоннадан астам жүк тасымалданған. Былтырғы қаңтар-шілдемен салыстырғанда Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалдау көлемі 5 пайыз өсіп, 12,7 млн тоннаға жетті. Екі ел арасындағы тасымалдарды арттырудың алғышарттарының бірі – жүктерді контейнерлерге тиеу», деді «ҚТЖ» өкілі.

Сондай-ақ ол қазір Үкімет деңгейінде бизнес қауымдастықтардың, «ҚТЖ» және басқа да мүдделі тарап өкілдерінің қатысуымен жүктерді контейнерлеу туралы жол картасы әзірленіп жатқанын айтты.

«Контейнерлеу мәселесіне кеңінен тоқталғым келеді. Бүгінде осындай фундаменталды тәсіл керек. Тасымалдаушылардың бәрін қазір Қытай бағытына жүк жөнелту бойынша проблема бар», деді «ҚТЖ» басқарма төрағасының орынбасары.